Жұма, 24 ақпан 2012 7:59
– Маған мына ақ қағазға бір уыс топырақ салып әкеп беріңдерші, – деп Арқалықтан келген Мұса жеңіл мәшиненің ішінен сыртқа шыға алмай, өз деміне-өзі булығып, аяз қарыған әйнектен жас қабірдің маңында үскірікте әрең шыдап, шалт қимылдап, соңғы парыздарын өтемекке ұмтылып жүргендерге көзінің жасы сорғалап, егіле қарап күйзеліп отыр. «Қайран, жан ағам-ай! Сен де бақилық болғаның ба?» Мұса кеңкілдеп кетті. Туған ағасы Мырзабайдың, кәдімгі қазақ баспасөзінің ардагері, көрнекті көсемсөзші Кеңбейіловтің, өмірдегі жалғыз тірегінің жүзі топыраққа жасырылар сәт жақындаған сайын жүрегі атқылап, демікпесі бүкіл денесін буып, әлсіретіп, азапқа сала бастады.
Жұма, 24 ақпан 2012 7:59
– Маған мына ақ қағазға бір уыс топырақ салып әкеп беріңдерші, – деп Арқалықтан келген Мұса жеңіл мәшиненің ішінен сыртқа шыға алмай, өз деміне-өзі булығып, аяз қарыған әйнектен жас қабірдің маңында үскірікте әрең шыдап, шалт қимылдап, соңғы парыздарын өтемекке ұмтылып жүргендерге көзінің жасы сорғалап, егіле қарап күйзеліп отыр. «Қайран, жан ағам-ай! Сен де бақилық болғаның ба?» Мұса кеңкілдеп кетті. Туған ағасы Мырзабайдың, кәдімгі қазақ баспасөзінің ардагері, көрнекті көсемсөзші Кеңбейіловтің, өмірдегі жалғыз тірегінің жүзі топыраққа жасырылар сәт жақындаған сайын жүрегі атқылап, демікпесі бүкіл денесін буып, әлсіретіп, азапқа сала бастады. Сәл қимылдаса болды, қиылып кетердей. Оның үстіне қырық градус тілімен маңайын жалап, қалтыратып тұрған үскірік аяздан сыртқа шыға алмай, бүріскен күйі мынау. Осы дәрменсіздігіне налиды. Ұзақ жыл күйдіргідей қарып келген осы дерттен жаны қуырылып, көкірегі апшылып бітті. Ағасының қазасын естірткенде: «Барамын, барамын, бауырыма қалай топырақ салмай тірі жүрмекпін», – деп бастырмалатып, өрекпи сөйлеп, әрең басылған-ды.
Пойызбен құр жанын сүйретіп келген. Кешелі бері ағасының қадірін тіптен жете біле түскендей ме. Астанасы қайғырып жатыр. Билік органдарынан да лауазымды адамдар келіп, Мырзабайды қимастықпен соңғы сапарға шығарып салуда. Жақсының жақсылығы осындайда көзге бадырайып көрінеді екен. Ғұмырын текке сүрмепті жан ағасы. Бақытты, мағыналы, өнегелі із тастапты артына. Жамбыл облысының аудандық газетіндегі қолтаңбасын сол жақтан көңіл айтушылар тынымсыз тізбелеп жатты. Туған Торғайында облыстық газеттің редакторы болғанда, осы өңірдің рухани жылнамасын көркем жазудағы еңбектері талай әңгіме арқауына айналды. Атақты жазушы С.Мұқанов, көрнекті ақын С.Мәуленов елге келгенде Мырзабайды ертіп ала кететін. «Қарымды қаламгер» деп оның жауырынынан мейірлене қағып қоятын. Ал Торғай облпартком хатшысы Ө.Жәнібеков болса, қандай жауапты міндетті де оған сеніммен тапсыратын. Айтулы сыншы З.Серікқалиұлымен достығы – үзілмейтін өнеге іспетті. Үнемі айтыла беретініне көз жете түседі. Талдықорған аймағындағы баспасөз сарбазы ретіндегі тындырымды істері өз алдына бір төбе. Ал еліміздің баспа, полиграфия саласындағы басқару аппаратында атқарған ұзақ жылғы жемісті еңбегі әрдайым елене бермекші. Басқасын былай қойғанда, «Қазақстан» баспасындағы өзіндік іскерлік, адамгершілік өршіл бейнесі ұрпақтар жадынан өшпек емес. Өзі бас болып шығарған қаншама кітаптар келешек кәдесіне жарай беретін болады. Ағасының осындай еңбектері туралы тиіп-қашып айтылған сайын Мұсаның жүрегі бір суып, бір ысып: «Өмірге текке келмеген екенсің ғой, бауырым», деп иіле түскен еңсесін тіктеуге тырысады.
