Сәрсенбі, 27 маусым 2012 6:50
Ұлттық құраманың ұстаздары
Қазақстан дзюдошыларының бас жаттықтырушысы Асхат Житкеев өткен Бейжің Олимпиадасында ғана күміс медаль алып, еліміз қоржынына спорттың бұл түрі бойынша бірінші ірі жүлдені алып беріп еді. Бір қызығы, сол жолы Олимпиада тұғырына Асхатпен бірге көтерілген үш саңлақтың екеуі – алтын медаль алған моңғол Найдан Тувшинбайяр мен қола медаль иегері нидерландылық Хенк Грол осы жолы да Тұманды Альбион төрінде өнер көрсетпек. Ал А.Житкеев Англияға бапкер ретінде барады.

Асхат Расулұлы Житкеев 1981 жылы 13 сәуірде Талдықорған қаласында туған. Дзюдодан Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері. Әлемнің 2001 жылғы қола жүлдегері. Азия ойындарының 2002, 2006 жылдарғы жеңімпазы. Азияның 2003, 2004 жылдарғы чемпионы, 2005 жылғы күміс жүлдегері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.
Асхат дзюдо секциясының есігін Саяхат Құдайбергеновтің қарауында жаттығудан аттады. Кейінірек Жексенбай Саламатов пен Саян Хамитжановтың қарауларына көшті. Спортшылық жолындағы ең ірі табысына жеткен Бейжің Олимпиадасында 100 килоға дейінгі салмақта күш сынасқан дзюдошы жігіт алдымен кувейттік, сосын босниялық, үшінші жекпе-жегінде венгер қарсыласын түгелдей таза («иппон») жеңді. Жартылай финалда голландиялық әріптесін ұпай санымен ұтқан ол финалда моңғол жігітіне есе жіберіп қойды. Бұл оны күміс медальді місе тұтуға мәжбүр етті.
Асхат Расулұлы еліміздің дзюдо құрамасы тізгінін 2010 жылғы желтоқсан айында алды. Бұған дзюдошыларымыздың Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен XVI Жазғы Азия ойындарында сәтсіз өнер көрсетуі негіз болды. Жаңа бапкердің жасағы күні кеше Ташкентте өткен іріктеу турнирін кейін әлемдік рейтинг бойынша алдыңғы қатардан көрініп, 8 лицензияға қол артты. Команда жақын арада тағы бір қосымша жолдамаға ие болып, олардың санын 9-ға жеткізгелі отыр. Ал Асхат әлемдік рейтингте бірінші болып аталған әлемнің чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Максим Раковтан көп үміт күтеді.
Тағы бір айта кететін жәйт, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы аяқталғаннан алты күн кейін Асхат Қазақстанның мықты волейболшы қыздарының бірі Елена Павловамен үйлену тойын өткізді. Осы Ойындарда Лена да Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен еді. Олар бұдан тура 11 жыл бұрын Алматы спорт мектеп-интернатында танысқан болатын. Содан бері екі жас бір-біріне қарайлап, өз сезімдерін сынақтан өткізіп келді. Қазір бұл отбасында Томирис есімді бүлдіршін өсіп келеді.
Руслан ИГІЛІК.