• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2019

Риддерге 7 жылда 860 адам көшіп келді

545 рет
көрсетілді

Қазір шаһардағы кеніштерде жұмыс істейтін қаракөздердің қатары көбейіп келеді.

2013 жылдан бері жұмыс күші мол, халқы тығыз қоныстанған өңірлерден (Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы) Шығыс Қазақстанға, оның ішінде Риддер қаласына еңбек ресурстарын тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны белгілі.

Қалада 283 жұмыс орны бос тұр

Осы уақыт аралығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» және «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы кеншілер шаһарына 860 адам қоныс аударыпты (мұның 193-і - жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 667-і - қоныс аударушылар, оның 20-сы - "Серпін" бағдарламасының түлектері). 170 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтермен қамтамасыз етіліп, қалған бөлігіне бір жылға тұрғын үйді жалға алуға субсидия төленіпті.  Батыс Алтайдағы шағын шаһарға еліміздің әр тарабынан мыңға жуық адам көшіп келсе де, әлі де мамандарға зәрулік бар. «Риддерге қоныс аударамын деушілерге есігіміз ашық. 283 жұмыс орны бос тұр. Бізге негізінен мұғалімдер мен дәрігерлер керек. Өйткені, қазір қалада жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің 60 пайызы зейнеткерлер. 40-тан астам адам зейнеткерлік жасқа жақындап қалды. Дәрігерлер де солай, олардың 30 пайызы зейнеткерлер», - дейді қала әкімі Жомарт Мұратов.

Риддер қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Әсет Ерсайынов 2013-2019 жылдар аралығында шаһарға 66 мұғалім, 45 медицина қызметкері (оның 12-сі дәрігер), 294 әртүрлі мамандық иелері (маркшейдерлер, жүргізушілер, электр газымен дәнекерлеушілер, металлургтер, геолог, кеншілер, бағдарламашылар, т.б) келгенін,  7 адам қайта даярлау курсын өткенін, 3 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алғанын айтады. «Біз Риддерге қаламызда сұранысқа ие мамандарды шақырамыз. 2019 жылы 35 отбасын (105 адам) қоныстандыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 20 отбасы (47 адам) қоныс аударды», - дейді ол.

Жас отбасы, жас металлургтер

Кезінде Дінмұхаммед Қонаев кенші болып еңбек еткен Риддер әзелден металлургтерге құтты мекен саналады. Қазір шаһардағы кеніштерде жұмыс істейтін қаракөздердің қатары көбейіп келеді. Соның бірі – «Қазцинк» ЖШС-іне қарасты Риддер металлургия кешенінің қызметкері, Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы Мақсұт Сейіткамал. Мақсұт 2014-2017 жылдары «Серпін» бағдарламасы арқылы Риддер аграрлық колледжін тәмәмдапты. Сол жылы бірден жұмысқа орналасыпты. Өмірлік жары Алмагүл Әміреновамен осы оқу орнының қабырғасында танысып, көңіл жарастырып, шаңырақ құрыпты. «2017 жылы оқуды бітіріп, Көші-қон бағдарламасына кезекке тұрып, пәтер жалдағанға субсидия алдық. 2018 жылы баспаналы болдық. Қазір өзіммен бірге туған інім Ұлан «Қазцинкте» жұмыс істеп жатыр. Риддерде тұрып жатқанымызға 5 жылдай уақыт болды. Үйреніп қалдық. Ел жаққа арасында барып тұрамыз», - дейді Мақсұт.

Алмагүл Әміренова қазір Риддер қалалық Жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейді. «Өзім Алматы облысының Талғар ауданынанмын. Мақсұт екеуміз «Серпін» бағдарламасымен бірге оқыдық. Бірге оқып білім алғаннан кейін осында қалуды ұйғардық. Менің қазіргі жұмысым сырттан көшіп келетін қоныс аударушылармен тығыз байланысты. Өзім де еліміздің басқа өңірінен көшіп келгеннен кейін олардың жағдайларын жақсы түсінемін», - дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы

Суреттерді түсірген Мерей ҚАЙНАРОВ