Сәрсенбі, 27 маусым 2012 6:46
Маусымның 24-інде ширек финалдық ойындар соңына жеткеннен кейін сол төрттікке кірген командалар екі күндік үзіліс алды. Чемпионаттың демін ішіне тартып, тыныс алған осынау сәті дүлей дауылдың алдындағы саябыр тапқан тыныштық сияқты.
Сәрсенбі, 27 маусым 2012 6:46
Маусымның 24-інде ширек финалдық ойындар соңына жеткеннен кейін сол төрттікке кірген командалар екі күндік үзіліс алды. Чемпионаттың демін ішіне тартып, тыныс алған осынау сәті дүлей дауылдың алдындағы саябыр тапқан тыныштық сияқты.
Арыдан толғап, беріден ойлағанның өзінде, біріншіліктің бұл кезеңінде ешқандай күтпеген оқиғалар болған жоқ. Негізінен, мамандар алға озады деп топшылаған құрамалар сол межеден көріне білді. Португалия өзінің чехтардан күшті екенін іс жүзінде дәлелдесе, қазіргі сәтте бір иығы озық испандар өзіне бой бермей келген француздарды тұсаудың ығытын жақсы келтірді. Ал немістер мен гректерді салыстырып жатудың өзі артық. Тек Англия мен Италия арасындағы шайқаста ғана анық фаворит болған жоқ. Мұнда нақтылы матчта қай жасақ ептілік танытса, соның айдыны асатыны айқын еді. Ол тұтастай басымдық көрсеткен итальяндардың ойыннан кейінгі пенальти арқылы жеңіске жеткенін айғақтап берді. Сонымен бірге, плей-офф кезеңі Криштиану Роналду, Хаби Алонсо, Марко Ройс және Джанлуиджи Буффон секілді ойыншыларды қаһарман етіп шығарды.
Криштиану Роналду факторы
Жартылай финалға бірінші болып Португалияның шыққаны бүгінде тарих болып қалды. Бірақ оның Чехияны 1:0 етіп ұтуы алаңда қалыптасқан жағдайға мүлдем жанаспайды. «Еуропалық бразилдер» бүкіл матч бойына басымдылыққа ие болды. Осы жағдайда ірі есеппен ұтылмай, аман кеткен чехтардың жолы болды деуге толық негіз бар. Осыған жеткізбеу үшін Петр Чех бірнеше рет естен тандырарлықтай сэйв жасады, екі рет Криштиану Роналдудың добын қақпа бағаны «жұтты», екі рет гол соғудың тамаша мүмкіндігін Нани босқа жіберіп алды. Бір рет Угу Алмейда Чехия қақпасына керемет гол салып еді, ол офсайд деген желеумен саналмай тасталды.
Дегенмен, пиренейлік жігіттер өз дегендеріне жетті. Екінші таймның ақырында қақпаға түскен бұл голды Криштиану Роналду өз есебіне жазды. Ал бүгінгі Португалия құрамасын тап осы форвардсыз елестету мүмкін емес. Бұлар бір-бірінің синонимі сияқты. Себебі, команда капитанының ойыны жүрмесе, құраманың да ойыны алға баса қоймайды. Бұл аксиома осы чемпионат кезінде де әлденеше рет дәлелденді. Айталық, біріншілік басындағы екі кездесуде Криштиану өзіне-өзі келе алмай жүрді. Соның нәтижесінде, португалдар немістерге есе жіберіп қойды. Ал даниялықтарды әупірімдеп жүріп, әрең тізе бүктірді. Бұдан әрі Роналдудың дублі тіркелген Голландиямен ойын олардың чемпионаттағы ең мықты матчтарының бірі болып танылды. Келесі кезекте капитанның жалғыз добы Паолу Бенту сарбаздарына жартылай финалдың есігін ашып берді.
