• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2013

Ерте, ерте, ертеде…

997 рет
көрсетілді

Ерте, ерте, ертеде…

Заманында әйгілі Шыңғысхан қалың нөкерлерімен күн-батыс еліне жорыққа аттанып бара жатып, Сыр елінің үстінен өтеді. Осындағы көл жағалай жайылып жатқан ауылдардың біріне түсіп, жата жастана жайланып, сарбаздарын тынықтырып, халықтың тұрмысымен танысады. Қонақшыл халық ақ орда тігіп, арқа-жарқа болып қонақасы беріп күтеді. Алтыбақан тербетіп, ауылдың алты ауызын айтады. Ән мен күйдің ордасына айналған өңірдің үлкен-кішісі қалмай өнерлерін ортаға салып, қаһанның қас-қабағына қарап бағады.

Заманында әйгілі Шыңғысхан қалың нөкерлерімен күн-батыс еліне жорыққа аттанып бара жатып, Сыр елінің үстінен өтеді. Осындағы көл жағалай жайылып жатқан ауылдардың біріне түсіп, жата жастана жайланып, сарбаздарын тынықтырып, халықтың тұрмысымен танысады. Қонақшыл халық ақ орда тігіп, арқа-жарқа болып қонақасы беріп күтеді. Алтыбақан тербетіп, ауылдың алты ауызын айтады. Ән мен күйдің ордасына айналған өңірдің үлкен-кішісі қалмай өнерлерін ортаға салып, қаһанның қас-қабағына қарап бағады. Әмірші сол кеште бір айдай сұлу қызды көріп, көңілі құлайды. Жасы жер ортасынан асса да, бұрымдының болмысына сұғын қадап, кісі салып сұрастырады. Қыз да өрісті жердің оң жағында отырған еркесі еді. Қаһанның ойы бұзылып, жолға шығар алдында жиналған ауыл ағаларына қарап, ақ жұмыртқадай аруды көрсетіп:

– Мына бойжеткен кең етектінің көріктісі, бұрымның биязысы, жарық жұлдыздай маңдайлы, жанары жанды жылытатын жан екен. Жаратушы ием, жол беріп, аман-есен осы топыраққа табаным тисе, осы бикешке ошағымның отын жақтырамын, – деп үстем сөйлеп атына қамшы басады.

Мұны естіген көпшілік әрі-сәрі күйге түседі. Сонда сыр бермеген сылқым қыз ғана екен. Қаһанның қарасы ұзағанда, ол:

«Қабырғасы майысып, қолы суы­ған қаһанның қақпанына түскенше, қа­та­рымды қалап, қамсыз күліп, қара шай ішкенім жақсы. Өлсем де оған бармаспын. Арқасүйер ерлерім аман тұрғанда, ақ тұйғынын айдаһардың аузына салып берсе, намысымызға сын болмай ма? Менің өз қалаған теңім бар. Онның бірі атанғанша, батырдың нұрлы жалғызы болғаным мың артық. Жалауыңды көтерген ердің етегінен ұстасам, жауыңның алдында да жүздерің жарық болатынын ұмытпағайсыздар, халайық», – деп өксігі тамағына тіреліп, қайқы кірпіктерін сулап, екі иығынан ентіге дем алған күйі үйіне кіріп кетеді. Ақ сақалды қариялар бір-біріне қарасып, ел арқасына түскен салмақты ойша таразылап, тығырықтан шығудың амалын іздеп, үлкен отауға жиналады.

– Уа, бауырлар, қаһанның қаһары қатты. Айтқаны болмаса, халықтың қаны судай шашылады. Кәрінен қорықсақ, қызымыздың мысы басылады. Халқымыз өз қызын жылатпаған. Қыздың көз жасына қалсақ, Тәңір бізді аямас. Оның соққысы қаһанның қылышынан да қауіпті. Киеге ұрынсақ, ғұмыр бойы жусақ та тазарта алмаспыз. Азабын ұрпақтарымыз көреді. Теңіне қосып, тілеуін тілесек өрісіміз өседі. Арымыз таза, рухымыз биік болады емес пе? Қиындық көрсек те, қан жұтып құрбан болсақ та, уайым да, үрей де соққан желмен бірге көшеді. Кәне, кім қандай ақыл қосады? – деп ауыл ақсақалы көпшілікке мойнын созып, жауабын тосады.

