Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:16
Бала кезде кісіні былай ата деп жөн сілтейтін жанның жоқтығынан ба (әкем, үш бірдей немере ағам соғысқа кеткен, шешем өлген, асыраушымыз – әкемнің ең үлкен жеңгесі ең кенжесі мен маған тамақ тауып беру қамымен әуре) кімді болса да жұрттан естіген есімімен атауға дағдыланыппын, өзімнен алды отыз, арты екі жас үлкендігі бар немере ағаларым мен әпкелерімнің бәрін, басқаларын да қасқайтып қойып атымен атайтынмын. Сол көргенсіздігімді отыздан асқанша қоя алмай жүрдім.
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:16
Бала кезде кісіні былай ата деп жөн сілтейтін жанның жоқтығынан ба (әкем, үш бірдей немере ағам соғысқа кеткен, шешем өлген, асыраушымыз – әкемнің ең үлкен жеңгесі ең кенжесі мен маған тамақ тауып беру қамымен әуре) кімді болса да жұрттан естіген есімімен атауға дағдыланыппын, өзімнен алды отыз, арты екі жас үлкендігі бар немере ағаларым мен әпкелерімнің бәрін, басқаларын да қасқайтып қойып атымен атайтынмын. Сол көргенсіздігімді отыздан асқанша қоя алмай жүрдім.
Әйтсе де, неге екенін қайдам, бір кісіні, өзімнен үш-ақ ай үлкендігі бар кісіні әу бастан «Ереке» деп ныспыладым да, әлі күнге солай атап келемін. Ол кісі – бұл күндер ғасырдың төрттен үшін артқа тастап отырған журналист, жазушы Еркінбай Әкімқұлов.
Сол кісінің аты-жөнін бажайлауымның өзі оқыс. 1958 жылдың жазында университеттің бірінші курсын тәмамдап, табандатқан 3 жыл бойы көрмеген туған аулыма бет алатын болдым. Сапарласым өзін «ақынмын» деп таныстырған Қаныбек Сарыбаев. Ақын болғасын, әрине, түлені түртіп тұрады. Жолшыбай «жаңа жазғаным еді» деп өлеңдерін оқыды. Ауылға жетіп, ағайын-туған, жолдас-жорамен сәлемдесіп жүргенімде «Оңтүстік Қазақстанның» бір саны қолыма түсе қалғаны. Газеттің төртінші бетінен бастайтын кезіміз ғой. Үш өлең жарияланыпты. Таныс сарын сияқты. Аяғында Еркінбай Әкімқұлов деген ныспы тұр. «Оу, бұлар Қаныбектің жолда маған оқып берген өлеңдері ғой» деймін ішімнен. «Әлде ол өзімдікі деп басқа біреудікін оқып бергені ме» деген дүдамал да жағаласа кетеді.
Күз жақындап қалды, тың астығын жинауға аттандық. Ай жүріп одан да оралдық. Оқу да басталды. Іле «Әдебиет үйірмесінің жұмысы басталады, Еркінбай Әкімқұлов өлең оқиды» деген хабарландыру да ілінді. «Еркінбай Әкімқұлов деген кім болды екен?” деген жаз күндерінде көкейімді тескен сұрақ ойыма орала қалып, өзгелермен қабаттаса мен де бардым. Алдымен автор таныстырылды. Журналистика бөлімшесінің бесінші курс студенті екен. Өлеңдері тәп-тәуір. Қол соқтық-ау деймін. Бірақ жаз күндерінде көкейге ұялаған түйткіл түрткілеп қоймайды. Қасымдағы жолдасым түрткілесе де тікірейе қалатын жаман әдетім бар. Сол әдеттен арыла қою қиын ғой деймін, соның ауыздығын қарс-қарс шайнайтындаймын. Жазда газеттен өлеңдер оқығанымды, оларды жазған ақынды білетінімді, қайсысының өлеңі екенін анықтап алғым келетінін мысқыл араластыра қатқылдау айттым ғой деймін. Тіпті, тұқыртып алғым келетіндей әуейілік те жоқ емес.
Әйтсе де өлеңдерін оқыған, өңі сұстылау, дене бітімі тарамыстау, туа бітті сабыры бар секілді жігіт сасқан жоқ, менің іліп-қақпамды елемейтін сыңаймен:
– Одан бір апта бұрын сол газетте менің үш өлеңім жарияланған. Редакция жігіттерінің салақтығынан болар, сол өлеңдердің авторы Қаныбек Сарыбаев деп көрсетіліп кетіпті. Қатемізді түзейік деді ме, кейін жарияланған оның өлеңдеріне менің атымды жапсыра салыпты. Тегі «мыналар пәленшенің өлеңі, қаламақысын басқаға қойыпсыңдар» деп тықақтайтын тексерушілер тоқпағынан қаймыққан шығар, – деді де доғарды.
