• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2012

Топтағы жағдай шиеленісе түсті

282 рет
көрсетілді

Топтағы жағдай шиеленісе түсті

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:08

12 маусым күні алаңға А тобының командалары шығып, екінші турды бастап берді. Бірінші болып Грекия-Чехия құрамалары беттесті. Мұның соңынан Польша және Ресей футболшылары күш сынасты. Біріншісі чехтардың жеңісін айғақтап, екіншісі бейбіт тарқасқан ойындар топтағы жұмбақтың әлі толық шешілмегенін білдірді.

 

 

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:08

 

12 маусым күні алаңға А тобының командалары шығып, екінші турды бастап берді. Бірінші болып Грекия-Чехия құрамалары беттесті. Мұның соңынан Польша және Ресей футболшылары күш сынасты. Біріншісі чехтардың жеңісін айғақтап, екіншісі бейбіт тарқасқан ойындар топтағы жұмбақтың әлі толық шешілмегенін білдірді.

Грекия-Чехия – 2:1. Матч­та­ғы бар­лық мәселе демегенде де, соның түгелге жуығы бастапқы елең-алаң шақта шешіліп қойыл­ға­ны­на қарамастан, бұл чемпио­нат­тағы қызықты кездесулердің бірі болды. Ойынның 6 мину­тын­да-ақ алаңның шартты қонақтары – чехтар екі доп айырымымен алда келе жатты. Есепті 3 минутта Петр Ирачек ашты, сосын 6 минутта Вацлав Пиларж «халықтық команданың» басымдығын одан әрі нығайта түсті. Бір айтарлығы, гректер осымен екінші ойын қа­тарынан өз шайқастарының бі­рін­ші бөлігін қарсыластарына қар­сылықсыз беріп қоюымен ерекшеленді. Оның үстіне, Эллада жұрағаттары хәлін негізгі қақ­пашы Костас Халкиастың күт­пе­ген жерден жарақат алып, орнын Михалис Сифакиске босатып беруі бұрынғыдан да қиындатып жіберді.

Осылай іркіліп ойнаған гректер тайм бітуге жақын қалған шамада чехтар дарбазасының торын бір дүр сілкіндіріп өтіп еді. Бірақ қапталдағы төрешінің жалау бұлғаңдатуымен гол есепке алынбай тасталды. Мұның есесіне келесі таймның дебютінде Фернанду Сантуш шәкірттерінің тез жолдары болып кетті. Мұнда Петр Чехтың өрескел қателігін пайдалана білген Теофанис Гекас бір доптың қарымтасын қайта­рып үлгерді. Бұдан әрі Эллада қырандары есепті теңестіруге жанталаса ұмтылды. Бірақ оларға бұл күні жеңілістен құтылудың орайы келмеді. Жағдайды жақсы пайымдай білген чехтар қарсылас команданың аптыққан арынын ақырын басып отырды. Ал кездесуден кейін Чехия құрамасының бас жаттықтырушысы Михал Билек өзінің ойын нәтижесіне қатты қанағаттанғандық білдіретінін айтты.

Польша-Ресей – 1:1. Бұл ой­ынның қорытынды нәтижесін әр маман әртүрлі бағалады. Олар­дың арасында «Орыстар қолда тұрған жеңісінен айырылып қал­ды» деген ойға ұран қосқандар да, «Варшава бітім-шарты жанға жағады» деп көңіл көтергендер де бар. Біздіңше, осының екеу­інде де дәйекті дәнек кездеседі. Бүкіл ­кездесу бойына поляктар­дың жалаң атқа жайдақ мініп алып, толассыз шабуыл үстінде жүргені де, соның қабатында ре­сейліктердің айтарлықтай байыпты әрі ойлы ойын көрсете біл­ген­дері де шындық. Айналып кел­генде, осы тең ойын екі жақтың еңсесін езе бермейтін көрнекті көр­сеткіш болып шыққан сияқ­ты. Ең бастысы, екі команданың да ширек финалға шығу мүм­кін­діктері сол күйі сақталып қалды.

