Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:28
Қожаберген жырау ұлт руханиятының ұйытқысы
Толыбайұлы Қожаберген жырау мен оның ізбасар мұрагері деп айтылатын Сегіз сері туралы ертеректе жазылған кейбір материалдардан хабарымыз бар болатын. Оның үстіне кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген «КӨРҰҒЛЫ» эпосында аң аулап жүріп аңдаусызда қызылбастардың қолына түсіп, сыншылық қасиетімен жылқының тұлпарын, түйенің жампозын, бұқаның тынжысын айтып берген кезінде, «Енді менің тегімді, неше атадан бері шах екенімді айт!»
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:28
Қожаберген жырау ұлт руханиятының ұйытқысы
Толыбайұлы Қожаберген жырау мен оның ізбасар мұрагері деп айтылатын Сегіз сері туралы ертеректе жазылған кейбір материалдардан хабарымыз бар болатын. Оның үстіне кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген «КӨРҰҒЛЫ» эпосында аң аулап жүріп аңдаусызда қызылбастардың қолына түсіп, сыншылық қасиетімен жылқының тұлпарын, түйенің жампозын, бұқаның тынжысын айтып берген кезінде, «Енді менің тегімді, неше атадан бері шах екенімді айт!» деген шах Шағдаттан қаймықпай, әкесінің наубайшы болғанын, зұлым шахтың кесімімен екі көзінен айырылғанын, ақыры өзі таңдап сатып алған тұлпармен әрі қамқоршысы, әрі қайын атасы Ғәждембек екеуі Ираннан қашып еліне жеткен Раушанбек батырдың жолда жатқан қу басты көріп, «Сені тұлпардың басы деп кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар», дейтін «Көрұғлы» дастанындағы осы деректер еске түсіп, көп ойға қалдырған. Осы ойдың жетегімен Қожаберген жырау Толыбайұлы туралы мағлұмат бар кітаптарды парақтадым. Ондай іргелі еңбектердің қатарында: Қазақ Совет энциклопедиясының ҚСЭ 12 томы, «Маржан сөз» (1972), «Асыл сөз» (1987), «Сөз атасы» (1987), «Сөз тапқанға қолқа жоқ» (1988), «Бес ғасыр жырлайды» (1989), «Қазақтың би шешендері» (1993), «Ел қазынасы – ескі сөз» (1994), «Екі мың жылдық дала жыры» (2000) деген кітаптар бар. Бір замандары:
«Гауһармын таразыға салынбаған,Қылышпын қынабынан алынбаған.Керейдің Сегіз атты саңлағымын,Секілді жанған оттай жалындаған» – деп таныстырған Сегіз сері (Мұхаммедқанапия Шақшақов (1818-1854 ж.ж.) жөнінде «Сөз тапқанға қолқа жоқ» пен «Екі мың жылдық дала жырларында» қысқаша мәліметтер беріліпті. Сегіз серіге, Абылай ханға ақылшы болған әйгілі Бұқар жырауға бүкіл қадір-қасиетімен, өмір жолымен ұстаз болған ел қорғаны, дауылпаз жырау Қожаберген туралы осы кітаптардың бірде-бірінде бірауыз сөздің болмауы таңғалдырды. Жоғарыда айтқан энциклопедиядағы «Тарихи жырлар» деп аталатын тақырыпшада: «Тарихи жырлардың жасаушысы – белгілі оқиғалардың әрі куәгері, әрі қатысушысы болып табылатын халықтың – өзі» делініп, 1723 жылғы жоңғарлар шабуылында, халық көрген азап пен қорлыққа байланысты туған тарихи жыр-дастан «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын өлең деген тұжырым жасалады. Бірақ онда Қожаберген жырау да, оның «Елім-ай» дастаны да аталмайды.