Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:02
Зайсан қаласында құйрықты жұлдыздай өмірден ерте ағып өткен, қазіргі қазақ поэзиясында дүркіреп өткен нөсер жаңбырдай өзіндік қолтаңбасы бар ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Нұрлан Мәукенұлының есімін есте қалдыру үшін елеулі шаралар ұйымдастырылды. Өңірдің ардақты ұлына көше атауы беріліп, салтанатты жиын болып өтті.
Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:02
Зайсан қаласында құйрықты жұлдыздай өмірден ерте ағып өткен, қазіргі қазақ поэзиясында дүркіреп өткен нөсер жаңбырдай өзіндік қолтаңбасы бар ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Нұрлан Мәукенұлының есімін есте қалдыру үшін елеулі шаралар ұйымдастырылды. Өңірдің ардақты ұлына көше атауы беріліп, салтанатты жиын болып өтті.
Осынау шарада Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин: «Қазақ қашанда ел ағасына, қазыналы қартына, ақылы асқан жасына жол беріп, айтқанынан шықпай келе жатқан халық. Арғы-бергі тарихқа ой жіберсек, сөз ұстаған парасат иесін, елін жақсылыққа бастаған тұғырлы тұлғаны, елінің-жерінің мәртебесін асқақтатып жүрген өнер адамдарын, ұлттық үрдістің жалғасы, болашақ жас ұрпаққа жеткізу біздің басты бағытымыз болу керек» деген пікір айтып, осындай шаралардың өтуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болып, үнемі назарда ұстап отырғанына да тоқталды. Ал өз кезегінде сөз алған Зайсан қаласының әкімі Марат Уәли көше тұрғындарының келісімі негізінде қабылданған аудандық мәслихат депутаттарының шешімін көпшілікке оқып беріп, осы көшені жөндеуге 15 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалғандығын айтты. Көшенің абаттануына зайсандық көпшілік риза. Бұл мәртебелі жиынға Нұрлан Мәукенұлының курстас достары мен замандастары – «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ вице-президенті Еркін Қыдыр, Еуразия ұлттық университетінің ұстазы Айтмұханбет Есдәулетов, «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, жазушы Жаңабек Шағатай, «Қазақстан» газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбек, «Семей таңы» газетінің директоры – бас редактор Риза Молдашева, белгілі журналист Ермұрат Бапи, жазушы Талғат Кеңесбаев, ҚазМУ-дың оқытушысы, Ажар Бейсенбаева қатысты. Сонымен қатар, ақынның анасы Дәмеш, жары Гүлмира, енесі Бикамал және туыстары да түгел жиналыпты.Жиын барысында Астана, Алматыдан келген Нұрланның өмірдегі, өнердегі достары тебірене сөйлеп, оның шығармаларынан үзінділер оқып, естеліктер айтты. Жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, Зайсан ауданының құрметті азаматы Б.Жапаров, ардагер-ұстаз М.Бексатов, көше тұрғыны Г.Ражанова, аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Ыдырышов та сөз сөйледі. Осынау жиында сезімге толы сәттер аз болмады.Күздің ызғарына қарамастан мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін шабытпен оқыды. Ал аудандық мәдениет үйінің әртістері жиналғандарға ән-жырдан шашу шашты. Нұрланның туыстары қазақтың дәстүріне сай марқұмға құран-хатым түсіріп, ас берді. Ас соңынан ақынның жуырда ғана жарық көрген «Бойтұмар» атты өлеңдер жинағы қатысушы көпшілікке таратылды.Нұрландай біртуар ақынды қалың елі, оқырман ұмытқан жоқ. Ер азаматтарының бірлігі, құлшынысының арқасында Нұрлан Мәукенұлының есімі өзінің туған жерінде де қазақ әдебиеті әлеміндегі тәрізді мәңгі жарқырап тұра бермек.
Қалибек АЛТЫБАЙ.Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.