Тағы бір айта кететін жәйт, бұл матч Ресей құрамасының қо­сынындағы өзекті мәселелердің де шетін шөкелеп шығарып кетті. Алдымен поляктар осының алдында чехтар ұстатпаған тізгінді беріп, оларды допқа бақылау жасап отыруға мәжбүр етті. Өздері болса, қорғаныстың соңғы буынын тас түйін етіп бекітіп алып, оған дейінгі кеңістікті ашып тас­тады. Осыған орай Дик Адво­кат­тың жігіттері бойларында күш-жігерлері тасып тұрған бі­рінші таймның өне-бойында сол қор­ғанды бұзып-жарып өтуге бір­неше рет әрекет жасап бақты. Бұл екі ортада Пищек-Блащиковски тандемінің оқта-текте суыл­даған қарсы шабуылдары болмаса, поляктар жағы қарсы­лас­та­рын аса бір қиын жағдайға қал­дыра қоймады. Ал зымырандай зырғыған Александр Кержаков­тың, екінші толқынмен екпіндей келетін Алан Дзагоев пен Андрей Аршавиннің, артқы түпкірден түре шабатын Юрий Жирковтың арқасында поляктар алаңы ара-тұра бөріккен қойдың қотанын­дай дүрлігіп қалып жатты. Мұн­дай ойынның гол соғуға да мүм­кіндік беретіні ақиқат еді.

Тап солай стандартты жағ­дай­да Алан Дзагоев тағы да жарқ ете түсті. Андрей Аршавиннің қия­лай тастаған добына таласа-тармаса ұмтылған екі жақ ойыншылары арасында осы жас шабу­ыл­шының басы бәрінен ептірек қимылдады. Одан сыдыра ұшқан допқа Пшемыслав Тытонь жете алмады. Қол созым жерден өте шыққан снаряд қақпашының сол жақ бұрышына барып топ ете қалды. Гол! Алайда, ресейлік­тер­дің бұдан кейін де есепті ұлғай­туға ыңғайлары болып еді. Бірде Кержаковтың соққысы айдалаға кетті, бірде Жирков пас жеткізуде сылбырлық көрсетті. Тағы бірде төреші алаң иелерінің ширек фи­налға шығу мүмкіндіктері бірден төмен түсіп кетпегенін қалаған­дай тірлік жасады. Айталық, оның бірер рет поляктар қақ­па­сына пенальти белгілеуіне әбден болатын еді.

Кездесудің осы тұсында алаң иелері де гол соғудың бірнеше мүмкіндігін жіберіп алды. Ор­ыстардың қорғаныс шебін Левандовски бірнеше рет көктей өте шықты. Оны тоқтатуға Игорь Денисов үлгере алмай қалса, Сергей Игнашевич көмекке әзер үлгеріп жүрді. Арасында Малафеев құт­қа­рып тұрды. Үзілістен кейін ре­сей­ліктер шабуылшыларының шаршап қалғандары анық ба­й­қалды. Мұны сезінген поляктар бұрнағы­дан да өршелене алға ұмтылды. Нәтижесінде олардың қауіпті жұбы еңістен салса, төске озатын тарландығын танытты. Әуелі Аршавин Жирковқа дәл пас бере алмай қалды. Оны іліп алған Блащиковски өзінің әріп­тесімен бірге алға қарай заулады. Сол пәтімен жүгіріп келе жатып доп ұрған Якуб оны Малафеев қорғаған қақпаның оң жақ бұ­рышына солқ еткізді. Осылайша поляктардың әу бастан мықты саналған оң қа­наты өзін өзі ақтап шықты. Бұдан кейін де екі жақ­тың есепті өзгер­тетін мүмкін­дік­тері болды. Бірақ қарсыластар одан тиісті нәтиже шығара алмады. Ақыр соңында екі жақ бейбіт тарқасуға келіс­кендей сыңай танытты.

Үлкен таласпен келген бұл тең ойын 4 ұпаймен Ресейді бі­рін­ші орында қалдыра берсе, екін­ші сатыға 3 ұпайлы Чехия көтерілді. Ал поляктарда – 2, гректерде 1 ұпай бар. Бұл жағдай келесі кезеңге әлі осы төрттіктің қай-қайсысы да таласа алатынын білдіреді.