Тәуелсіздік, бостандық сөздері жер шарында өмір сүріп келе жатқан әрбір халық үшін ерекше қасиетті сөздер. Тәуелсіздік пен бостандық жолында талай ерлер қанын төгіп, жан берген. Ақындар ұрандатқан жыр-толғаулар, шешендер тіл майын тамызып, ел назарын аударарлық дуалы өсиет сөздер арнаған. Жиырма алты жасында тәуелсіз Венгрия республикасын құрушылар қатарында ту көтерген күрескер ақын Шандор Петефи:«Бостандық пен махаббат,Керегі маған екеу-ақ.Махаббат үшін өмірде,Қарсы барам өлімге.Бостандық үшін махаббат,Құрбан етем сені де!» – деп тәуелсіздікті өмірдің барлық мұраттарынан, қызықтарынан жоғары қояды. Ал өз топырағымыздан жаралған Қазақстанның халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов:«…Шүберекке түйіп жандарын,Бекем де буып белдерін,Бостандық үшін айқасқанЕңіреп туған ерлерім.Жайқалса жапан белдерім,Жаңғырса өлкем-жерлерім,Ұмытпас елім қиқулап,Қызғыш боп өткен ерлерін» – дейді. Бостандық, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің жанқиярлық еңбегінің халық жадынан өшпейтінін осылайша әсерлі жырымен баян етеді.Енді, міне, елімізде тәуелсіздік таңы атқаннан кейін-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ата тарихымызда айтылмай келе жатқан ақтаңдақтардың беті ашылуда. Қазақ халқының әлем тарихынан жойылып кетпей, ежелден келе жатқан ұлы ұлттығын сақтап қалуға атсалысқан айбынды ерлердің, айтулы тұлғалардың ерліктері қалың көпшілікке аян етіліп, жер-жерде оларға арналған еңселі ескерткіштер тұрғызылуда.Маңғыстаудың өзінде сонау Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте айрықша ерлік көрсетуімен аты шыққан Адай, оның ұрпақтары Ақпан, Жаулы, Шоғы, Тоқтамыс, Балуанияз, Қармыс, Төлеп, Шотан, Шабай, Қонай, Қосай батырларға, әулие Пір Бекетке, «Сауранды үш айналып» ежелден атамекені болған Маңғыстауға келіп, еліне қорған болған, ел билеген Сүйінқара Үргенішбайұлына, патшалы Ресейдің отарлау саясатына қарсы шығып, шаруалар көтерілісін басқарған Иса-Досан батырларға, Ұлы Отан соғысының қаһармандары М.Бегенов, Б.Қалиев, Ж.Қалдығараев, И.Сүйеубаевқа, басқа да жұртым дегендерге, билерге, заманында қалың бұқараға қайырымы тиген ерен тұлғаларға арнап ескерткіштер тұрғызылды. Бұл бүтін тірлік, бүтін іс еді.Тәуелсіздіктің арқасында дауылпаз жырау Қожаберген туралы да кеңінен сөз бола бастады. Оның өміріне, шығармашылығына арналып екі рет ғылыми-теориялық конференция өтті. Сол алқалы жиында академик, марқұм Манаш Қозыбаев, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев баяндама жасады. Олар жүз жасаған, сирек кездесетін дара таланттың өмірі мен сан қырлы адами қасиеттерін ашып көрсетті. Сондай-ақ, болмысы бөлек жыраудың елін, жерін, шыққан тегін, бүкіл өмір жолын, ақындық, шығармашылық өнерін, әскер басқарған қолбасылық ісін баяндайтын өлеңдері, толғаулары мен дастандары 2007 жылы жарыққа шықты. Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Т.Мансұровтың қолдауымен, белгілі қоғам қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы Б.Тұрғараевтың ұйымдастыруымен, С.Жұмабаев пен Қ.Биғожиннің құрастыруымен «Қожаберген жырау» атты кітап оқырманын тапты. Бұл рухани құндылықтың алғысөзін академик Манаш Қозыбаев жазған болатын.