Бұлтартпас жауаппен алаңғасар, яки пәлеқор біреу дауласар. Жым болдым. Жиыннан кейін арнайы қол алысып, танысқаным да жоқ. Университетті бітіргеннен кейін Ерекең «Лениншіл жасқа» орналысыпты, мұны мақалаларынан білем, кейін сол газеттің оңтүстік облыстардағы тілшісі болды. Оны да жазатын хабарларынан, мақала, очерктерінен білем. Бірақ сонда да арнайы танысқан тұсымыз жоқ. Диплом қолға тиген соң, мен Жезқазғанға кеттім, одан Түркістанға ауыстым. Сол тұста аудандық комсомол конференциясы өтті де, аукомолдың штаттан тыс хатшысы, «Комсомол прожекторының» басшысы болып сайлана қалдым. «Лениншіл жастан» сондай конференциялардан есепті оқып тұрамын, сол газетте Сайын Мұратбеков әңгімелерінің екінші жинағы, Шәкен Аймановтың «Алдар көсесі» хақында, тағы бірдеңе-шірдеңелерім жарияланған. Олар дәтке қуат. «Конференция туралы есеп неге жазбаймын?» деген ой келе қалды. Жаздым да. Бірақ жуық маңда жариялана қоймады. «Жаратпағаны ғой» дедім де қойдым. Айдан аса, тіпті екі айға жуық өтіп кетті ғой деймін, бір күні «Лениншіл жастан» хат келе қалғаны. «Е, неге жаратпағанын хабарлаған болар» деген жорамалмен самарқаулау аштым. Әдетте хатқа кім қол қойғаны көзімізге алдымен көлбеңдейді ғой, Ерекең қол қойыпты. «Не дептіге» содан кейін кірістім. «Нұрмахан, депті, естідің бе, естімедің бе, жақында аппаратқа, комсомол тұрмысы бөліміне ауыстым. Хаттар біраз жиналып қалған екен, соларды ақтарып отырып, сенің жазғаныңды ұшыраттым. Бірден айтайын, есебің есеп емес, кәдуілгі талдау мақала іспетті. Жігіттердің жариялауға неге ұсынбағанын түсіне алмадым. Есеп беру-сайлау науқаны өтіп кетті ғой, енді ұсыну орынсыз. Оған ренжіме. Жазып тұр» деген сыңайда. «Е, бұл кісі есті ағамыздың бірі болды ғой» деп жорыдым да қойдым. Жауап хат та жазғаным жоқ. Көп ұзамай кезекті демалысыма шығып, Алматыға тарттым да кеттім. Курстас, сыйласатын достар бар. Қыдырасың. Арғы жағы белгілі. Күндердің күнінде Ерекеңе кездейсоқ жолығып қалдым. «Қайдан жүрсің?» Жауабым белгілі. «Мен Теміртау, Қарағандыдан түнделетіп жетіп едім, «Комсомол прожекторы» жетекшілерінің республикалық мәслихаты болып, содан оралған бетім. Мәслихатта сенің де атың аталды. Орталық Комитеттің Құрмет грамотасымен наградталыпсың. Бірақ алуға шықпадың. Іздеп едім, жиналғандар тізімінде жоқ екенсің» деді. «Демалысқа шығып едім, хабар мен жүріп кеткеннен кейін жеткен болар. Естімедім» дегеннен басқа не айтпақпын. «Менің хатымды алдың ба?» деді. «Алдым. Рахмет». «Жазбай кеттің ғой» деді. «Жазамын ғой». Әңгімеміз осымен тәмамдалды. Алдында ғана Кәкімжан ағамызға (Қазыбаев) кіріп шыққанымда «Екінші сентябрьден қалмай жет. Кешіксең, өз обалың өзіңе» деген. Оны айтқам жоқ.