Кеше кешке Дания – Португалия, Германия – Голландия құра­малары арасындағы ойындармен екінші турдың ойындары жалға­сын тапты. Бұлардың алдыңғы­сында кездесу 3:2 есебімен Пор­тугалияның пайдасына шешілді.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

_________________

ОЙЛАР, ПІКІРЛЕР, КӨЗҚАРАСТАР

 Йоахим ЛЕВ, Германия құрамасының бас жаттықтырушысы: – Мен жеңіске жеткен құрамды өзгертпеу керек деген қағидатты барлық уақытта бірдей ұстана бермеймін. Сондықтан Голландиямен матчтың старттық құрамында бірқатар өзгерістер орын алып қалуы әбден мүмкін. Мен әрдайым тосын нәрселер жасауға құмармын. Ал Мирослав Клозенің жарақатынан айыға бастағаны қатты қуантады. Ол сауыққан кезінде әлемдік деңгейдегі ойыншы болып шыға келеді. Демек, оған көп үміт артамыз.

Мортен ОЛЬСЕН, Дания құрамасының бас жаттықтырушысы: – Мен біздің құраманың дәл қазіргідей жақсы қақпашыларға толы болған кезін есіме түсіре алмаймын. Бұл, әрине, жақсы. Алдағы ойындарда оның пайдасы тимесе, залалы болмайды. Ал 2008 жылдан бері Португалия­мен 4 рет кездесіппіз. Солардың екеуінде біз, біреуінде қарсыластарымыз жеңген. Бұл жолғысын білмеймін. Бірақ біз қалай дегенде де топтан шығуға күш саламыз.

Матье ДЕБЮШИ, Франция құрамасының қорғаушысы: – Мен Англиямен болған тең ойынның нәтижесін оңды деп есептеймін. Осы ойынның қалай басталғанын бір сәт еске түсіріп көрейікші. Сол кезде бәрі түсінікті бола түседі. Алғашқы 20 минутта біз өзімізді өзіміз жоғалтып алдық. Содан кейін ғана ес жидық. Сондықтан тең ойын – әділ көрсеткіш. Дегенмен, әлі ештеңе жоғалта қойған жоқпыз. Алдағы екі матч біздің тағдырымызды тиімді шешеді ғой деп ойлаймын.

________________

Матч миниатюралары

* Сейсенбі күні чемпионаттың А тобында екінші турдың екі ойыны ойналды. Оларды стадионнан 96 950 адам тамашалады. Ал біріншілік басталғалы бергі көрермен саны 472 245-ке жетіп отыр.

* Екі ойында 5 гол соғылды. Бұл көрсеткіш әр ойында орта есеппен 2,5 гол соғылған көрсеткішті сақтап қалды. Жалпы, біріншілік басталғалы қақпашылар өз қақпаларынан 25 рет доп алып шықты.

* Біріншіліктің мергендер сапына тағы да өзгеріс енді. Оны 3 голмен Ресей құрамасының шабуылшысы Алан Дзагоев бастады. Сол сияқты чех Вацлав Пиларж екінші голын соқты. Одан басқа украин Андрей Шевченко, хорват Марио Манджукович екі доптың авторы болып отыр. Бұл күні 1 доп соққандар қатарына чех Петр Ирачек, поляк Якуб Блащиковски қосылды. Бұлардан басқа тағы 9 ойыншыда 1 голдан бар.

* Бұл күні чехтар Томаш Росицки, Петр Ирачек, гректер Вассилис Торосидис, Димитрис Салпингидис, поляктар Роберт Левандовски, Ойген Полански, ресейліктер Игорь Денисов, Алан Дзагоев ескерту алды.

* Төрешілер біріншілік басталғалы бері 2 ойыншыны алаңнан қуып, 32 ойыншыға ескерту берді.

* Үздік ойыншы атағына Петр Ирачек (Чехия), Якуб Блашиковски (Польша) ие болды.

________________

Деректер мен дәйектер

* УЕФА Хорватия құрамасына қарсы іс көтермекші. Осы халық­ара­лық ұйымның ресми сайты хабарлағандай, бұл Ирландияға қар­сы ойын кезінде осы ел жан­күйерлерінің жасаған бейбастақ­тық­тарына байланысты болмақ. Хорват фанаттары матч кезінде петард атып, фейерлер жаққан.

* Андрей Шевченко жол оқи­ға­сы­на ұрынып қалды. Швециямен болған матчтан кейін әйелі Кристен Пазикпен бірге үйіне қайтып келе жатқан футболшының мәшинесіне бір джип келіп соғылған. Оқиға болған жерде тысқа шыққан футболшыны жан­күйерлер қоршап алып, қолтаңбалар беруге мәжбүр етіпті.