Сайлау қалай өтеді?
Алдымен, АҚШ-тағы президент сайлауы қалай өтеді, праймериз деген не, осыған қысқаша тоқталайық. АҚШ Конституциясының екінші бабына сәйкес, Америка Құрама Штаттарының президенті болып сайлану үшін тұлға АҚШ-та туған, ел аумағында кемінде 14 жыл тұрған, 35 жастан кіші емес азамат болуы керек.
2020 жылдың 3 ақпанынан бастап барлық штаттарда президенттікке үміткерлердің алғашқы сайлауы өтеді. Мұны партия ішіндегі сайлау деуге болады. Өйткені сайлаушылар бірінші Республикалық және Демократиялық партиялардың атынан президенттікке түсетін үміткерлерге дауыс береді. Сайлаудың осы бірінші кезеңі праймериз терминімен белгілі.
Бұдан кейін партия басшылығы ұлттық съездер өткізіп, әр партияның атынан президенттікке үміткер бір-бір кандидатты бекітеді. Үшінші кезең – басты кезең. Бұл аралықта АҚШ азаматтары президентке қана дауыс беріп қоймай, сондай-ақ өз штаттарының өкілдерін – таңдаушыларды сайлайды. Ал қорытынды төртінші кезеңде Сайлау алқасының дауысы шешуші рөл атқарады.
Әлеуетті кандидаттар кімдер?Ballotpedia порталының 15 сәуірдегі дерегі бойынша, бүгінде президент сайлауына түсу үшін Федералды сайлау комиссиясына 671 кандидат тіркелген. Оның ішінде 227 кандидат – Демократиялық партияның, 84-і – Республикалық, 24-і – Либералдық және 14-і «жасылдардың» өкілі.
Төрт жылда бір келетін президент сайлауына тіркелуші кандидаттардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Басталуына бір жыл уақыт бар болса да, алдағы сайлауға тіркелгендер саны 2012 жылғы жалпы кандидаттар санынан асып түсті. 2016 жылғы сайлауда 1762 кандидат тіркелген. Және кандидаттардың ішінде демократтардың үлесі басым. Соңғы 20 жылдағы дерекке сүйенсек, тек 2004 жылы ғана республикашыл кандидаттар көп тіркелген.
Жалпы, осы күнге дейін 21 лауазымды тұлға мен көрнекті қоғам қайраткері президент сайлауына қатысатынын жария түрде мәлімдеді. Оның екеуі – Республикалық партиядан болса, 19-ы – Демократиялық партия өкілі.Республикашыл екеудің бірі, қазіргі президент Дональд Трамп 2017 жылдың 20 қаңтарында өзінің ұлықтау рәсімінде қайта сайлауға түсетінін білдірген. Ал екіншісі Билл Уэлдтің сайлауға түсетіні биыл жақында ғана 15 сәуірде белгілі болды. Ол – Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы, 2016 жылғы сайлауға либералдардың атынан қатысқан. Қазіргі рейтинг бойынша Трамптың республикашылдардың 90 пайыз қолдауына ие екеніне қарамастан, Уэлд оған басты қарсылас болмақшы. Ол Трампты құқық қорғау органдарына ықпал етуге тырысты деп мәлімдеді. Сондай-ақ Уэлд қазіргі президенттің ғаламдық жылыну және климат өзгерісі мәселелеріне қатысты көзқарасын қатаң сынға алды.
Бұған қоса, республикашылдардың ішінен әлеуетті кандидат ретінде Огайоның губернаторы Джон Кейсик пен Мэриленд штатының губернаторы Ларри Хоганның есімдері аталады. 2016 жылы президент сайлауына қатысқан жасанды түсікке қарсы күрескер және төмен салықтар жақтаушысы Джон Кейсик осы жолы праймериз кезінде Трампқа айтарлықтай қарсылас бола алады деп жорамалдануда. Ал Ларри Хоган қаруға шектеу қоюды жолға қойды және біржынысты некені қолдайды. Ол сондай-ақ демократтармен партияаралық ынтымақтастықты жөнге келтіруді құп көреді.
Демократтардың арасынан бірден ойға оралатыны – Хиллари Клинтон. 2016 жылы Дональд Трамптың басты қарсыласы атанған оны көпшілік осы жолы да алған бетінен қайтпайды деп топшылаған. Бірақ Клинтон биыл 4 наурызда New York City TV арнасына берген сұхбатында 2020 жылғы сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді. Ол саясатқа белсенді араласып, Демократиялық партияның кандидатына қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізген. Бұл мәлімдемеден қағыс қалмаған Трамп дереу өзінің twitter-дегі парақшасында Х.Клинтонның сайлауға қатыспайтынына қынжылыс білдірді. Осы Клинтонға 2016 жылы праймериз кезінде жол берген сенатор Берни Сандэрс бұл сайлауда Трампқа лайықты қарсылас болады деген болжам бар. Сайлауға түсуге әлі өтінім бермеген Сандэрс денсаулық сақтау саласындағы қолжетімділік, мемлекеттік колледждерде тегін білім алу, еңбекақыны көтеру сияқты әлеуметтік мәселелерді алға қояды. Бұған қоса, сайлауға қатысатыны анық бұрынғы вице-президент Джо Байден және экс-мемлекеттік хатшы Джон Керри сияқтылардың есімі президенттікке әлеуетті үміткерлер қатарынан аталады. Сонымен қатар тәуелсіз кандидат ретінде миллиардерлер мен танымал тұлғалардың ішінен Starbucks кофехана желісінің бұрынғы басшысы Говард Шульц сайлауға түсуге ниетті екенін аңғартты. Бұл тізімде Dallas Mavericks ұлттық баскетбол ассоциациясының инвесторы және иесі Марк Кьюбан мен Hewlett-Packard корпорациясының бұрынғы президенті Карли Фиорина бар. Бұлардың ішінде табысты кәсіпкер, Нью-Йорктың бұрынғы мэрі Майкл Блумбергтің де аты кездескен, бірақ ол өзі кейіннен бұл ойынан бас тартқан.Трамп тағын сақтап қалуға қаншалықты қауқарлы?
Жоғарыда атап өткеніміздей, Дональд Трамп Республикалық партия деңгейінде зор қолдауға ие. Өткен наурыз айының басында NBC News сайтының жүргізген сауалнамасының нәтижесі бойынша 10 америкалықтың төртеуі оны келесі жылы қайта сайлауға дайын екен. Олардың 58 пайызы Д.Трампты Ресейге қатысты ұстанымына соңына дейін берік әрі әділ болмады деп санайды. Тағы 60 пайызы оның оңтүстік шекарада қабырға салу үшін төтенше жағдай енгізу туралы шешіміне үзілді-кесілді қарсы.
Алдағы сайлауда елдің демографиялық өсімі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Өйткені соңғы 20 жылда АҚШ-тың ақ нәсілді азаматтарының саны 10 пайызға қысқарған және қазір 66,7 пайызды құрап отыр. Бұл жыл өткен сайын қара нәсілді халықтың саны көбейіп жатқанын көрсетеді. Оған қоса, 2019 жылдың басында испан тілді азаматтардың саны алғаш рет афроамерикалықтардан асып түсті. Яғни, 2016 жылғы сайлаудың нәтижесін ескерсек, Дональд Трамптың орнын сақтап қалуы оңай шаруа емес. Мәселен, өткен сайлауда афроамерикалықтардың 88 пайызы Хиллари Клинтонды қолдаған. Сондай-ақ латынамерикалықтардың 65 пайызы, азиаттардың 65 пайызы Трампқа қарсы дауыс берген.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»