…Уағдаласқан (Кәкеңмен) уақыт жақындап қалды. Редакторым Тұрабай Мырзахметов ағамызға кірдім өтінішімді айтып. Шорт кетті. «Не деп тұрсың? Сені маған обком жіберген. Райкомдағы қулар созбақтап жүріп алғансын өзім барып, өзім айтысып жүріп алғанымды естігенсің, көргенсің. Бар да жұмысыңды істе, миымды ашытпай» деп шорт кесті. Аупарткомға барып едім, маңайлатпайды. Ақыры, күнде келе беру қызметтегілерді жалықтырады-ау деймін келісімін алдым-ау әйтеуір. Бірақ Кәкең айтқан мерзімді өткізіп барып. Не керек, Алматыға қырқүйектің 12-сінде жеттім. Уағдадан он күн кешігіп. Кәкең ренжіді. «Ең болмаса осылай да осылай деп телефон соқпайсың ба», – деді. Ол ойға келмепті. «Уақытылы жет. Үлгермесең өкпелеме дегенім, тіпті жете алмасаң, кімді алатынымды айтқанымды ұмыттың ба? Орныңа адам алып қойдым. Он күннен соң оған «орын босат» деймін бе?» деп тағы шұқшиды. Не дейін, кінә өзімнен. Содан кейінгі «сандалбайымды» сараламай-ақ қояйын, бас сұғар қуыс табылар емес. Күндер зымырап өтіп барады. Қыркүйегің бітуге тақады.
Күндердің күнінде тура алдымнан Ерекеңнің сап ете қалғаны. «Қайдан жүрсің, – деді баяғы әдетімен. Көңіліңді торлаған ой салмағы пендені қалжыратып қана қоймай, еңсеңді езіп, жүнжітіп жібереді екен. Сергелдеңімнің түгін қалдырмай ақтардым.
– Түсіндім, – деді Ерекең менің барынша қысқартып айтуға тырысқан хикаятымды едәуір уақыт тыңдап барып. – Бір қарбаласқа тап келгенің-ай. Демалыста едім. «Қазақстан пионерінен» Әбілпейіс оқыс босатылып, орнына Сейдахмет, оның орнына Қалдарбек, оның бөліміне Мәткәрім барады дегенді есітіп, «келіп-кетіңіз» деген соң келе жатқаным еді. Мәткерім менде ғой. Әлгі сыбыс рас болса, «орын дайын» деп есептей бер. Ертең емес, бүрсігүні міндетті түрде соқ, қайткенде де аламын,– деді асыға қоймайтын сабырлы үнімен.
Ойпыр-ай, сәтін салса адамның жолы бола береді екен ғой. Жүнжіп кетердей болған жүдеу көңіл жапырақ жайып сала берді.
Ерекең айтқанын орындады. Жұмысқа кірістім. Алдыма бір топ хат қойды. Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстық газеттерінде төрт айдай практикадан өткенде де, аудандық газеттердегі қызметімде де хат қорытуға құныға кірісетінім мұндай абырой болар ма?! Қорытып, бастырып алдына қойдым. Оқып шықты да:
– Осының бәрі хат иелерінің өздері жазған нәрсе ме, әлде?.. – деді.
Өздері жазғаны да, айтарын дәл жеткізе алмай кібіртіктеп, ой-пікірін пышыратып алғандар да бар.
Ерекең жарты сағаттай тапжылмай отырып, қалғанын түгел оқып шықты да:
– Бұдан былай қорытқан хаттарыңды секретариатқа тікелей бере беруіңе болады екен. Менің де жүгім жеңілдейтін секілді. Бөлімге келгелі командировкаға шыға алмай жүр едім, ел аралауды сағынып қалғандаймын,– деді. Шықты да, жазды да. Насихат бөлімінің меңгерушісі Таупиқ Сарбақановтың бір ілездемеде:
– Осы біздің Еркінбайдың былай қарағанда түсі суық. Ал жүрегі жылы, көңілі нәзік екенін жазғанын оқығанда ғана аңғарасың, – дегені есте.
Ерекеңнің редакциялық алқа мүшесі ретінде бірде «Әрбір бөлім айына бір проблема, елді, жастарды елең еткізетін проблема көтеріп отырса, газетіміз жақсара түседі» деген ұсынысты қадап айтқаны да есте. Соны қолдау ретінде монументтік насихат мәселесін, облыстарымыздың мәдениет мекемелерінде қазақ оқу орындарын бітіргендер жоқ екенін аңдадым. Бітіргенді қоя тұрыңыз, осы салада жоғары білім беретін оқу орны да жоқ екен Қазақстанда. Сол жазғандарымның ықпалын «Әкелер даңқы жолымен» жорығының республикалық ІІІ слётында өз көзіммен көрдім, алапат соғыста опат болған боздақтардың өздері болмаса да, есімдері тіріліп, жер-жерде орнатылған ескерткіштерге жазылғанының куәсі болдым, көп ұзамай Шымкентте мәдениет институты ашылды, арнаулы орта білім беретін оқу орындарының жұмысы анағұрлым жетілдірілді.
