Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:24
Соғыс – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет. Бүгінгі ұрпақ сол қасіретті көрмей-ақ өссе екен, оны болдырмау үшін егемен елінің іргесін нығайтатындай қажырлы еңбек етсе екен дейміз… Иә, кешегі Ұлы Отан соғысында біз Ұлы Жеңіске жеттік, сол жеңістің бүгін жемісін көріп жатырмыз. Сол жеңістің бізге қалай келгенін, қандай қиындықпен келгенін келер ұрпаққа тәрбие болсын деп әңгіме етіп өз аузымен айтып беретін, сол қырғынды басынан өткерген ардагер-қариялар бүгін жоқтың қасы, азайды. Сол соғыс өртінің нағыз өтінде болып, отты жылдардың куәсі болған, Берлинге дейін барып Жеңіс туын тігіп, жауды жеңіп келген Бектай ӘБСАТТАРОВ ағамызбен бірге болған сәттерім есіме түсіп, бір үзік әңгіме айтқым келіп отыр…
Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:24
Соғыс – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет. Бүгінгі ұрпақ сол қасіретті көрмей-ақ өссе екен, оны болдырмау үшін егемен елінің іргесін нығайтатындай қажырлы еңбек етсе екен дейміз… Иә, кешегі Ұлы Отан соғысында біз Ұлы Жеңіске жеттік, сол жеңістің бүгін жемісін көріп жатырмыз. Сол жеңістің бізге қалай келгенін, қандай қиындықпен келгенін келер ұрпаққа тәрбие болсын деп әңгіме етіп өз аузымен айтып беретін, сол қырғынды басынан өткерген ардагер-қариялар бүгін жоқтың қасы, азайды. Сол соғыс өртінің нағыз өтінде болып, отты жылдардың куәсі болған, Берлинге дейін барып Жеңіс туын тігіп, жауды жеңіп келген Бектай ӘБСАТТАРОВ ағамызбен бірге болған сәттерім есіме түсіп, бір үзік әңгіме айтқым келіп отыр…
Кеңес өкіметінің әлсіреп, М.С.Горбачев жүргізіп жатқан елдің экономикасын қайта құру кезеңі жылдары. Мен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының Жезқазған облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Г. Ежиков-Бабахановтың шешімімен Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы – қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалдым. Мұндай жауапкершілігі жоғары қызметті мен бұрын-соңды атқарып көрген емеспін, неден бастау керек деген терең ой бірінші күннен-ақ мазалай бастады. Коммунистік партияның ел алдындағы беделі құлдырай бастаған кез. Қаншама халқы бар үлкен қаланың тіршілік-тынысына жауапты болу, әрине, оңай шаруа емес. Сенім артып тапсырған міндетті абыроймен атқару керек. Қаланың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы да мәз емес…
Бір күні таңертең күнделікті келетін ресми поштаны қарап отырсам, көзіме «Мәскеуден, Кремльден» деген сыртында мөр басылған, әдетте Орталық үкімет тарапынан ғана келетін бір үлкен конверт көзіме түсті. Кімге жіберілген екен деп қарасам, «Абсаттарову Б.А.» деген жазуы бар. Бұл азаматтардың өтініші бойынша келген жауап хат болса, неге қалалық партия комитетіне түседі деген сұрақ туды. Мұндай жағдайда ішін ашып оқуға құқымыз бар, хатты алып оқи бастадым. Хат Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы А.А. Громыкодан келіпті. Хаттан түсінгенім, М.С. Горбачев партияның беделін қалай жоғары деңгейге көтереміз деп кезінде Кеңестер Одағының барлық партия ардагерлеріне баспасөз арқылы үндеу жариялап сұрау жолдаған еді. Партияның сол үндеуіне біздің Бектай ағамыз өзінің пікірін айтып, ұсыныстарын жіберсе керек. Бұл хат Бектай ағамыздың ұсыныстарына ризашылық білдіріп жазылған алғыс хат екен. Бір қызығы – Мәскеуге жіберген хатқа Бекең өз үйінің адресін жазбапты.
