Ұзындығы 25 метр, ені 16 метр болатын жылыжай бой көтергеннен бері осында меңгеруші болып еңбек ететін Татьяна Савенкованың айтуынша, серіктестік жетекшісі ғимараттың жобасын ғаламтордан алып, жергілікті жердің климатына ыңғайластырған. Бүгінде мұнда көкөніс пен гүлдің жиырмаға тарта түрі өседі. Ешқандай гербицид қолданылмайды, тек көңді ғана пайдаланғандықтан, өнім экологиялық жағынан таза. Шатыры поликарбонатпен қапталып, жылы болуы мұқият ескерілген. Орташа жылылық +20, 25 градус болса, жаз мезгілінде +40 градусқа дейін жетеді. Мұндай температура қияр, қызанақ өсіруге өте қолайлы.
Жылыжай ішінде тропикалық пальма да өсіп тұр. Жас өскін Петропавлдағы ботаникалық бақтан әкелініп, мәуелі ағашқа айналыпты.
Биыл тағы бір жылыжайдың құрылысы қолға алынып, жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Ол үшін 100 мыңға жуық шыны шөлмек жиналыпты. Жергілікті кәсіпкердің тың идеясына кезінде күмәнмен қарағандардың күдігі сейіліп, көмек қолдарын беруге құлшынып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы