Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:12
Жақында Лондонда Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы әлемдегі әйгілі үш боксшымен АИБА-ның АРВ (AIBA Professional Boxing) жобасы бойынша келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім-шарт Қазақстаннан екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевпен, Әзербайжанның аса ауыр салмақтағы боксшысы, әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовпен және Корея өкілі Джонг-Хун Шинмен жасалды.
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:12
Жақында Лондонда Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы әлемдегі әйгілі үш боксшымен АИБА-ның АРВ (AIBA Professional Boxing) жобасы бойынша келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім-шарт Қазақстаннан екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевпен, Әзербайжанның аса ауыр салмақтағы боксшысы, әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовпен және Корея өкілі Джонг-Хун Шинмен жасалды.
Бұл қол қою рәсімі біздің елден Лондонға WSB (Бүкіләлемдік бокс сериясы) жобасы аясында аса ауыр салмақтағы хорватиялық Филипп Хрговичпен қолғап түйістіру үшін барған Руслан Мырсатаевтың кездесуінің басталуына бір сағат қалғанда өткен. Ал осы кездесуде Мырсатаевтың қарсыласынан жеңіліп қалғаны белгілі.
Ал алдағы кезде жаңа жоба аясында өнер көрсететін боксшыларға келсек, өзіміздің Серік Сәпиев 28 жасында төрт әлем чемпионатына қатысқан боксшы. Соның екеуінде – 2005, 2007 жылдары чемпион болса, 2009 жылы қола медальға, ал былтыр күміс жүлдеге ие болған. Қазір ол бас бапкер Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен Лондон Олимпиадасына дайындалуда.
Серіктің өзі Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының жаңа жобасы бойынша мынадай пікір білдірген екен.
– Бүгінде әуесқой бокста былғары қолғабын шегеге іліп, шаршы алаңға мүлдем жақындамай кеткен талантты боксшылар көп. Қазір біздің арамызда да, сол бойындағы күш-қуатын дер кезінде жұмсай алмай, жасы келгенде рингтен кеткен боксшылар аз емес. Мен олардың бәрін айтпай-ақ қояйын. Сол боксшыларға АИБА-ның кәсіпқой бокс жобасы дер кезінде ұсынылғанда олар, сөз жоқ, шаршы алаңның шаңын әлі біраз уақыт қағар еді. Ал енді өзім осы жобаға келгеніме еш өкінбеймін. Бұл жоба маған өте ұнады. Бұл – боксшының әуесқой рингтен кеткеннен кейінгі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, спорттағы жетістіктерін жалғастыруға, болашағын қамтамасыз етуге, ең бастысы, ол АИБА мен ұлттық бокс федерацияларының бірігіп жұмыс істеуіне жасалған жоба.
Жалпы айтқанда, АИБА-ның кәсіпқой бокс жобасы – оның Бүкіләлемдік бокс сериясынан басқа жасаған үшінші жобасы. Егер Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) командалар мен рейтинг бойынша үздік шыққан боксшылар арасында жекелеген чемпионаттар өткізілсе, АРВ (АИБА-ның кәсіпқой боксы) жобасы боксшылардың әуесқой рингтен кетіп, WSB сериясы сияқты Олимпиада жолдамасына таласа алады.
Бұл жобаның жарыстары 2013 жылдың сәуір айынан басталады.
_________________________________________
Ақжолтай!
«Самұрық-Қазына» АҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Лондонда өтетін ХХХ Жазғы Олимпиада және ХІV Паролимпия ойындарына дайындық және қатысу шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Кездесуде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы қордың Олимпиадаға өз бюджетінен 900 млн. теңге бөлгенін айтты.
________________________________________
Тоқсан алтыншы жолдама
Осы аптада Лондон Олимпиадасына тағы бір жолдама алған спортшының есімі белгілі болды. Ашық суда жүзуден жалқы жолдаманы иеленген спортшымыздың есімі – Юрий Кудинов. Ол 1979 жылы Алматы қаласында туған.
Кудинов – соңғы кездері халықаралық және елішілік жарыстарда топ жарып жүрген спортшы. Сондай жарыстардың бірінде – Португалияда өткен әлемдік іріктеу турнирінде 10-орын алып, Олимпиада лицензиясын иеленді.
Сөйтіп, Қазақстан спортшылары алған Олимпиада жолдамасының саны 96-ға жетті. Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігі төрт жылдықтың басты бәсекесіне 100-ден астам лицензияны жеңіп алуды мақсат етуде. Лицензиялық жарыстар 9 шілдеге дейін жалғасса, отандастарымыздың тағы бірнеше жолдаманы жеңіп алуға шамасы жетеді деп ойлаймыз.
Атлеттер рейтингпен таңдалды
Меңдіхан ТӘПСІР, Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы.
Жуырда Талдықорғанда ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында 4 қыз бен 4 жігіттің Лондон Олимпиадасына жолдама алғаны белгілі. Солардың ішінде жолдама алған Фархад Харки мен Арли Чонтей туралы көп адамдар біле бермейді.
Негізі, біздің зілтеміршілердің 8 жолдаманы жеңіп алғанын білесіздер. Олардың есімдері осы кезге дейін белгілі болған жоқ. Өйткені, біз үш рейтинг бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүрген зілтеміршілерді ел чемпионатында таңдап алуды жөн көрген едік. Сөйтіп, бірінші рейтинг Халықаралық ауыр атлетика федерациясының тізімі, екіншісі бапкерлер кеңесінің рейтингі және үшіншісі ұлттық құрама бас бапкерінің кеңесшісі Әнуар Түркелеридің рейтингісі бойынша таңдап алынатын болып шешілді. Жасыратын несі бар, ел чемпионатында бәрі жақсы өнер көрсетті. Алайда, Ильин мен Өтешевтің, Харки мен Чонтейдің Халықаралық федерациядағы рейтингісі, бапкерлер кеңесіндегі беделі жақсы болды. Ең соңында біз Түркелериге қай спортшыға таңдауыңыз түсті деп сұрадық. Ол жаңағы төрт жігіттің есімін атады. Сөйтіп, біз беделді маманның сөзіне тоқтап, осы спортшыларды Лондонға апаруды жөн көрдік.
Дайындаған
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».