Саналы өмірін әділ қызмет етуге арнап, отыз жылдың үстінде Отанымыздағы облыстық соттардың төрағасы болған, халқымыздың өткені мен кеткенін жұртшылыққа әр қырынан баяндап, қоғамдық жұмыстарды да мінсіз атқарып келе жатқан Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрметті азаматы Бекет Тұрғараевтың қолынан «Қожаберген жырау» деген кітапты алып танысқаннан кейін жырауды танып-білуіме кең жол ашыла түсті.Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Батырға қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» – депті. Ендеше, баһадүр Қожаберген жыраудың жұрт қамы, жұрт ісі деген ерлікке толы ғұмырын біз оның өлеңдерінен, толғауларынан, дастандарынан айқын көре аламыз.«Халқын пір тұтқанды, халқы да ұл тұтар!» –деп көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев айтқандай, халқын өмір бойы пір тұтып, елінің тәуелсіздігі жолында қасық қаны қалғанша күрес жүргізген әрі батыр, әрі ақын, Жаратушының құдіретімен жан-жақты болып жаратылған Қожаберген жырау сол халқының кемеңгер ұлы бола білген.Қожаберген Толыбайұлының жоғарыда аталған кітабына енген көптеген өлең, жыр, дастан, ой-толғаулары аса тартымдылығымен, айтылар асыл ойлардың молдығымен есте қалады. Солардың ішінде «Елім-ай» дастанының орны бөлек. Зерттеушілер, әдебиетсүйер қауымның өкілдері бұл дастанның үш бөліміне терең үңіліп, тағылым, тәліміне тәнті болуда.Мысалы, бірінші бөлімінде Қожаберген жырау:«Мың рет орансаң да беренменен,Кірерсің жер қойнына денеңменен.Қолыма қобыз алып әнмен шырқап,Айтайын бүгінгі істі өлеңменен» – дей келіп, «Елім-айды» асқақтаған әнмен және ән сазына сәйкес тартылған құйқылжыған күймен орындайтынын айтып, осы әнім де, күйім де «Елім-ай» – деп аталсын деген өсиет қалдырады.Қазақтың кең даласын отқа орап, ойран салған жоңғарлардың мейірімсіздігі жазықсыз халықты қырғынға ұшыратқан ауыр азап туралы «Елім-ай» дастанын, қайсыбіреулер айтып жүргендей, жол-жөнекей айтылған хабарлар бойынша емес, өзі тікелей қатысып ерлік көрсеткен, көзі көрген, 23 жыл қатарынан әскербасы болған кезіндегі оқиғалардың негізінде жазған.«… Кенжесі ем Толыбай сыншы ұлы Қожаберген,Бата алған Әнет пенен әз Тәукеден.Көзбен көріп, өзегім өртенген соң айттым өлең» – деуі соған дәлел. Келесі бір кезекте «Өлеңге қостым көзбен көрген кепті, Халқымды қырғын соғыс тентіретті» – деп толғайды. Бұдан кейін:«Аузына харам алмаған,Қиянатқа еш бармаған,Шейіт болған жандарға,«Елім-ай» жырын арнағам» – деген жолдар жыраудың көзбен көріп, бастан өткізгенін нақтылай түседі.«Елім-ай» дастанында Қожаберген жырау өзінің ата-тегін, туыстарын, нағашы, қайын жұртымен таныстырып, Орта жүз керейде Толыбай сыншының 20 ұлының кішісі екенін айтып, анасы Ақбілек Орта жүздегі асыл текті арғынның Сүйіндігінен тарайтын Айдаболдың тұңғыш қызы деп, сүйген жары, Кіші жүз Байұлы есентемірдегі Қабыланбай бидің қызы Айша сұлу болғанын үлкен шеберлікпен жырлайды. Сондай-ақ, Самарқанд медресесінде 5 жыл, Бұхарада 2 жыл оқып терең білім алумен бірге, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгергенін тілге тиек етіп, ордада бұла боп еркін өскеніне қарамастан ат жалын тартып мінісімен-ақ, халық қамы деп талай шайқасқа түскенін:«Майданда алдаспанға ерік беріп,Дұшпанның азын-көбін тексермедім.Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп,Жорыққа сан аттандым, сескенбедім.
