• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Сәуір, 2019

Асан Базаев: Азия чемпионатынан кем дегенде екі медаль алуды жоспарлап отырмыз

1545 рет
көрсетілді

23 сәуір күні велоспорттан 39-шы Азия біріншілігі басталады. Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін құрлық додасында Қазақстан басты фавориттердің бірі болмақ. Ұлттық құраманың бас бапкері Асан Базаев Азия чемпионатына дайындықты қорытындылап, команда алдындағы басты мақсаттарды атады. Бұл туралы ҰОК баспасөз қызметі хабарлады.

- Ташкенттегі Азия біріншілігі алдында «Түркия турына» қатыстық. Бұл құрлық чемпионаты қарсаңындағы керемет жарыстардың бірі. Тек күннің суықтығынан жігіттер аздап сырқаттанып қалды. Натаровың құлағаны бар. Десе де, жоғары нәтиже көрсету үшін барымызды саламыз. 

 - Азия чемпионатында Қазақстан атынан кімдер бақ сынайды?

 - Сары құрлық бәсекесіне қатысатын құрам толығымен анықталды. Командалық жарыста Дмитрий Груздев, Даниил Фоминых, Юрий Натаров, Жандос Бижігітов пен Евгений Гидичке сенім артамыз. 

Жекелей сында тәжірибелі Дмитрий Груздев жүлдеге таласады. Ал топтық сында Евгений Гидич, Даниил Фоминых, Жандос Бижігітов пен Дмитрий Груздевтер құрлық мықтыларымен жарысады. 

 - Велошабандоздар алдында қандай мақсат қойылып отыр?

 - Әзірге, командалық және жекелей сында екі медаль алуды көздеп отырмыз. Ал топтық сында көп нәрсе сәттілікке байланысты. Бұрынғы спортшы ретінде топтық сында күтпеген жағдайлар орын алатынын жақсы білемін. 

 - Спортшылар сынға түсетін тас жол туралы не айтасыз?

 - Жарысқа команданы жасақтау барысында тас жолдың ерекшеліктері туралы біраз ақпарат алдық. Командалық және жекелей сын тегіс жолда өтпекші. Ал топтық жарыста жігіттерді қиын жол күтіп тұр. Яғни, тауға шығамыз. Бізде таулы кезеңде жақсы жүретін Алексей Луценко мен Андрей Зейц есімді спортшылар бар. Біраз олар құрлық додасына қатыспайды. Десе де, үміт үзбейміз. Спортшылар 167 шақырым біткенше топтың алдына түсіп, күштерін үнемдеуі тиіс. Біздің басты мақсат – жарыс кезінде жарақат алып, құлап қалмай, мәреге жақын тұста алға шығып, жел кедергі келтірген жағдайда ара қашықтықты біраз ұзартып алу. 

 - Алексей Луценко құрлық додасынан неге тыс қалды?

 - Жоспар бойынша, Алексей көктемде өтетін классикалық жарыстарға қатысады. Дегенмен, Луценко қатарымызда жоқ болса да, жігіттер жоғары нәтиже көрсетеді деп сенемін.