• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Сәуір, 2019

Сағынышқа толы суреттер

1507 рет
көрсетілді

Суретші табиғат көрінісінен алған алғашқы әсерін алғаусыз жеткізуге ұмтылады. Мың құбылған ашық түсті бояу үндестігін ол алдымен көріп, содан соң қабылдап барып, бояу түстері арқылы кенеп бетіне түсіреді. Бір өлкенің тамсанарлық сұлулығын жылдың әр мезгілінде жалықпай бейнелеуге бар. Жиенбай Орынбаевтың графикасына композицияның қарапайымдылығы мен айқындылығы, ықшамдылық, тазалық, ашық түс, сұлбалардың нақтылығы тән.

Шығармашылығы көп жанрлы болғанымен, суретші ауыл тақырыбын, табиғат пейзаждарын жырлағанда талант қуаты тасқындай түсетіндей. Оның қаламындағы айрықша бағаланған шоқтығы биік туын­дылар осы тақырыптарға тән. Ауыл көрінісінің лири­ка­лық пейзажы мен табиғаттың шексіз сұлулығы өмірге әсемдік сыйлайды. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде шымылдығын түрген «Ме­нің көрмем» атты жеке шы­ғар­ма­шылық көрмесінде қыл­қалам шеберінің әр жылдары жазылған 40-тан астам туындысы ұсынылған.

«Суретші бояу массасын теңестіруге, композицияның барлық элементтерін ырғақ­ты ұйымдастыруға, әлемнің мәнерлілігін бұзбай, фор­ма­лардың өзіндік әуенін жа­сау­­ға тырысады. Өз авто­пор­третіндегі ашық бет әлпеті мен ойлы көздері суретшінің рухани ішкі дүниесін кө­рерменмен бөліскендей. Ал «Ауылдағы күз» шығар­ма­сында жоғары қарай өрлеген қаздардың қимыл-қозғалыс формаларының дәл бейнеленуі байқалады. Сонымен қатар «Балалық шақ туралы естелік», «Құрбылар» атты туындыларында ақ кимешектегі ұршық иіріп отырған әжелердің бей­нелерінен сонау балалық шақ­тың естелігі мен туған жерге деген сағыныш лебі еседі. Суретші табиғат жағдайының нюанстарын, сырғып бара жатқан сезімтал бір сәттік сұ­­лулықты нәзіктікпен қа­был­­дап, лириктің көзімен кө­реді», дейді өнертанушы Лаура Әбілдаева.

Алмабақ ішінде адал еңбектің жемісіне кенеліп отырған ақсақал бейнесі, ұр­шық иірген қос әже, сағын­дыр­ған күзгі бақ көзге ыстық, көңілге жылы ұшырайды. Суретші сезімінің нәзік қылын тербеген кенеп бетіндегі мың сан бояулар сырбаз өнердің сиқырына қарай тартады. Үміт пен күдікке толы тынымсыз тіршілік алуан ойлар­мен арпалысқан адам көңі­лінің ішкі ырғақтарын тап басқандай. Көрерменді өзіне баурап әкететін алып қуат – ке­нептегі мейірім шуағы. Се­зім жаңбырын сіркіреткен са­ғыныш ескен сұлбалар.

 

АЛМАТЫ