Енді Португалия жартылай финалда әлемнің және Еуропаның іс үстіндегі чемпионы Испаниямен кездеседі. Мұнда, әлбетте, оларға фавориттік рөлді ешкім беріп отырған жоқ. Бірақ құрамында Криштиану Роналду бар «еуропалық бразилдер» кез келген сәтте мәселені жеке-дара шешіп те кете алар еді.
«Неміс мәшинесін» кім тоқтатады?
Германия құрамасы өзінің гректермен матчында пәлендей қатты қарсылыққа тап болған жоқ. Бұл осы матчқа Йоахим Лёв команданың шабуыл шебін түгелдей өзгертіп шығарғанына қарамастан орын алды. Керісінше, «бундестим» осыдан кейін тіпті жаңа қырынан көрінді. Немістердің шабуылы бұрынғыдан да жедел, жай отындай жарқылды болып шықты. Мұнда оң қанатта Марко Ройс, сол қапталда Андре Шюррле өз қарсыластарын құйындай иіріп, қайта-қайта артқа тастап кетумен болды. Ал жарақатынан кейін қатарға енді ғана қосылып келе жатқан 34 жасар Мирослав Клозе жылдамдығын әлі жоғалта қоймағанын талай танытты.
Бұл жолғы 4:2 деген есеп те матчтың толық кейпін бере алмайды. Ол Йоахим Лёв шәкірттерінің пайдасына қарай әлі де жығыла түсуі қажет еді. Тек Ройстың өзі бірінші таймда үш рет гол соғатын сәтті пайдалана алмады. Үзіліске дейін доп құдды бір дуалап тастағандай Михалис Сифакистің қақпасына қарай баспай қойды. Тек Филипп Ламның допты «тоғыздыққа» топ еткізгенінен кейін ғана иықтан ауыр жүк түсе бастағандай болып көрінді.
Германия құрамасы тек екінші таймның 55-тен 61-минутына дейін ғана біршама қиындықтарға тап келді. Осы тұста Гиоргос Самарас есепті теңестіріп үлгерді. Алайда, бұдан кейін «бундестим» айтарлықтай тез ілгері шығып кетті. Алдымен Сами Хедира аяғына келіп қалған допты тоқтатпастан ұрып, керемет голдың авторы атанды. Содан соңғысы шеберліктің шеңберінен өрілді. Осы тұста Клюзе мен Ройс бір-бір доптан соғып, есепті талқандау шегіне дейін жеткізді. Рас, матч соңында Германия өзіне тіпті керек емес жағдайда Пенальтиден гол соқтырып алды. Бұл әдемі өрнектелген өнегелі ойынға ептеп көлеңке түсіріп кетті.
Енді, жартылай финалда немістерге Италия құрамасымен семсер сілтесу күтіп тұр. Бұл матчта, сөз жоқ, фаворит рөлін Германия алады. Бірақ «скуадра адзурраның» оңайлықпен беріле салмайтыны тағы аян. Ал «бундестим» бұл кездесуге қандай келбетте шығады? Старттық құрамға Гомес, Подольски және Мюллер орала ма? Қазір, бәлкім, Йоахим Лёв бұған бізден де артық бас қатырып жатқан шығар. Бірақ бұл жанға жайлы бас ауруы. Себебі, жаттықтырушыда таңдау бар. Ал қарсы жақтың бас қатыруы бұдан да күшті болса керек. Ол қайткенде «неміс мәшинесін» тұрған орнында кілт тоқтатуға болатыны төңірегінде өрбиді.
Тағы бір статистика. Германия құрамасы осы жеңіспен бірге өзінің ресми матчтардағы ұтыстары қатарын тура 15-ке жеткізіпті. Бұл – жаңа рекорд.
Сонымен, чемпионат өзінің шешуші кезеңіне қадам басты. Бүгін түнде Португалия мен Испания алаңға шығады. Ертең Германия мен Италия финалға баратын мықтыны анықтайды. Осылайша біріншілік өзінің мәресіне біртіндеп жақындап келеді.
Cерік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».