Төрде отырған төбе билердің бірі сөз алып: «Даланың ағына таңылайын! Жа­лауын құлатпаған, қыздарын алақанында аялап жылатпаған найзалы елміз. Тасысақ көл­міз, қаһарлансақ қара дауылмыз, жал­тақтау жанымызға жат, сөйлесек ақи­қат­ты айтқанбыз. Аузымен құс тістеген ептілігіміз бар, өрлігімізді өзгелер жыр еткенде, жасқанбағанбыз түнектен де. Сәби өсіріп, бақытын тілегендегі, жабырқай қалса, маңдайынан сипап сүйегендегі мейірімділігімізді қайда қоямыз? Қабыр­ғамыздың бірі қарындасымыз жылап жатқанда елең етпесек, елдімізге мін емес пе? Елдің абыройын ойлар сәт туды. Найзалының намысы ортақ, азбасын десек, алтын ұрпақ, асылымызды арыстанға жем етпейік. Жіңішке жолдыны жылату үшін өмірге әкелген жоқпыз. Ол бақытты болсын десек, тізе қосып тізгін қағайық. Қарындастың көңіліндегі қаяуды аластап, бітер іске амал табайық. Қалаған адамына қосып, ақ отауының арқанын есіп, ел етейік. Қаһанның жолына ұстамай, ақ батамызды беріп, көз­ден таса етіп, жыраққа аттандырайық. Қыз­дың шат күлкісі – бақыттың бесігі. Қызды жылатқаннан не опа табамыз. Ұрпақ алдында ұятқа қаламыз. Қара басты қылыш шапса да, еңсемізді тік ұстап тұрайық, – деп төбе би төте сөйлейді. Осы мезет жи­нал­ған­дардың бәрі мақұлдап: «Төбе биге ұйы­дық», – деп шулап қоя береді.

Қаһан халықпен санаспаса, қан тө­гі­леді, ынтымақтың іргесі сөгіледі», – деп көпшілік тағы шулап кетеді. Ақ сақалды қария айналасын отты көзімен бір шолып: «Ендеше, жабыла той қамына кірісейік», – деп бір тоқтамға келіп тарасады. Арада көп уақыт өтпей, ауыл болып қызды таңдаған жігітіне қосып, еншілерін бөліп, Оңтүстікке аттандырады.

Ертесіне ел иелері қайта жиналып: «Қаһан қайтса қынабынан қылышын суырары анық. Қол қусырып өлімге мойын ұсынбай, жорықтың жолына тосқауыл болар бір кедергі табу керек. Әйтпесе, кісі қаны шашылады. «Елі жоқ адам болмайды, емі жоқ ауру болмайды», – деген сөздің жаны бар. Қайткенде де, халықты аман сақтайтын әрекетке көшейік», –  дейді сонда тағы да төбе би сөз алып: «Төңірегімізде жеті көл жатыр. Әрқайсысының арасының жалпақтығы жалдының жонын терлетеді. Егер олардың арасына арық тартып бір-біріне қоссақ, ортасындағы аралға қыруар ел қоныстанады. Бірі сайда, бірі ойда тұрған судың жүрер жолын да тауып та қойдық. Егер ниетіміз жемісін берсе, қаһанның қалың қолы адасып қалады», – дейді.

Осылайша, жеті көлдің арасын халық жабылып қолмен қазып, бір-біріне қосады да, ел оның ортасына көшіп барады. Жоғарыдан аққан ағыстың екпіні күшейіп, ылдиға қарай су сарқырай аға жөнеледі. Ағын күш алған сайын дауысы гүрілдеп алыстан естіліп, көпшіліктің көңілдері қобалжыса да, амалсыздан аңысын аңдып бағады. Өзендер ернеуінен асып, сарқыраманың тұмсығы сәт сайын тереңдей береді. Ақыры сол сарқырама жердің кіндігін тесіп шығады. Сол тесіктен күндердің күнінде су кері қарай атқылай бастайды. Судың деңгейі көтеріліп, айналаны көз жетпестей етіп топан су басады.

