• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Сәуір, 2019

Әлемдегі демографиялық жарылыс және әйелдер

17697 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында әлем бойынша 1 миллиард болған халық саны тура бір ғасыр, 4 жылдан кейін 2 миллиардқа жеткен. Ал ХХ ғасырдың 60-жылдары жер планетасының тұрғындары 3 млрд-тан асса, араға 14 жыл салып 4 миллиардқа артты... Қазіргі таңда жер планетасын 7 млрд 715 миллион тұрғын мекендейді. Яғни, соңғы екі ғасырда орта есеппен әр 15-20 жыл сайын миллиардтап өсіп отырған. Мұның себебі неде? Бұл ең алдымен қандай қауіп тудырды?

Халық санының күрт артуына соғыс болмаған елдер мен демографиялық өсімге мүдделі мемлекеттердің саясаты себеп болды. Ал әлеуметтік сала маман­­дарының мәліметінше, бұдан бөлек адамзатты алаңдататын тағы бір себеп бар. Ол – адам санының сапалық жағы­нан артпауы. Яғни, күтпеген, жос­пар­ланбаған немесе әйелдерге зорлық көрсетуден туған балалардың көбеюі. Соның салдарынан тастанды, болмаса денсаулығы кінәратпен дүниеге келетін сәбилер саны артуда. ХХ ғасырдың 60-жылдары адамның репродуктивтік құқығы үшін күрескен дүниежүзілік қозғалыс орын алды. Осы қозғалыстан кейін 1969 жылы БҰҰ жанынан UNFPA (United Nations Fund for Population Activities – БҰҰ-ның халықтың қоныс­тан­уы саласындағы қоры) құрылды. Ол – репродуктивті және жыныстық ден­саулықты қорғау бойынша маман­дан­ды­рылған мекеме. Сондай-ақ әлемдегі қыздардың тағдырына алаңдайтын, жас­өспірімдер арасындағы некеден сақтануға шақыратын, дені сау баланы туу мүмкіндіктерін кеңейтуді көз­дейтін жетекші агенттік. UNFPA кедей­лік­ті жоюға бағытталған саясат пен бағдарламаларды жасау кезінде халық қоныстануы бойынша мәліметтерді пай­далануға, сонымен қатар әрбір жүктіліктің қалаулы, әрбір босанудың қауіп­сіз болуын және барлық жас­тар өз потенциалдарын жүзеге асыру мүм­кін­дігін иеленуін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Осы ұйымның көптеген түйткілдердің түйінін тарқатуды көздеуі мен аталған қозғалыстың орын алуы өз тағдырын өзі билеу, өз болашағын өзі жасау арқылы қашан балалы болу­ды өзі шешу мүмкіндігін беріп, мил­лион­да­ған әйелдердің өмірін өзгертті.

UNFPA-ның құрылғанына биыл жарты ғасыр толды. Жеткен жетістіктеріне қарамастан, жақында жарыққа шыққан «Аяқталмаған жұмыс: барлық адамның таңдау құқығы мен мүмкіндігін қамта­ма­сыз ету» атты UNFPA-ның баяндама­сын­да көрсетілгендей, аталған ұйым әлем халқымен әлі де бірқатар шаруа тын­дыру қажет.

UNFPA-ның ұйымдастыруымен 1994 жылы Каирде Халықтың қоныс­тан­уы және дамуы (ХҚД) бойынша ха­лықаралық конференция өтті. Оған әлемнің 180 елінен, оның ішінде Қазақ­станнан да арнайы делегаттар қа­тыс­ты. Бас қосқан мемлекеттер «бар­лық әйелдер мен қыз балалардың репро­дук­­тивті денсаулығын қорғау, білім алу­ға қа­­тысты құқық­тарын қамтамасыз ету және олар­дың мүмкіндіктерін ке­ң­­­ей­ту – тұ­рақты даму кілті» деген тұжы­рым­ға тоқтаған. Баяндамада жазыл­­­­ғандай, әйелдер мен қыз балалар осы құқықтарын пайдалана алатын болса, олар өздері үшін пайдалы болатын шешім­­дерді жиірек қабылдай алады және жалпы әлеуметтік, экономикалық, тіпті экологиялық тұрақтылықты да сақтайды. Дегенмен, ХҚД конференциясы өткеннен бергі 25 жыл ішінде жүктіліктің алдын алуды немесе кейінге қалдыруды қалайтын 200 миллионнан астам әйел заманға лайық контрацепция әдістеріне және оны ұсыну қыз­мет­те­ріне, оған қоса осыған байланысты репродуктивті таңдауға қол жеткізе алмау­да. Нәтижесінде олар өз тәніне қа­тысты босану немесе жүктілікті жос­пар­лау сияқты шешімдерді қабылдай алмайтын көрінеді.