Талай тақырыптарды бірлесіп те жаздық. Олар көбіне газеттің бір бетін, кейде тіпті екі бетін алып жататын. Ондайда қайсымыз қай бөлімін жазатынымызды ақылдасып алатынбыз.
Уақыт өтіп жатты. Шерхан ағамыз менің келгеніме бір жылға жетер-жетпес уақытта мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындаған. Бөлмеде күндіз сыналап кіретін жер де жоқтың қасы. Бір күні жұмыс аяғынан соң Ерекең кірді.
– Таупиқ кандидаттығын қорғап алды ғой, соның орнына мені қолай көретіндей сыңайлы. Менің орнымды Шәкең саған ұсынса, қарсы болмайсың ба? – дегені. Үйреніп қалған бөлім ғой, неге қарсы болайын.
Ерекеңнің айтқаны келді. Қайтадан бір бөлмеде, қатар үстелде отырып жұмыс істейтін болдық. Қылжың-қалжыңымыз жоқ, көбіне пікірлесеміз. Тағы да бір жылдай басымыз бір бөлмеде. Комсомолдың есеп беру-сайлау науқаны тағы да кеп қалған. Сіңбіруге мұршам жоқ шақ.
– Көрік дос саған құда түскісі келеді, – деді жай ғана. «Көрік» деп отырғаны комсомолдың орталық комитетінің меңгерушісі, кейінірек үлкен орталық комитетте істеген, 1987 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Дүйсеев. Ерекеңмен курстас, бірге оқыған. Ерекең менің кеңсе жұмысына зауқым онша еместігін аңғара қоймайтын секілді. – Баспасөз секторына. Төрт газет, екі журнал ғой, қинала қоймассың, – деді. Айтып отырғаны «Лениншіл жас» пен «Ленинская смена», «Қазақстан пионері» мен «Дружные ребята», «Білім және еңбек», «Балдырған».
1968 жылдың ақпаны еді. Артынша Көрік шақырды. Бастығымыз ғой. Таныспыз. Сырттай болса да бір-бірімізді сыйлайтын сыңайлымыз. Ыстық ботқадай жабысты. «Қалекең де (Қалаубек Тұрсынқұлов), Өзекең де (Өзбекәлі Жәнібеков) сені мақұл көріп отыр. Бірге істейміз», – дейді. «Көрік-ау, жас болса отызыңды толтырып тастады. 28-інде қош айтысып жатады емес пе комсомолмен? Болдық қой комсомолец, кезінде. Енді менен қай бір комсомол қайраткері шығар дейсің», деймін. Көрік естімегендей сыңай танытады. Ақыры көндірді. Содан кеңсе қызметкері болып мен кеттім, көп ұзамай Ерекең әдебиет бөліміне ауысты, артынан партия қызметіне кетті. Мен болсам екі жылдан кейін комсомолмен қоштасып, «Социалистік Қазақстанға», одан Партия тарихы институтына, одан ҚазТАГ-қа, одан Қарағандыға кеткем, қауышу қайда, хабарласудың өзі мұң болды. Ерекеңді қайдам, өз басым көзіме түссе, жазғандарын оқумен қанағаттанам. 1991 жылдың аяғына қарай Алматыға оралған соң азды-көпті жолығысып тұратын болдық. Ерекең көркем әдебиет аулына біржола көшіп алыпты. Оның бұл салада тындырған шаруасы, әрине, маман әдебиетшілердің, сыншылардың егіні. Олармен қабаттасарлық дәрмен менде жоқ.
Жалғыз-ақ нәрсені айтсам деймін. «Қолыңнан келсе – жақсылық жаса» дейтін таптандылау болып кеткен бір сөз бар ғой. Осыдан 47 жыл бұрын оңашада айтқан бір сөзім бар: «Әкем жасай алмаған бір жақсылықты сіз жасадыңыз, Ереке!» деп, сол сөзімді ешқашан ұмытқан емеспін. Осы күнге дейін «Ереке» деймін үш айлық үлкендігі бар ағама. Ерекемнің жасаған жақсылығы «ашаршылықта жеген құйқаның дәміндей» мен үшін бүгінге дейін.
Нұрмахан ОРАЗБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.