Сәрсенбі, 7 наурыз 2012 8:16
Оңтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ең жылы аймақтарының қатарына жатқанымен, кейде сол жылы мінезінің өзіне қиын болып тиетін сәттері бар. Биыл қар Қазақстанның барлық өңірлеріне көп жауды. Мезгілімен ақырындап ерісе, тосын жағдайлар аз болар ма еді. Бірақ, Арқада ақырған аяз түкірігіңді жерге түсірмей қатырып жатқанда, Оңтүстіктің күні мейірленіп, жайма-шуақтанып тұрды. Содан сай-сала, қолат-қолаттағы қар еріді. Табиғат-ана ақпанның ортасында-ақ жас босанып, қалжа жеп борша-борша терлеген келіншектей бусанды. Іле күліп тұрған күн ара-арасында қабағын шытып ала қойып жатты.
Сәрсенбі, 7 наурыз 2012 8:16
Оңтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ең жылы аймақтарының қатарына жатқанымен, кейде сол жылы мінезінің өзіне қиын болып тиетін сәттері бар. Биыл қар Қазақстанның барлық өңірлеріне көп жауды. Мезгілімен ақырындап ерісе, тосын жағдайлар аз болар ма еді. Бірақ, Арқада ақырған аяз түкірігіңді жерге түсірмей қатырып жатқанда, Оңтүстіктің күні мейірленіп, жайма-шуақтанып тұрды. Содан сай-сала, қолат-қолаттағы қар еріді. Табиғат-ана ақпанның ортасында-ақ жас босанып, қалжа жеп борша-борша терлеген келіншектей бусанды. Іле күліп тұрған күн ара-арасында қабағын шытып ала қойып жатты.
Сөйтіп, қар жауып тұрып жаңбырға, ал жаңбыр жауып тұрып қарға айнала салатын болды.
Соның салдарынан ақпан ортасында Арыс, Отырар, Ордабасы аудандары мен Шымкент қаласындағы 25-ке жуық елді мекендерді қарғын су басып қалды. Сайрамдағы Жаңаталап ауылының орталықпен байланыстырып тұрған көпірін тасқын жұлып кетсе, Түркістан қаласындағы Шаға ауылы су тұтқынында қалды.
Төтенше жағдайларды жоюды және оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 13 ақпанда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен облыстық штаб құрылған болатын. Ол бүгінгі таңда тынбай жұмыс жасап жатыр. Күрделі жағдайларға байланысты аталған штабтың құрамына тиісті басқармалар енген. Осы сынды жедел топтар сондай-ақ облыстың барлық қала, аудандарында құрылған. Әр аудан, қала, ауыл округтері әкімдіктерінде 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған.
Әкімдіктер мен мердігер мекемелердің арасындағы келісім-шарттарға сәйкес, апатты жою жұмыстарына 7000-ға жуық адам, 700-ден астам техника тартылды. Су алған аулалардағы суды тарту мақсатында Мемлекеттік материалдық резерв комитетінен тағы да 14 мото- сорғы жеткізіліп отыр. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдіктері тарапынан нақты іс-шара жоспары әзірленген. Жаңадан 13,8 шақырым дамба салынып, 19,3 шақырым жалдың жағалаулары бекітілді. 9 шақырымға жуық арық тартылды. 939,3 шақырым арық-атыздар тазартылды. 260 мың қапқа құм салынып, оның біразы бүгінгі таңда каналдардың, арықтардың жағалауларына қойылған.
Бүгінде Шардара су қоймасындағы су шекті мөлшеріне жетті. Оның жанын Көксарай су реттегіші сақтап тұрғандығын газетімізде жазғанбыз. Қырғыз ағайындардың Тоқтағұл ГЭС-і қыс кезінде энергетикалық режімге көшірілетіндігі еліміз үшін оңай болмай тұр. Ол жақтан Шардараға секундына 1 мың текше метрден артық су келеді. Бұрын бұл мезгілде 800 текше метрден аспайтын. Ал Арнасай тарапынан Өзбекстанның қарсы тоған салғандығы плотинаның су өткізу мүмкіндігін шектегенін де айта кетейік. Яғни, алдағы уақытта Шардара, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласының Сырдарияға жақын қонған ауылдарын су алу қаупі сейілген жоқ. Сондықтан, облыс әкімдігі тасқын бола қалған жағдайда адамдарды қауіпсіздеу жерлерге көшірудің жай-жапсарын ойластыруда.
Сарыағаш ауданының 8 ауылдық округі, 17 елді мекенін су алу қаупі болғандықтан, аудан әкімдігі бір ай бұрын 18 каналды тазартып, 11 қашыртқы дайындаған еді. Осындай жұмыстар Қазығұрт өңірінде де алдын ала қолға алынған.
Қарғын су көктем кешірек шығады деген Созақ ауданында да дегенін істеп тынды. 4 наурыз күнгі жауған жаңбырдың және Қаратау бөктеріндегі еріген қардың салдарынан бұл ауданға қарасты 7 елді мекенге су кірген. Төтенше жағдай орын алған күні 900-ге жуық адам қауіпсіз жерлерге, яғни туыстарының үйлеріне көшірілген болатын. Бүгінгі таңда қауіп сейіліп, адамдар өз үйлеріне оралып жатыр.
Қазіргі таңда ауданда жағдай бірқалыпты. Тиісті сала мамандары тарапынан арық-атыздарды бекіту, жаңадан бөгеттер көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жылда қауіп төндіретін Құрсай сайының алдын жауып, ол жақтан келетін суды Қызылкөлге қарай бағыттау жұмыстары да қолға алынды. Барлық тоғандар бақылауға алынған.
Жақында Арыс, Отырар аудандарына іссапармен бардық. Даладағы қардың көбесі сөгілген екен. Еріген жағдайда да жердің тоңы жібігендіктен, қауіп азайғандай. Себебі, су сынаптай сырғып ауыл-ауылға жетіп бармай, жерге сіңуде.
Ендігі қауіп таулы аймақтарда болуы мүмкін. Қалың қар жаңа-жаңа еріп жатыр. Түлкібас ауданының Машат ауылында Ораз арық деген канал бар. Ұзындығы 5 шақырым. Осыған беткейлерден еріген қар сулары ағып барып, оны арнасынан асырып жіберді. Сондықтан, бір шақырымдық қашыртқы қазылып, қарғын суды Машат өзеніне бұру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай қауіп Тастұмсық ауылына да төнгендіктен, апаттың алдын алу үшін елді мекендерде 4-5 қашыртқы қазылды.
Төле би ауданының Сарқырама елді мекенінде 200-ден астам үй бар. Сайда отырған ауылдың жоғары жағынан ені 5 метр, тереңдігі 6 метр, ұзындығы 2,8 шақырым болатын қашыртқы салынуда. Еріген қар суы осында құйылып, Ақсу өзеніне жіберіледі. Бұған қоса, аудандағы су тасу қаупі бар 5 көпірдің жағалаулары биіктетілді. Осындай жұмыстар Сайрам ауданының таулы бөктерлерінде де жүргізіліп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.