Жүйрікпен желдей жүйткіп ескен едім,Сынаққа қамал бұзып түскен едім.Көп шығып қан майданда жекпе-жекке,Найзамен жау өкпесін тескен едім» – деп баяндайды. Халқына берген антындай естілетін төмендегі өлең жолдары да ерекше. Оны:«Қолбасшы батыр болмасам,Көбелі сауыт кимейін.Ту ұстайтын болмасам,Арабы ақбоз мінбейін.
Талапты жігіт болмасам,Ұрандап жауға тимейін.Қару-жарақ соқпасам,Зергер болып жүрмейін.Майданда жауды жеңбесем,Қызық дәурен сүрмейін» – деген шумақтар айғақтай түседі.Сонымен бірге, жары Айшаның тілегімен қайын жұртына бармақ болғанда қалмақтар шабуылдап, елге ие бол деп ағасы Қарабастың баласы Асқапты қалдырады. Бұл туралы «Елім-ай» дастанында егжей-тегжейлі жырланған.Қайын жұртынан үлкен құрмет, сый көріп керей еліне оралған жолда, өзі іштей топшылағанындай ата жауы қазақ жеріне басып кірген екен. Ел ауыр азаптан шұбырындыға ұшырап «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл (Қожаберген жырау «Алакөл» деп атайды) сұлама» атауы қалған екен. Оған:«Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,Халқыма аштық, соғыс жаман болды.Басталып ел сұлауы Алакөлден,Ақтабан шұбырынды заман болды» – деген өлең жолдары мысал болады. Осы кез қазақ халқы үшін аса ауыр болғанын, жырау:«Алтай мен Жайсаң жақтан көш келеді,Тай-тайлақ көш бас сайын бос келеді.Айрылған егізінен қандай ауыр,Мөлтілдеп қара көзден жас келеді» – деп толғайды.Дүлдүл жырау «Елім-айда» қазақ елінің осыншама шапқыншылыққа ұшырап, азап шегуінің бірнеше себебін ашып көрсетеді: біріншіден, жоңғарлар қазақ елін, жерін басып алу үшін зұлымдықпен алдын ала әртүрлі айла-тәсілдерге барған. Ресей, Қытаймен сөз байласқан. Ресейден зеңбірек қаруларын алған… Екіншіден, қысылғанда мұсылман елдері деп арқа сүйейтін бауырластар тасбауырлық жасағанын:«Сатпады Хиуа, Қоқан мылтық қару,Олардың болды ойы бізді шабу.Қазаққа күнгей беттен түре тиіп,Жолдарын ойластырды олжа табу», – деп көрсетеді.Үшіншіден, осының бәрі ел бірлігінің болмағандығынан деп біледі. Жырау өз шығармасында бұрынғы кезде қазақ халқы үш жүз деп аталғанмен жат сөзіне еріп жікке бөлініп көрмеген еді. Ал «…қазір көбейді адам азғағы, мықтылардың азғаны», сол себептен «белгілі болды көрші елге, халқымыздың тозғаны» – дей келіп, қайсыбір ел басқарғандардың, дінсіздердің, шонжарлардың елдікке жатпайтын әрекеттерін әшкере етеді. Бірлігі болмаған, мылтығы жоқ қазақ ерлері қанша батыр болса да от қару ұстаған жауға қарсы тұра алмағанын жырау былайша өкінішпен толғайды:«Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,Басынып ата жауым етті мазақ.Көршілес екі жұрттан дәу мылтық ап,Көрсетті халхи, жоңғар елге азап».Қазақ халқы жоңғар мылтығынан қорлық көріп, жапа шеккенін Қожаберген жырау:«Алшынның темір тауына,Дұрыстап назар салмадық.Мылтық соғу шаруасын,Үш жүз боп қолға алмадық» – деген өкінішімен жеткізеді.Жырау қазақ халқының алғашқы кезде ойсырай жеңілуінің екінші бір себебін 1718 жылы әз Тәуке өмірден өтіп, оның орнына хан болуға лайықсыз, бос белбеу, дарынсыз ұлы Болаттың отыруы деп білді. Билердің бұл шешімі ел қамы үшін емес, өз қамдарын ойлағандық болды, – дейді Қожаберген жырау.Жоңғарлармен шайқаста қазақтардың ара-тұра жеңіске жеткен кездері де болмай қалған жоқ. Қожаберген жырау халыққа өсиет айтып, насихат жүргізгенін, бұны естіген халық найза ұстаған Орта жүз, Кіші жүз батырлары жау қоршауын быт-шыт қылып бұзғанын, әсіресе, екі ұлы Науан мен Әсеттің, атқосшылар Айбек пен Ермектің майданда ерлікпен қаза болғанын көргенде:«Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,Ұрандап «Ошабайлап» салдым айқай.Шаныштым оңды-солды көк найзамен,Жығылды талай жендет салып ойбай.