Елдің тілеуін Тәңір беріп, халық ор­тада қала береді. Әйгілі Арал теңізі өмірге осылай келеді. Жылдар жылжып өтіп, елдің азығы таусыла бастайды. Шалқыған судан құрлыққа шығудың амалын іздестіргенмен, орайы келмейді. Сонда аралда қалған көкала ақтаңгер айғыр бетін су басқан ойлы қайырды тұмсығымен иіскеп тауып, құрлыққа шығады. Ұзыннан созылған тылсым қайырдың суы айғырдың тізесіне де жетпейді. Жануар соны сезіп біледі.

Ақтаңгер айғырды халық жылқының пірі санаған. Қай кезде де қазақ батыр­ларының бәрі жорыққа ақтаңгерді мінген. Ол үнемі қан шақырып тұрады. Оның артқы екі аяғы маймақ болып келген. Жүргенде топырақты шашып отырған. Сондықтан, оны тойға мінбеген. Етін жемеген. Ел арасында: «Ақтаңгерді лауға мінбе, жауға мін», – деген сөз бар. Қас батырлар жорықта жекпе-жекке шыққанда, қарсыласының астындағы аты ақтаңгер болмаса, қарсы шабуға жүрексінетін болған. Жаумен алысқанда иесіне болысып, айбатымен үркітіп ерік бергізбеген. Жайшылықта ақтаңгер айғыр үйіріне бес жүз байталдың басын қосқан. Одан асса шайнап өлтіреді екен. Осыны білген жылқышылар, артық жылқыны бөліп, жан-жаққа таратып отырған. Көкала ақтаңгердің табаны сары даланы шаңдата ойқастай шауып, кісінейді. Ол кісінегенде, айбаты мен дауысынан Жер-ана сілкінеді. Дауысы жеткен жердегі жылқылар оның исі шыққан жаққа қарай үдере шауып, маңына жиналатып болған.

Ақтаңгер өзі шыққан ізбен аралға қайта беттегенде, жылқылар артынан ере береді. Қаншама халық айғырдың жақсылығына қайран қалады. Кейінде талай мәрте құрлыққа шығып, үйірге шауып белін босатады. Шалқыған теңізден шыққан көксуын айғырды көрген құрлықтағы адамдар өз көздеріне өздері сенбей, үрейге беріліп, жұмбақтың жауабын таппай дал болады. Онымен шағылысқан байталдарды жіті бақылап, құлындарын көзден таса етпейді. Ақтаңгерді аңдып жүрген жылқышылар аралдан шығатын жолды біліп, жасырынып құрлықтағы ауылдардың малдарын барымталауды әдетке айналдырады.

Теңіздің ащы суын ұзақ кешкен жыл­қының тұяғын тұз жеп жібереді де, жүре алмай аяқтан қалатын болады. Осыдан соң, қазақтар ойлана келе аттардың тұяғына тізеге дейін киізден қап тігіп, оның сыртын қойдың құйрығымен майлайды. Май сіңген киізге су жұқпайды.

Осылай тіршілік жалғасып, ел Шың­ғыс­­ханның құрығынан құтылады. Құр­лықта да қыруар ел бар. Жалды жануар­лардың арасында жоқ көбейеді. Ойдан-қырдан іздесе де таппайды. Ақыры, батырлар жиналып із кеседі.Жылқының жаңадан түскен іздері теңізге тіреледі де, жоқ болып кетеді. Бұл талай жанның басын қатырады. Бір емес әлденеше мәрте осы жайт қайталана берген соң, олар теңізге жақын маңнан ұра қазып алып, соған ұзақ жатып аңдиды. Ақыры, аралдан шыққан барымташыларды көргенде ғана жұмбақтың жауабын тапқандай болады. Ол кезде қорқыныштың бұлты сейілген кез екен. Аралдан өсіп-өнген сексен мың Байұлы шаңырағын көтеріп құрлыққа шығып, Мың қыстауға қарай көшеді. Өз жұртына қайта оралады.

Темірхан ӘБДІКОВ.

Қызылорда облысы.