Аталған халықаралық ұйымның 50 жыл­­дығы мен Қазақстан қатыс­қан ауқым­ды кон­ференцияның 25 жыл­­дығына орай елорда­да еліміз­дегі демографиялық ахуал, репро­дук­тив­ті денсаулық сақтау мәсе­лелері тал­қыланған жиын өтті. UNFPA-ның Қазақстандағы өкілі Джулия Валезе ұйымның соңғы бес жыл­дағы жетіс­тік­тері мен алда атқа­рылатын істер туралы баяндады. Ол еліміздегі негізгі мәселе­­лер ретінде жасөспірімдер ара­сын­­дағы жүктілік, гендерлік теңсіз­дік, қыз балалардың таңдау құқығын атады. «Әйелдер үшін еркімен, сүйіс­пеншілікпен ана болуға және жұмыс істеуге болатындай атмосфера қалып­тас­­тыру қажет. Бұл тұрғыда ерлердің де жарын, жұбын қолдауы маңызды. Сон­дай-ақ жастарды отбасын құру және оның құндылықтары туралы сауат­­тандыруды ерте, оқушы кезден қолға алған жөн. Сонда ғана жоспарлы, мақ­сат­ты және ерікті отбасы құрылады. Ал ондай отбасында дені сау әрі саналы бала дүниеге келеді», дейді Д.Валезе. Оның айтуынша, Қазақстан саясаты демографиялық өсімді қолдайды, соның әсерінен болар – басқа мемлекеттермен салыстырғанда әйелдердің босану жиілігі жоғары ел. Яғни, елдегі әйелдер босанғаннан кейінгі әлсіздікті, ағзадағы ауытқуларды қал­пына келтіріп үлгермей, келесі жүк­ті­лікке жол береді. Бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығының нашарлауына және кей жағдайда өліміне алып келеді. Сондықтан репродуктивті денсаулық сақтау шара­ларын тұрақты түрде жүзеге асырып отыру керек.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары Зауре Ахметова аталған халықаралық кон­ференцияда қабылданған бағдар­ла­маның елдегі өзгерістерге әсері бол­ғанын айтады. Соңғы 25 жылда атқа­рылған іс-шаралар нәтижесінде Қазақ­стан­дағы туу көрсеткіштері 19,6 пайызға өскені, бала өлімі көрсеткіші 3,4 есе аза­йып, ана өлімінің көрсеткіштері 5 есе азайғаны байқалады. «Осындай нә­ти­­же­ге жетуге халықаралық ұсы­ным­­­дарға сәй­кес акушерлік пен педиат­рия саласын­да заманға лайық техноло­гияларды енгізу, халықты отбасын жос­парлау туралы ақпаратпен, профи­лак­ти­калық тексерістермен қамту да жақсы жәрдемдесті», дейді З.Ахметова.

Қазақстандық қыздардың таңдау құқығы мен мүмкіндігін көрсететін әлеуметтік ролик аталған халықаралық конференцияның 25 жылдығына арналып жасалған. Видео режиссері Екатерина Суворова еліміздегі әйелдер мен қыз балалардың құқығы, мүмкіндігі және олардың таңдауына деген көз­қа­растың қаншалықты өзгергенін көр­сеткісі келген. Ондағы 8-13 жас аралы­ғында балалар болашақта кім бол­ғы­сы келетінін айтады. Арасында қыз­дар хирург, ұшқыш немесе басшы секілді қазақы көзқарастағы қызға тән емес мамандықтарды атайды. Балаларының таңдауы туралы ата-ана­ларынан сұрағанда бір бөлігі «Ол қыз балаға сай емес сала ғой. Мүмкін өскенде ойын өзгертер» деген пікірде болса, екінші біреулері «Мен балама сенемін! Оның қолынан бәрі келеді» деп демеу береді. Ал ата-аналарының (көбісі аналар) өздерінен кішкентай күнінде кім болғысы келгенін сұрағанда 90 пайызының бала-арманына жете алмағаны анықталды. Демек, олардың таңдау құқығы мен мүмкіндік аясы шектеулі болған.

«Ширек ғасырдан бері не өзгерді?» деген сауалға жауап іздеген шарада әнші әрі UNFPА-ның Қазақстандағы спикері Ақмарал Көшербаева: Қазақстанда әр 1000 бойжеткеннің 20-сы 15-19 жасын­да балалы болады және жүкті болу көр­сеткіші одан да жоғары. Өткен жылы жүргізілген әлеуметтік зерт­теу нәтижесі бойынша, осы жас шама­сындағы қыз балалардың үштен бір бөлігі сексуалды белсенді және көп­шілігі қорғалмаған жыныстық әре­кет­тер­ді қолданады», дейді. Оның айтуынша, бұл да – Қазақстанда әлі де тындыратын шаруалардың көп екеніне дәлел.

UNFPA өкілдері мен мерейтойға орай ұйымдастырылған шараға қатысушылар әлем­дегі демографиялық жарылыс­ты болдырмауға және Қазақстандағы халық санының сапалы артуына жос­па­­р­ланбаған және жасөспірімдер арасындағы жүктілікті тоқтату, таңдау құқығы мен мүмкіндік аясын шектемеу, сауаттылықты арттыру арқылы қол жеткізуге үндеді.