Пенденің бала деген жүрегі ғой,Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.Ұлдардың жаудан кегін алу үшін,Қалмақтың тайшыларын түйредім ғой.
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,Құштырдым талайына аттың жалын.Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.Қоршауды бұзар шақта әлді жидық,Уәйімді, босаңдықты мүлдем тыйдық.Алысқан ат үстінде ит халқидың,Ұстап ап айдарынан мойнын қидық.
Жорықта 44 жыл ғұмырым өтті,Орта жас ол да мені тастап кетті.Ит қалмақ соғысуға душар қылды,Болмаса ақсақалдық кезең жетті», – дей келіп:
«Жасымнан ту ұстаған болдым сардар,Соңыма еріп жүрді талай дегдар.Кез болдым 61 де қатаң жауға,Ісіне Құдіреттің не амал бар», – деп бір түйіп тастайды.Ата дұшпан жоңғардан қазақтың жерін, елін сақтап қалу үшін ерлердің Күлтөбеде бас қосқанын, бір күш болып жауды жеңудің жоспарын белгілегенін:« Күлтөбеге жиылып,Жасықтықтан тыйылып,Ұрысқа ерлер бел буды,Алла, аруаққа сиынып.
Бастады ерлер көп қолды,Аршуға жаудан бар жолды.«Майданда өлген дұрыс – деп»,Күлтөбе басы шу болды» – деп баяндайды. Осындай бас қосудан кейінгі ел бірлігінің арқасында талай жеңістерге қол жеткенін екпіндете жырлайды.Жазықсыз халықты аяусыз қырған басқыншының озбырлығына жаны күйген Қожаберген батыр:«Әйелдерше шашты өріп,Бұрым еткен қалмақтар.Қалдырып аз шаш төбеде,Тұлым қойған қалмақтар», деп суреттейді. 1759 жылы қазақтардың жоңғарларды тас-талқан етіп жеңгенін хабарлаған кезде дүлдүл ақын Қожаберген 97 жасқа келіп еді. Қарттық жеңіп жатқанына қарамастан орнынан сергек тұрып, қобызын күйге келтіріп «Жеңіс» атты тарихи толғауын шығарыпты. Онда қалмақтардың қазаққа қол көтермейміз, қолда бар мал мен мүлікке салық төлеп тұрамыз деп Абылай ханға, Бөгенбай мен Қабанбай батырларға ант бергендерін әсерлі етіп толғайды. Сол «Жеңіс» атты толғауын былай түйіндейді:«Басқаның жерін алған күшпен зорлап,Қалмақтар жеңіліс тапты әбден сорлап.Оралды қазақ қайта мекеніне,Алла, аруақ үш жүз ұлын ақыр қолдап».Сегіз сері шежіресінде Қожаберген жыраудың Абылай ханға кеңес айтып: «Бас уәзір боп, ел билігі қолыңа тиген екен әрі ханның міндетін атқарып жүр екенсің, көреген бол, шырағым. Ақылың мен ерлігің, айла-әдісің қатар жүрсін!..» – дегенде риза болған Абылай қол жайып, жырау бабасының оң батасын алған екен делінеді. Бұдан Қожаберген Толыбайұлының хан алдында үлкен беделге ие, данагөй абыз болғанын көреміз.Әрі батыр, әрі ақын Қожаберген жырау – мемлекет қайраткері, дипломат болған тұлға. Ол кезінде әз Тәукенің ұсынысымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолында» айтылған елдің құқық жүйесін тереңдетіп, жан-жақты қамтитын конституциялық пәрмені бар құжат – «Жеті жарғыны» өмірге келтірген. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы төкпелетіп айтқан:«…Қайта қарап низамды,Қазақтың Заңын құраған.Қарабас күйші ағамның,Қағидасын жаттадым.