Маған бір қызық ой келді. Даладан іздегенім алдымнан өзі шықты емес пе, бұл бір жақсы ырым екен деп жорыдым. «Қала басшысы ретінде алғашқы қадамын осы кісімен ақылдасып, осы кісінің батасын алып бастасын» деген Алланың өзінің қисынын келтіріп жіберген нәсібі шығар деген ой келді. Бекең бұл хатты, әрине, алған жоқ. Осы хатты сылтау қылып қаламыздың ардақты ақсақалына барып сәлем беріп келейін деп ойымды түйдім.
Бұрын әр қалада тұрып, қатты араласа алмасақ та бұл ағамыздың соғыс және еңбек ардагері болып еліне сіңірген еңбегіне, қала төңірегінде белсенді ақсақалдардың бірі болып қаланың қоғамдық өміріне араласып жүрген істеріне сырттай қанық едім. Бұл кісінің үйінің адресін де білмеймін. Ойланып отырып Төлеген Бүкіров досыма телефон соқтым. «Бектай ағамыз сенің көршің екен ғой, мені ертіп алып бар, екеуміз бірге барып сәлем беріп шығайық», дедім. Ол: «Жарайды, барып шығайық», деді.
Сөйтіп, ертеңіне кешкі сағат бестердің шамасында Бекеңнің үйіне келдік. Жаздың көлеңкесі қоңыржай, күннің көзі қатты ысыған жайлы күндерінің бірі еді. Ағамыз Рыбачий ауылының Тайжан көшесіндегі жер үйде тұрады екен. Алдымыздан «төрге шығыңыздар» деп Гүлсім келіні күлімсіреп қарсы алды, төрге шығарып біздерге көрпе жайып жатыр. Бір уақытта біз отырған бөлмеге Бекең кіріп келді, орнымыздан тұрып барып ағамыздың қолын алдық. Ағамызды бірінші көргенім. Қан майданда елді жаудан қорғауға қасық қаны қалғанша белі қайыспай қарсы тұрған батыр ағамыздың келбетінің бір көргеннен-ақ келісті екенін аңғаруға болады. Орта бойлы, кең маңдайлы, жасы жетпісті маңайлап қалған кісі екен. Сонау бір сұрапыл жылдардың терең сырлары жатқандай қабағы қатыңқы екен, бір көргеннен тіл табысып әңгімеге тарту оңай емес екенін сезіп, Төлегенді бірге ертіп келгеніме қатты қуандым. Иә, бұл да бір кешегі сұрапыл соғыстың ағамыздың болмысы мен жан дүниесіне тереңнен ізін салып қалдырған таңбасы шығар деп ұқтым…
Біршама уақыт өткеннен кейін: «Иә, інілерім, қош келдіңдер! Төлеген, үй-іштерің аман ба, қайдан жүрсіңдер?» деп Бекең үй иесі ретінде өзі сөз бастады. Сол-ақ екен, Төлеген мені таныстыра бастады. «Мына жігіт ертеде Рудник поселкесінде тұрған, Жұманазар деген кісінің баласы, қаламыздың кеше ғана жаңадан тағайындалған басшысы, біз сізге сәлем берейік деп арнайы атбасын бұрып келіп отырмыз», деді. Бекең сонда басын көтеріп алып: «Е-е, өзімнің інім екенсің ғой, нағыз туысым болып шықтың ғой, Мәйгелдінің бес баласының біреуі сен болсаң, екіншісі мен боламын», деп қабағы ашылып, көңілі жадырап сала берді.
