Барша жұрттың Головкинді жақсы көретіні белгілі. Ол өзге кәсіпқой боксшылар секілді ешуақытта мақтанбайды, масаттанбайды, жеңістің буына мастанбайды. Кеудесін керіп, көпіре сөйлемейді. Бір сөзбен айтсақ, Гена үндемей-ақ, үлкен іс тындырып жүрген мықты азамат. Ал біздер үшін ең маңыздысы – шаршы алаңға ол үнемі қазақтың шапанын киіп шығып, ұзақ жылдар бойы Қазақстанның спорттық даңқын асқақтатты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында тұрып: «Әкем – орыс, анам – корей, ал мен – қазақпын!» деп айтқан бір ауыз ғана сөзінің өзі неге тұрады.
2006 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген Головкин сол сәтке дейін өткізген 39 кездесудің 38-інде жеңіске жетті. 34 қарсыласын кесілген теректей сұлатып салды. 2017 жылдың күзінде GGG мен «Канело» арасындағы бәсекеде тең есеп тіркелді. Негізі сол жолы біздің жігіт ұтқан еді. Алайда қазылар алқасы әділдікті белден басты. Сол жекпе-жектен кейін біраз дау-дамай болғаны белгілі. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ.
Әлем чемпионы атағынан айрылғаннан кейін отандасымыз біраз уақыт бойы ойланып-толғанып жүрді. Ақыры әйгілі DAZN сервисімен келісімшартқа отырды. Енді ол 8 маусымда қайта шаршы алаңға шығады. Ал Нью-Йоркте Геннадий Головкинмен жұдырықтасатын канадалық боксшы жайында біз не білеміз?
Стив Роллс 1984 жылы Үйеңкі жапырақтар еліндегі Онтарио провинциясындағы Гамильтон қаласында дүниеге келді. Әуесқой рингте біраз тәжірибе жиды. Канаданың екі дүркін чемпионы атанғаннан кейін 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында бақ сынау құрметіне ие болды. 75 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол алғашқы айналымдарда грузиялық Леван Гуледани (10:3) мен италиялық Лука Подданы (7:6) қапы қалдырғанымен, 1/8 финалда үндістандық Вижендер Сингхке (2:4) есе жіберді.
2011 жылдан бері Роллс кәсіпқой рингте жұдырықтасуда. Сол аралықта 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 10 қарсыласын нокаутпен ұтты. Осы орайда канадалықтың мықтылармен бірде-бір рет жолы қиыспағанын және ешуақытта 12 раундтық жекпе-жекке шықпағанын айта кетуге тиіспіз.Өзінің соңғы кездесуін ол былтырғы жылдың желтоқсан айында Канадада өткізді. Бұрындары GGG-дің командасында болған америкалық Кеандре Лезервуданы ұтқан Роллс USBA нұсқасының алтын белбеуін иеленді.
Әрине, Стив Роллсты осал боксшы деп айтуға болмас. Өйткені ол осы күнге дейін ешкімнен жеңілген емес. Десек те Геннадий Головкин секілді ұлы дүрмектерде әбден ысылған сақа спортшыға ол қауіп төндіре қоймас. Қазақстанның мақтанышы алдағы жекпе-жекте де жанкүйерлерді қуантады деген ойдамыз.