Сәрсенбі, 6 маусым 2012 7:14
Олардың тәртіп пен тәрбиені қалыптастырудағы маңызды рөлі
Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – ұлты, діні, Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – қазақ, дінім – ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені, сіздің көңіліңізде мен адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.
Сәрсенбі, 6 маусым 2012 7:14
Олардың тәртіп пен тәрбиені қалыптастырудағы маңызды рөлі
Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – ұлты, діні, Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – қазақ, дінім – ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені, сіздің көңіліңізде мен адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.
Ал ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттық болмысын құрайды.
Ұлттық және діни дәстүрлердің саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі ұшан-теңіз.
Тәрбие ана құрсағынан басталып-ақ кетеді дейді ғылыми тұжырым. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Бүгінде жарты әлемнің ғалымдары мойындаған көшпенді мәдениетінің әлемдік өркениетте ықпалы, үлесі жайлы ойласақ, қазақ халқының ұлттық ұстанымы, түсінік-танымы, салт-дәстүрі, өмір сүру қағидалары еріккеннің ермегі емес екеніне толық көзіміз жетер еді.
Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделіп отырған. Мәселен, бала апыл-тапыл баса бастағанда жасалатын «Тұсау кесер». Бұл – баланың алғаш өмірге қадам жасауына арналған ата-ананың қуанышты тойы. Ал танымдық, тәрбиелік жағы кім көрінгенге емес, ауылдағы аса сыйлы, ел-жұрты құрмет тұтатын өсіп-өнген, ардақты аналарға кестіру арқылы адамның қадірін де үлгі ету болса, рәсімнің тәртіптік рөлі алдымен ала жіппен тұсап алып, соны кестіру, бала бұл өмірде біреудің ала жібін аттамасын, яғни ұрлық жасамасын, алаяқтықтан аулақ жүрсін деген ұғым. «Баланы – жастан» дейтін қазақ, бес жасында баланы сүндетке отырғызып, азамат болды деп ашамай ерге мінгізеді.
«Он үште отау иесі» деп көтермелей отырып болашақ отағасы болуға санасын қалыптастыра бастайды. Одан қалды, жыраулар философиясында да: «Болар елдің баласы он үшінде баспын дер, тозар елдің баласы отызында жаспын дер», деп ескертеді. Демек, қазақ халқының салт-дәстүрі де, өнері де, ұлттық бойында тұнып тұрған тәрбие, тәлім, тәртіп екен. Рас, Кеңес дәуірі кезінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген бір көзсіз мақал шығарып алып, асыл мұрамызға өзіміз балта шапқан кезімізде болды. Содан барып игі дәстүрлеріміз біраз уақыт үзіліп қалды. Ұрпақ алмасты, көп дүние көнекөз ата-апаларымызбен кетіп, көмескі тартты.
Ал егемендік алғалы бері жоғалтқандарымызды іздей бастадық. Әрине, оны түз-түгел қалпына келтірдік десек артықтау болар, алайда сағынып көріскен салтдәстүрлеріміз салтанат құра бастады. Жоғарыда аталған «Шілдеханада», «Тұсаукесеріміз», т.б. игі құндылықтармыз бүгінгі заманға сай қайта түрленіп, ортамызға оралу үстінде. Тек кейде асыра сілтеп, аса көп ысырапқа жол беріп, мақтангершіліктің, даңғазалықтың жарысына айналдырып жатқанымыз ойлантса ғой.
Бүгінгі жер әлемді мидай араластырып жіберген ақпараттар ағыны, интернет ықпалымен елімізге тұс-тұстан ентелей кірген әлем-жәлем жаңалықсымақтар ең алдымен жастар тәрбиесіне алапат әсерін тигізіп отырғаны да жасырын емес. Мұндайда зиялы қауым арасында ұлтымызды ұстап тұра аламыз ба деген қауіп те айтылып қалуда. Шындығында ұлттың ұлттығына қатер төндіретін жаһандану деген алпауыттың аранына жұтылып кетпеу үшін күресудің негізгі күші де ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі буынға үлгі ете алуымызда. Ендеше, не істеуіміз керек, қандайда қарекет керек. Әрине, онымен ұлт болып, ұйым болып жұмыла жұмыс істегенде ғана қол жеткізе аламыз.
Ондай игі істер еліміз бойынша атқарылып та жатыр. Біздің Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы осынау ізгілік үшін барынша жүйелі жұмыстар атқаруда. Ертеңгі ана, бүгінгі қыз балаларымызды ұлтымыздың салт-дәстүрі арқылы тәрбиелеу мақсатында «Айша бибі» қыз-келіншектердің сырласу клубын құрып, облыстық телеарна арқылы ұлттық дәстүрімізді әрекет жүзінде көрсете отырып, бүгінгі өмірімен сабақтастыра танымдық бағдарлама ұсынып келеміз.
Таяуда ғана Халықаралық отбасы күніне орай ойластыра өткен облыстық «Әкелер слеті» де осы бағытқа негізделді. Мұндағы мақсат – отбасы мен неке институтын дамытудың келешегі мен бағыттарын айқындау, ұлттық дәстүрлерді насихаттай отырып, Қазақстандағы отбасының мәртебесін әке рөлін күшейту арқылы жоғарылату. Тәрбиелеу міндетін әйелдерге ғана тән міндет деген көзқарасты өзгерту. Әкенің беделін көтеру «Әке көрген оқ жонар» дейді халық даналығы. Рас, біздің қазақ халқында ер бала үшін әке үлгі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді тағы сол халық.
Слет аясында белсенді өмірлік көзқарасы бар әкелерді, үлгілі отбасылардың иелерін, кәсіптік шеберлігін әулеттен әулетке жеткізіп отыратын ұрпақтар қатарын, оң тәжірибесі бар, адалдық, жауапкершілік құндылықтарды, әсіресе жас және аға ұрпақтың адамдарына құрметпен қарауды насихаттайтын тұлғалардың кеңінен қатысуы қарастырылды.
Қазір облыс бойынша аудандарда, орта білім беретін мектептерде 144 әкелер кеңестері құрылып жұмыс атқаруда. Ұлағатты отбасыларымен кездесулер ұйымдастырылып, ұрпақ жарастығын насихаттап 108 дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізіліп 6299 адам қамтылған. Отбасылық саясаттың жүзеге асыруына жоғары оқу орындарымен колледждер ұжымдары да елеулі үлес қосып отыр.
Қоғамда адамгершілік ұғымды сақтау, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, мәдени және тарихи дәстүрлерді бағалау бірінші кезектегі мәселелер болып табылады. Ал, қоғамның негізін қалайтын отбасы болғандықтан, жастар мен балалар тәрбиесіне әкенің үлесін күшейтуді уақыт талап етіп отыр.
Қорыта айтқанда, біздің ел ұлт тарихы терең, ғасырлар қойнауынан сүзіліп, екшеліп жеткен берік салт-дәстүрі бар қайсар ел. Осыны келешек ұрпақ ұғымы, мақтан етердей жүректеріне орнықтыру, біздің бүгінгі ат үстінде жүрген баршамыздың ең басты міндетіміз болуы шарт.
Сара МӘДИЕВА,
Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы.