Біріккен Араб әмірлігінің (БАӘ) Фуджейра қаласында аяқталған Азия чемпионатында алты жүлдені иеленген Қазақстанның дзюдошылары елге олжалы оралды.
Айдын Смағұлов жетекшілік ететін еліміздің ерлер құрамасы табысты өнер көрсетіп, төрт қандасымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Ең қуанштысы, 66 кило салмақ дәрежесінде қазақтың қос өрені ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Нәтижесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов алтын алса, құрлықтық додада сан мәрте атой салған Елдос Жұмаханов екінші орынды иеленді. Осы орайда, қос қандасымыздың сары құрлықтың басты додасының финалында жолығуы бұрын-соңды болмаған жайт екенін айта кеткен абзал.
Сонымен қатар, 60 кило салмақта белдескен Ғұсман Қырғызбаев қола медальді қоржынға салды. 90 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ислам Бозбаев та дәл сондай нәтижеге қол жеткізді. Ал әйелдер сайысында екі балуанымыздың табысқа жетті. Аса жеңіл салмақтағы Отгонцэцэг Галбадрах жарақат алғанына қарамастан жанкештілік танытып, күміс медальді мойнына ілсе, 57 кило салмақтағы Севара Нышанбаева қолаға қол созды.