Ақ былғарыға түсіріп,Мұқиаттап хаттадым.Әз Тәукеге қызмет қып,Жаздым «Жеті жарғыны».Салыстырып талдадым,Бергі менен арғыны.
…Көмектесті біздерге,Қазыбек, Төле, Әйтеке.Қазақтың заңын нығайтып,Тыйым салды тентекке.
«Жеті жарғыны» жазуда,Іс тындырдым бірталай.Мақұл көрді низамды ел,Деген жоқ ешкім бұл қалай?» – деген шумақтарға қарап «Жеті жарғыны» дана билермен ақылдаса отырып жазды деуге негіз бар.Қазақтың жақсы-жайсаңдарын ұлықтауға арналған, ерекше қасиеттеріне сүйсінген кездерде алдымен айтылатын бір аталы сөз – «Сегіз қырлы, бір сырлы». Осы бір сөз ойға оралғанда көз алдыңда Қожаберген жырау Толыбайұлы тұрғандай сезінеді екенсің. Жаратушы ием оған сегізден де мол қасиет берген. Қожаберген жырау кім болған дегенге берер жауап: ол – әскербасы, айбынды батыр, ол – ақиық ақын, ол – кемеңгер сыншы, ол – жыршы-жырау және шежіреші, ол – шебер зергер, ол – сынықшы және емші, ол – дипломат, мемлекет қайраткері, ол – батагөй абыз, ол – ақылшы дана, ол – осы қасиеттерінен шығар жүз жасаған сирек тұлға – тізе берсек жалғаса береді.Қожаберген жыраудың қазақ халқынан шыққан ерекше дарын бола тұра оның еңбегі жұртшылыққа неге ұзақ жылдар жетпеді дегенге айтар уәж, біріншіден, қазақта ұлы жоқ, ұлық жоқ деп келетін кемсіту саясаты жатты. Басқыншылардың бұл жымысқы пиғылының түбінде қазақ жерін, байлығын иемдену ниеті болмай қойған жоқ. Екіншіден, ішкі пиғылда хан, сұлтан, төрелерге қарсы болу арқылы бұқара халықтың қамын жегенсіп, жоғын жоқтағансиды. Мұндай жат әдеттің астарына енді қанық болып отырмыз.Қазақ халқының ғасырлар бойы армандап келген Тәуелсіздігі жолында ақыл-ойын, қайрат-жігерін аямаған баһадүр Қожаберген жырау Толыбайұлының туғанына 2013 жылы 350 жыл толады. Бұл бүкіл Қазақ елі үшін атаулы оқиға деп білемін. Оның есімін мәңгілік есте қалдыруға бағытталған шаралар өткізіліп, есімі жаңғырып, әскери оқу орындарына, мәдениет орталықтары мен көшелерге беріліп жатса, нұр үстіне нұр. Тәуелсіз елдің азаматтары осыны абыройлы міндет, деп біліп, жоғары дәрежеде өткізсе, ұлы жырау алдындағы ұрпақ парызының адал атқарылғаны болмақ.Дүйсембі ӘРІПҰЛЫ, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Маңғыстау облысының құрметті азаматы. АҚТАУ.