Сәрсенбі, 30 мамыр 2012 7:43
Жақында Астанада «Бір атаның балалары футбол ойнайды!» отбасылық турнирі қайта жалғасын тапты.
Бұл турнир алғаш рет 2001 жылы Алматыда белгілі жазушы, спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлының бастамасымен жалау желбіреткен болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен командалар қатысып, бірнеше күн бойы жарыстың көрігін қыздыратын. Сол кездегі турнирге қазір Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы болып жүрген Жамбыл Көкеев, Мұрат Тілешев сияқты ойыншылар да қатысып, шірене доп тепкенін білеміз.
Сәрсенбі, 30 мамыр 2012 7:43
Жақында Астанада «Бір атаның балалары футбол ойнайды!» отбасылық турнирі қайта жалғасын тапты.
Бұл турнир алғаш рет 2001 жылы Алматыда белгілі жазушы, спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлының бастамасымен жалау желбіреткен болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен командалар қатысып, бірнеше күн бойы жарыстың көрігін қыздыратын. Сол кездегі турнирге қазір Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы болып жүрген Жамбыл Көкеев, Мұрат Тілешев сияқты ойыншылар да қатысып, шірене доп тепкенін білеміз. Өкінішке орай баршаны баураған турнир 2005 жылы тоқтап қалды. Енді, міне, сол дәстүр биыл қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Sport» және «Спорт» газеттерінің ұйымдастыруымен қайта жалғасын тауып отыр.
Биылғы жарыс Астананың «Алатау» спорт кешенінде өтіп, екі күн бойы жалғасты. Оның ашылу салтанатында осы турнирді ұйымдастырушы жоғарыда аталған газеттердің бас-директоры-бас редакторы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Несіп Жүнісбайұлы, Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттігінің жауапты хатшысы Әлішер Пірметов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Наталья Сухорукова, Астана қаласындағы №8-ші спорт мектебінің директоры Жомарт Сабыржанұлы, белгілі журналист Дүрәлі Дүйсебай, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков, кезінде футзалдан еліміз құрамасының намысын қорғап, үздік шабуылшы атанған Қазақстан Футбол федерациясы Спорттық директорының орынбасары Қанат Мұсатаевтар сөз алып, турнирдің бұқаралық спортты дамытудағы, халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі туралы айтып, оның мән-маңызына тоқталып өтті.
Бір атаның балалары футбол ойнайды» турниріне биыл «Proctor& Gamble» компаниясының қолдау көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Бұл компания бұған дейін өткен Олимпиада күнінде де Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттігіне, Ұлттық олимпиялық комитетке, жергілікті әкімдіктерге қолұшын созып, жарыстарға қолдау көрсеткен болатын. Жарысқа 14 команда қатысып, күш сынасты. Онда А тобында «Пірметовтер», «Күншығаровтар», «Тілешовтер» және «Қожахметовтер» әулеті жарысқа шықса, В тобында «Лесбаевтар», «Жақыпбай ата ұрпақтары», «Көкеевтер» және «Жүнісбай ата ұрпақтары» бақ сынады. Ал, С тобында «Қожабековтер», «Қорабаевтар», «Тәжиевтер» және «Байғазы ата ұрпақтары» алаңға шықты. Соңғы D тобында «Ескекбаевтар», «Оразбековтер», «Сәрсембековтер» өнер көрсетті. Жарыс 3 тур бойынша өтіп, өз топтарында алғашқы екі орынды алған командалар ширек финалға шығуға мүмкіндік алды. Мұнда жеті жасар баладан жасы жетпіске келген азаматтарға дейін ойын өрнегін көрсетті.
Сөйтіп, екі күнге созылған жарыстың финалында өз топтарында қарсыластарының бәрін жеңген «Күншығаровтар» мен «Сәрсембековтер» командаларының жолы түйісті. Кездесу өте тартысты өтті. Негізгі уақытта есеп ашылмай, жеңімпаз пенальти соғу нәтижесі бойынша анықталды. Сөйтіп, «Сәрсембековтер» командасының бағы жанды. Үшінші орын Лесбаевтар отбасына бұйырды. Осылайша, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылынан ат терлетіп келген Сәрсембековтер отбасының командасы биылғы жылдың жеңімпазы атанды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».