• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2019

Халық қызметшісін таңдаймыз

770 рет
көрсетілді

Қазақ елі тарихтың жаңа бір сындарлы кезеңінде тұр. Алда – Президент сайлауы! Алайда біз сайлау өткізу жағынан келгенде өте бай тәжірибе жинақтаған елміз. Бұдан бұрынғы талай Президент сайлауында қазақстандық сайлаушылардың белсенділігіне әлемнің түрлі елдерінен келген сарапшылар мен бақылаушылардың сүйсініп қайтып жүргенін де білеміз.
Өз таңдауын жасап және де сол өздерінің сол таңдаулы адамы Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін бір ауыздан дауыс беріп келген қазақстандықтар Президент сайлауы кезінде ешқашан жаңылып көрген емес-ті. Сайлауда ұйым­шыл­дық көрсетудің нәтиже­сін­де және Елбасының арқа­сында Қазақстан тұрақты дамыды, әлемнің абыройлы мемле­кет­терінің қатарына барып тұрды. Сол ойымызды кезінде «Назар­баевы бар Қазақстан сеніммен тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам!» деп айтып та, жазған да болатынбыз. Қазір әлем назары – біз­дің елі­мізде. Биліктің өз еркімен ауысуы және одан қалды алдағы сайлау бар, соның барлығы сын көздерді көбейтіп отырғаны да анық. Бұл елді енді кім билер екен, бұл елдің жағдайы енді қа­лай болар екен, бұл ел қай жолмен жүрер екен, енді қалай дамиды екен деген сыңайдағы бақылаулар көп қазір. Бұл заңды құбылыс.  Алайда заңды құбылыс бол­ғаны­мен, тұтас елдікке сын. Осы орайда ежелгі ел бірлігі мен ел ты­­ныш­тығы әрқайсымыздың ұста­нар қағидамыз болғаны абзал. Өйт­кені осы күндері әлем­нің кез­ келген мемлекеттерін бірікті­ру­­ші күш пен ниеттен гөрі, бүл­дір­­гісі келіп жүрген күштер­дің бел­­сен­­ділігі артып, шатақ, қақ­тығыс із­деп жанығып жүргендер көбейді. Тұрақсыздықтың өзінен пайда табуға шеберленіп, машықтанып алғандар да табылады. Дүниенің ана жерінен бір, мына жерінен бір от қойып отырған кейбіреулерге қазақ елінің тұрақтылығы мен тыныш­тығының да ұнамай­тын­дығын да біле отырайық. Міне, осы тұрғыдан келгенде қазір­гі сын сағатта қазақстандық қоғам­ның мейлінше ынтымағы мен түсіністігі қажет. Қазіргі әңгі­ме бұл жолы президенттікке кім­ді таңдаймыз, кімді сайлай­мыз болып тұр. Ендігі ел тағды­ры сол өзіміз сайлайтын өз Прези­дентімізге байланысты болмақ­шы. Қазақстандықтар сол үшін алаңдап отырған сыңайлы. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымын­да кезектен тыс сайлау өткізу жайлы үндеуінде Тұңғыш Пре­зи­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев салып берген сара жолынан айнымайтындығын мәлімдеді. Бұл тұрақтылықтың басты кепілі. Және де Президент өз мәлім­демесінде сайлаудың әділ өтуіне кепілдік берді. Бұл да ел бірлігін сақтап тұрудың алтын кілті. Ел ортасында жүргендіктен өз басыңыз «болашақта кім Пре­зидент болғанын қалар еді­­ңіз?» деп сұрап жатқандар да бар. Пре­­зи­денттіктен үміткерлер тіркел­геннен кейін айтармын мұны. Алайда, ұлттық мүддені бәрі­нен де биік қоятын, қоғамда әділет­тілік пен заң үстемдігін нығайта ала­тын, сыбайлас жемқор­лық­тың бетін қайтара алатын, жер­шіл­дік пен рушылдықтан ада, көзбояу­шылықты, бос даңғазалық пен ысырапшылықты реттеп, тыя алатын, елдің жайын, халық­тың жағдайын жақсартуға бар мүм­кіндікті іске қоса алатын, ел бай­лығын жалпыға ортақ игі­лік ете алатын президенттіктен үміт­кер үшін дауыс берер едім. Және де ендігі президенттіктен үміт­кер­лердің әрқайсысы халықтың қызметшісі боламын деген оймен дауысқа түскенін қалар едім. Жабал ЕРҒАЛИЕВ,  жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы КӨКШЕТАУ