Өмірінің соңғы жылдарында, зейнетте жүрсе де шәкірттері «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке алып, қарт журналистің тәжірибесін пайдаланып, екінші жағынан рухани тірлігіне қолдасуды ниет етіп, адамгершілік жасаған еді. Осы қарашаңырақпен 70 жасқа толғанда тойын жасап қоштасып, бірыңғай шығырмашылықпен айналыса бастаған. «Төлеубай Ыдырысов ағамның қызмет еткен қасиетті босағасында жүрсем деген арманым жүзеге асты», – деп бір жолы өзіне сырын ашқан еді. Төлеубай ағаларының қазақ баспасөзіндегі рөлі ерекше ғой. Елдегі бұл екеуін стипендиясымен оқытып, адам қылған адамгершілігін айтсайшы. Көп кешікпей тағдыр соққысы да ағасын аямай қыспаққа алған. Алдымен ұзақ жыл сал ауруына шалдыққан зайыбы көз жұмып, кейін қызы мен күйеу баласы жол апатынан бақилық болды. Шыдап жүрген бәріне көнбіс жүрек. Күйзелісін сыртқа шашпайтын мықты жүрек бұның алдында талмаға ұшыраған.
«Егемені» де егіліп, басшылары түгел жиналып, ұжым болып қоштасып жүр, әне ағасымен. «Білгендігі ғой, қастерлі ұжымның» деп, Мұса қабір басындағы қарбаласқа көзі тұманданып, шарасыздана қарап қояды.
Өмірден озарын болжағандай Мырзабай ағасы соңғы күндерінде өзгеше күйбеңге түсіпті. Қағаздарын қарағыштап, әлдене жазулар жазып қалдырып, өзінің «Дала рауаны» мен «Замандастар заңғары» кітаптарын қолына алып сипалап, ұзақ ақтарыстырып, тыншымаса керек. Демі үзілерінің алдында ғана балаларын шақырып, өсиет айтқан… Өмірдегі адамгершілігінің, азаматтығының, адалдығының соңғы мезіретін солыңқыраған жанарынан ыстық тамшымен сорғалатып сыртқа шығарған Мырзағаң сөйтіп жөнеле беріпті-ау!..
Мырзабай ағасының жамбасы әне-міне жерге тигелі жатқанын Мұса көлік ішінен бақылап отыр. Байырғы, байыпты Мәриягүл жеңгесінің жанына жайғаспақ. Оған да шүкірлік етті. Қызықты ғұмыр кешті, бірі ерте, бірі кеш озды өмірден. Енді мәңгілікке қауышқандай ма? Осылай жаны күйзеліп отырған Мұсаға ақ қағазға оралған топырақ жеткізілді. Деміне ышқына шашалған ол қалтасынан өзге бір бума шүберекті алып, ішінен шөкім топырақты саусақ ұшымен шымшымалап бүріп, әлгі жас топыраққа қоса беріп, әлдекімге ұмсына түсіп, серейіп, сұлқ кетті… Қос уыс топырақ қана елеске айналып, басылған еңсесі өзіне бағынбай бара жатқан. Ту-у алыстан құлағына анасының: «Балаларым-ау, мынау менің топырағым ғой… топырақтан жаратылған едік, енді сол топырақ Мырзабайымды да тартқаны ғой!.. Топырағымыз қосылғаны ма!» – деген уілі үскіріктен талып жетіпті…
…Көлік орнынан қозғалғанда ғана Мұса қыбырлап есін жиғандай болып, қос қолын дұғаға жайған қалпын бұзбай, Құран сөзін іштей бастырмалата қайталады!
Ей, шолақ дүние! Қосақталған қос бауыр еді!.. Сыңарсыз қалды…
Қайсар ӘЛІМ,
Астана.