Сенбі, 14 сәуір 2012 7:05
Ол қызықтан құр қала ма?
«Менің қызым анау-мынау емес, Еуропада білім алды…» деп, купеде күпініп отырған кекселеу әйелге:
– Қызыңыздың жасы нешеде? – деп, төтеден сауал тастадым.
Күйеуге шыққан қыз
Сенбі, 14 сәуір 2012 7:05
Ол қызықтан құр қала ма?
«Менің қызым анау-мынау емес, Еуропада білім алды…» деп, купеде күпініп отырған кекселеу әйелге:
– Қызыңыздың жасы нешеде? – деп, төтеден сауал тастадым.
– Жиырма бесте.
– Тұрмысқа шықты ма?
– Жоға…
– Неге?
– Ойбай-ау, күйеу қайда қашады, сонша асығатын не бар, қызым жас, әлі де өмірдің қызығын көрсін… ойын-тойға барсын, армансыз күліп-ойнасын…
Сәл ойланып отырдым да: «Өмірдің қызығы деген не? Ойнап-күлсін дейсіз, сонда ол қандай қызық?» деп әдейілеп сұрақ қойдым.
Кексе әйел сәл тосылыңқырап барып: «Өмірдің қызығы деген… енді әртүрлі нәрселер ғой… Жер көріп, ойнап-күліп, машина мініп, жұмыс істеп, сәнді киім киіп, дегендей…» деп сөзінің аяғын жұтып қойды.
Мен:
– Қызыңыз сонда күйеуге тимей қандай қызық көру керек? Күйеуге тиген қыз күліп-ойнай алмай ма, әлде сәнді киім кие алмай ма, машина міне алмай ма? Әлде күйеуге тидің деп астындағы машинасын ГАИ тартып ала ма? Тұрмысқа шыққан қыз қандай «қызықтан» құр қалуы мүмкін? – деп бастырмалата жөнелдім.
Байқаймын, менің сөздерім көршімнің жүрегіне кілкіген майдай тиіп отыр. Жақтырмай қалды. Ұйқысынан оянған айдаһар сияқты маған ызбар шаша қарады. Жүзіне қарасам, ала жаздай сары шіркей ұялаған сары судың түсіндей сазарып алған…
– Елден аттап шықпаған сендер не білесіңдер, қызықтың бәрі шетелде ғой. Ештеңеден құр қалмайды. Күйеу де сол жақтан табылады.
Осыны айтты да кексе әйел купеден шығып кетті. Мен жаутаңдап, көрші отырған сарыкідір көкеме қарадым. Көкем мыңқ етпейді. Әлден кейін ыңыранып: «Менің де қызым шетелде оқиды, күйеу балам да сол жақтан…» деді. Мен тыныш отырмай: «Қазақ шығар?», дедім. Көкем алдындағы семіз қазыдан бір кертіп асап алды да, маған ажырайып қарады. «Жоқ» деді, «қазақ емес».
Ал, айтарға сөз тапшы! Пойыздан түсіп қалмасың анық. Әрі қарап аунап түсіп, көкірегіңді ұлытасың-ау бір.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.
АСТАНА.