Әрі қарай әңгімені мен жалғастырдым. «Аға, мен сізге екі бірдей маңызды шаруаның басын қосып келіп отырмын. Біріншіден, Жезқазған қалалық партия комитетінің атынан, қала коммунистерінің атынан сізге үлкен алғыс айту үшін келдім. Cізді коммунистік партияның нағыз белсенді жанашыры ретінде Мәскеудегі партия басшылары да біледі екен. Партияның келешегі туралы пікір-ұсыныстар бергеніңіз үшін олар да сізге көп рахметін айтып жатыр. Мына хатты жіберген ұсыныстарыңызға жауап ретінде сізге арнап Андрей Громыконың өзі жазыпты. Осыны табыс еткелі келіп отырмын, Мәскеудегі басшыларға Жезқазған шаһарының атын шығарып, естеріне тағы бір рет салғаныңыз үшін көп-көп рахмет. Сіздің мұндай қадамыңыз, Мәскеуден алған алғысыңыз біздің қала тұрғындары үшін де үлкен абырой. Екінші бір маңызды шаруам, сізге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ақыл-кеңес сұрайын деп келдім, бата-тілектеріңізді өз аузыңыздан естіп, ақсақалды ағаларымыздың аманаттарын өз еркіммен арқама салып міндетіме алайын деп келдім. Партия мен үкіметіміз мені жаңа қызметке тағайындап, маған сенім артып, алдыма көптеген міндеттер қойып отыр. Бұл міндеттерді абыроймен атқара алуым ең алдымен ауыл ағаларының беретін ақыл-кеңестеріне, қала тұрғындарының мұқтаж шаруаларына көмек бере алуыма тығыз байланысты екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан да, аға, сіздің әңгімелеріңізді тыңдауға бүгін де және қашан болса да әзірмін», деп ағымнан жарылдым.
«Менің коммунистік партия қатарында жүргеніме бақандай елу жыл болыпты, партияға сол әскер қатарында фашистермен соғысып жүрген кезімде 1945 жылы Берлин қаласында қабылдандым. Міне, содан бері партиямен бір анадан туғандай бірге өмір сүріп келемін. Соңғы кезде партияның беделі түсіп бара жатқаны менің де жаныма қатты батып жүрді, сол іштегі мазалап жүрген ойларымды айтып М.С.Горбачевтің атына хат жазған едім. Бұдан былай қарай партиямыздың аты «Ленинская партия болсын» деп ұсыныс бердім. Ондағы ойым Лениннің аты мен оның ілімдерінің қоғамдағы беделі әлі де болса түсе қойған жоқ еді… Бүгін мен он баланың әкесімін, жұбайым Күлжамалдың көз жұмғанына көп болған жоқ, жалғыздыққа әлі де болса бойым үйренетін емес, көңілім бір мезгіл бөлінсін деп қаланың да, облыстың да қоғамдық іс-шараларынан қалмауға тырысамын, қолымнан келсе, көмегімді де беріп жатамын…» Бекеңнің әңгімесі таусылатын емес. Терезеге қарасам, далаға қараңғы түсіп кетіпті. Біздің тықырши бастағанымызды сезді ме, әйтеуір, бір уақытта ағамыз: «Ал, інілерім, уақыттарың болып қалды-ау деймін, біліп отырмын, жортқанда жолдарың болсын, үйдің есігі сендер үшін қашанда ашық. Ал, Мұқамбет, айналайын, елдің абыройын ең ауыр кезеңде алып жүруге өзіңе Алла нәсіп етіпті, білемін қиын болатынын. Сен енді бір елдің ғана баласы емессің, бар елдің данасысың, көп қолдың ағасысың, ақты ақ деп бағалайтын, қараны қара деп қаралайтын кездерің көп болады. Басыңа іс түссе, көпшілікті сағаласаң әрқашан қиындықтарды жеңіп шығасың. Енді әрбір ісіңе кәміл бол, халқыңа әділ бол, Алла тағала қашан болса да жолыңды ашық қылуға, абыройыңның биік болуына нәсіп етсін, әмин!» деп батасын берді.
Одан кейін Бектай ағамызбен қаланың қоғамдық іс-шараларында жиі кездесіп тұрдық. Жезқазған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қаланың іске асыратын көптеген іс-шаралары мен бастамаларына қолдау көрсетіп жүрді. Әңгімелесіп, келелі мәселелерге қатысты кеңесу үшін соғыс және еңбек ардагерлерінің бастарын жиі қосатын едім, кездесулеріміз дастарқан басында жалғасын тауып жататын. Сондай бір Жеңіс күнінде жайылған дастарқан басында Бекеңнің көтеріңкі көңілін пайдаланып, соғысқа қатысқан сәттерінен көпшілікке әңгіме айтып беруін өтінген едік. Бекең әңгіме айтуға сараңдау кісі болатын, сонда да болса, әйтеуір, сол күн ағамыздың көңіл пернесінің бір ағытылған күні болды, қабағын керіп терең бір күрсінді де, әңгімесін айтуға кірісіп кетті…
…Бекең 1942 жылдың 17 маусымында өз еркімен майданға аттанады. Бірақ, оны бірден қан майданға кіргізбейді, жауынгерлердің әскери оқу-жаттығулары дайындықтары өтіп жатқан Тоцк селосында орналасқан 11-ші запастағы атқыштар бригадасына жібереді. Сол жерде ол химиялық барлаушылар курсын бітіреді. Әскери дайындықтары аяқталғаннан кейін жолдастарымен бірге Солтүстік-Батыс майданында соғысып жатқан 353-ші жеке пулеметті-артиллериялық батальонның құрамына келіп кіреді. Бұл жерде ол Ресей жерлерін гитлершілерден азат етудегі кескілескен ұрыстарға қатысады.
