Жұма, 29 маусым 2012 6:40
Бұрнағы күні Португалия мен Испанияның арасында өткен бірінші жартылай финалдық ойынның негізгі және қосымша уақыттарында есеп ашылмады. Содан соң осы турнирде қатарынан екінші мәрте матчтан кейінгі пенальтиге жүгінуге тура келді. Онда «қызыл фурияның» бағы жанды.
Жұма, 29 маусым 2012 6:40
Бұрнағы күні Португалия мен Испанияның арасында өткен бірінші жартылай финалдық ойынның негізгі және қосымша уақыттарында есеп ашылмады. Содан соң осы турнирде қатарынан екінші мәрте матчтан кейінгі пенальтиге жүгінуге тура келді. Онда «қызыл фурияның» бағы жанды.
Матчқа дейін. Испания құрамасы осымен қатарынан екінші рет құрлық чемпионатының финалына шығып отыр. Егер осында тағы да жеңіске жетер болса, ол басы сонау өткен ғасырдың 1960 жылынан басталатын Еуропа біріншілігінде қатарынан екі рет чемпиондыққа қол жеткізген бірінші құрама болар еді. Ал мына кездесудің алдында екі жақ та жеңістен үмітті екендіктерін жасырған жоқ. Әсіресе, Паолу Бенту бастаған португалдар өліспей беріспейтіндерін әлденеше рет айтты. Оған қарағанда Висенте дель Боске сабыр сақтады.
Дерек. Испания құрамасы бұған дейін екі рет – 1964 және 2008 жылдары құрлықта бірінші команда атанған. Ал Португалия 2004 жылы өз елінде өткен доданың финалында гректерге жол беріп қойды. Оның бұдан өзге ірі табысы жоқ. Бұл құрамалар, арғы жағын айтпағанда, XXI ғасырдың өзінде өзара бірнеше рет кездесіп қойды. Айталық, 2002 және 2003 жылдары болған жолдастық кездесулердің біріншісінде испандар 3:0 есебімен жеңіп, екіншісінде 1:1 деген тең нәтиже тіркелді. Ал 2004 жылғы құрлық чемпионатында португалдар 1:0 есебімен басым түсті. Содан соң 2010 жылғы әлем біріншілігінде тап осындай есеппен ұтылды. Мұның есесіне, бұлардың арасындағы соңғы өткен жолдастық кездесуде Португалия 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойын. Айтса айтқандай, португалдар бұл матчта испандарға біраз проблема жасап берді. Алаңда іс жүзінде тепе-тең ойын жүрді. Мұнда командалар өте сақ ойнады деп те айта алмаймыз. Соған қарамастан, қауіпті сәттер мүлдем дерлік болған жоқ. Бірінші таймда екі жақ жабылып жүріп, екі соққы ғана жасады. Оның екеуін де португалдар ұрды. Жалпы, олар матчты белсенді бастады. Өздерінің оңтайлы сол қанатымен алға қарай қиқулай ұмтылған олар тез бұрыштама добын соғуға да қол жеткізді. Оны Рауль Мейрелеш қақпаның ендігіне туралап жеткізіп еді, Икер Касильяс қауіпті допты қақпадан асырып қана тыншу тапты. Бұдан кейін испандар үдере көтерілді. Олардың оң қанаттан өрбіткен шабуылдары алаңның ортасынан үзілді. Португалдардың орталық қорғаушысы Пепе қақпа алаңына келіп қалған форвард Альфредо Нергедоның өзінен сытылып кетуіне жол бермеді. Келесі кезекте қарсы шабуылға шығу мүмкіндігін «селесау» жағы да құр жібермеді. Екі жақтың жорықтары осылай кезек-кезек толқындана өрбіген бірінші бөлік ешбір нәтижесіз аяқталды.
Екінші таймда испандар допқа көбірек иелік ете бастады. Олар өздеріне үйреншікті футболға көшуге ұмтылып бақты. Португалдар осы тұста прессингті едәуір күшейтті. Жалпы, ойыншылардың шаршағаны байқалған бұл кезеңде шиеленісті сәттер көбейе түсті. Солардың бірінде португалдардың екеуге төртеу болып шыққан сәтінің өзі неге тұрады. Алайда, бұл да босқа кетті. Бірақ ойын аяғы жақындаған сайын екі жақтың да өз қақпаларының аман қалу жағын көбірек күйттейтіндері білініп қалды. Сол үргедек көңіл күй негізгі уақыттан кейінгі үшінші және төртінші қосымша таймдарда да аңғарылды. Бірте-бірте футболшылардың кездесуде жеңілгенше, пенальтиде бақтарын сынап көруге ынталы екендіктері айқындала берді. Бұл уақыттары испан тактикасына қарсы ойында барлық күш-қуаттарын сарқып алған португалдардың шаршап қалғаны да байқалды. Мұны тиімді пайдаланған Испания құрамасы тізгінді өз қолына алды. Бұған қоса оның ойыншылары екеулеп-үшеулеп жүріп, Роналдудың еркін қимылдауына мүлде мүмкіндік бермей қойды. Осының ретінде ашық қалған Нани бәрібір Криштианудей ойнай алмады. Мұның бәрі, айналып келгенде, «қызыл фурияның» десін арттыра түсті. Бәлкім, «футбол құдайы» сол шақтарда ерекше екпін алған басымдығын ынталандырған да болар, ол матчтан кейінгі пенальтиде үстем көрінді. «Селесау» сапынан добын қақпа бағанына тигізген үшінші ойыншы – Альвеш «қызыл фурияны» финалға да шығарып берді.
Бір қызығы, осы жолы бірінші рет жеңілген жақтың ойыншысы матчтың үздігі болып танылды. Ол атаққа жартылай қорғаушы Рауль Мейрелеш қол жеткізді. Португалия құрамасының ұзақ уақыт бойы орталық шепке егелік етулерінде осы ойыншының еңбегі зор болды.
Матчтан кейін. «Португалдар керемет қорғана білді, – деді кездесуден кейін Висенте дель Боске. – Бізде де мүмкіндіктер аз болған жоқ. Сондықтан шайқас барынша тең өтті. Бізге тек ойыннан кейінгі сәттілік көмектесті. Осыған орай турнирді тамаша етіп өткізгені үшін Португалия құрамасын құттықтағым келеді». Паолу Бенту де осыған ұқсас сөздер айтты. Ол бүкіл Португалия елі біздің ойынымызды мақтан тұтатынына сенімдімін, деген мазмұндағы ойын жеткізді.
Ал кеше түнде Германия мен Италия арасындағы матчтың қорытындысымен екінші финалистің есімі белгілі болды. Ақтық айқас 1 шілде күні Киевте өтеді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».