Атышулы Курск иініндегі ұрысқа қатысып, соғыстың нағыз қызған бел ортасында болады. Украина жерлерін, Житомир, Козятина қалаларын, Польшаның Варшава, Познань, Гданьск, Гдыня қалаларын басқыншылардан азат етуге және атақты Сандомир плацдармын шабуылмен алудағы кескілескен шайқасқа қатысады. Ауыр жараланып, өлім мен өмір арпалысқан сәттерді де бастан өткереді…
Сандомир плацдармын алғаны үшін 69-шы гвардиялық танкистер полкіне Сандомир Полкі атағы беріледі. Ол өз танкісімен Днестр, Сан, Висла, Буг және Одер өзендерін шайқаспен жауынша жауып, қарша бораған оқтың астымен көпірсіз жүзіп-кесіп өткен ұрыстарға қатысады. Германияның қалаларын шабуылмен алған қанды ұрыстарда, немістің астанасы Берлинді шабуылдаған ұрыста ерлікпен шайқасады. 1945 жылдың сәуір айында Кеңестер Одағы коммунистік партиясының қатарына қабылданады. Берлиннің әрбір шаршы метрі үшін тар көшелерінде болған кескілескен шайқастарда, Бектайдың танкісінің экипажы жаяу әскерлермен қоян-қолтық бірігіп автоматпен, гранаталармен қаруланып, көп қабатты үйлердің тасаларында жасырынып, танкілерді фаустпатронмен атып шыдатпаған неміс солдаттарының ізіне түсіп жаяу әкерлерше соғысады…. Осындай соңғы шешуші шайқастың қанды қырғынын басынан өткізген Бектай жаудың бас ордасы Берлинге Жеңіс туын тігуге үлесін қосып ерлігімен көзге түседі. Соғыс біткеннен соң да Германияны оккупациялаған полктің құрамында жеті ай әскери қызмет атқарады. Ұрыс-шайқастарда үш рет ауыр жарақат алған жауынгер ретінде 1946 жылдың 16 наурызында әскер қатарынан босатылып, елге оралады.
Отанын жаудан қорғаған шайқастарда төрт рет қатты жараланады және контузия алады. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін ол 5 орденмен: I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, екі «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, III дәрежелі «Даңқ» орденімен және 15-тен аса медальдармен, Жоғарғы Бас қолбасшының және Германияны оккупациялаған әскер қолбасшысының алғыстарымен, армия қолбасшысының грамоталарымен марапатталады…
Соғыстан кейін аман-есен еліне оралған Бекең үлкен бір әулеттің ұйытқысы болды, Күлжамал жеңгеміз екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәріне жоғары білім алуына көп еңбек сіңірді, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардың қызығын да көріп үлгерді. Бүгінде балаларының – екеуі ғылым кандидаты, инженер, агроном, экономист, дәрігер мамандықтарының иелері болып үлгілі отбасылардың қатарында Астанада, Жезқазғанда және Алматыда мемлекеттік қызмет, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тау-кен, денсаулық сақтау, байланыс, қаржы салаларында еліне елеулі еңбек етіп жатыр. Бүгінде Бектай ағамыздың ортамыздан басқа дүниеге көшкеніне он жыл болыпты. Жыл сайын Бекеңді «өмірдегі жауапты қадамдарымды бастаған кезде ақ тілек батасын берген ағамыз еді» деп әрбір Жеңіс күнінде ерекше сүйіспеншілікпен есіме алып отырамын…
Мұқамбет КӨПЕЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері.
Астана.