Баққожа… Осы бір қоңыр қозыдай ғана мөлдіреген бып-биязы, сырлы сезімді сырбаз жан әр кез сол бәз қалпында еске түседі. Сонда қапыда жоғалтып алған әнімді қайта тапқандай онымен болған алғашқы таныстық, әр жүздесуім, не телефон арқылы ұз-а-ақ сөйлескен сәттерім көз алдымда жайнайды да тұрады. Баққожамен арадағы ол сыр-сұхбатты баяндасам, ол – ұзақ хикая, ойлы толғаныс. Шабыт отын үрлейтін құштарлық. Сұлулық әлеміне енгізетін эстет жанның тебіренісі!
Баққожа… Осы бір қоңыр қозыдай ғана мөлдіреген бып-биязы, сырлы сезімді сырбаз жан әр кез сол бәз қалпында еске түседі. Сонда қапыда жоғалтып алған әнімді қайта тапқандай онымен болған алғашқы таныстық, әр жүздесуім, не телефон арқылы ұз-а-ақ сөйлескен сәттерім көз алдымда жайнайды да тұрады. Баққожамен арадағы ол сыр-сұхбатты баяндасам, ол – ұзақ хикая, ойлы толғаныс. Шабыт отын үрлейтін құштарлық. Сұлулық әлеміне енгізетін эстет жанның тебіренісі!
Баққожамен танысуым былай басталды. 1968 жылдың сары күзі. КазГУ-дің физмат деп аталатын корпусындағы математика факультетінің студенттерімен кездесу кешім өтіп жатты. Қасымда консерваторияның жас әншілері болды. Ішінде елге белгілі бола бастаған Зейнеп Қойшыбаева бар. Бір сағатқа жобаланған концерт екі сағатқа жақындай берді. Менің «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс!» атты екі повесім жайлы көп сұрақтар қойылды. «Салтанат», «Ақ қайың», «Жалғыз қайық», «Даниярдың әні»…, тағы басқа да ән-романстарымның хикаясы шертілді. «Ақ қайыңды» әнші Зейнеп Қойшыбаева орындады. Зал сілтідей тынып, тыңдады да отырды. Бір кезде алдыңғы орыннан бір жігіт қол көтерді:
– Аға, екі сұрағым бар… Біріншісі – сіздің «Ақ қайың» әніңіз екі шығармаға лейтмотив болды, ол – Нәсіреддин Серәлиевтің «Ақ қайың» повесі және Мұқағали Мақатаевтың «Ақ қайың» поэмасы… Осы екі шығармадағы махаббат хикаясы өз басыңыздан өтті ме? Екінші сауалым – «Қош бол, вальс!» атты жинағыңызда «Айлы соната» новелласы бар, бұл шығармаңызды драмалық спектакль ету ойыңызда бар ма? Менің есімім – Баққожа Мұқаев. КазГУ-дің журналистика факультетінің ІV курс студентімін.
Зал тым-тырыс. «Ақ қайың» әнін орындаған әнші Зейнеп Қойшыбаева маған күлімсіреп ойлана қарады. Мен сәл іркіле кідіріп:
– «Ақ қайың» әнін жазғанда мен жиырма бірге енді ғана іліккен кезім. КазГУ-дің Виноградов көшесіндегі жатақханасында тұратынмын. Өнерлі жастардың ұйытқысы боп өнерпаздар үйірмесіне жетекшілік ететін Өмірзақ Айтбаев, Ізтай Есқалиев, Әуес Батыршаева, тағы басқа да әнші, биші, домбырашылардың арасында жүрген кезім. Қыз таңдап, қыз сүйіп те үлгергем жоқ. Ол кездерде біз қазақтың лирикалық әндеріне ынтық едік. «Қарлығаш», «Қазақ вальсі», «Бізде дәрігер бір қыз бар», «Маржан қыз», «Жайық қызы», «Әлі есімде», «Жан сәулем», «Жарқ етпес қара көңілім неқылса да», «Кестелі орамал»… Міне, біз адамның жан-жүрегін шуақты сырға толтыратын сұлу әндердің әсерінде болдық. «Ақ қайың» әні сол әндердің лебімен жай ғана лирикалық толғаныстан туды. Оқиғасы да жоқ, белгілі бір кейіпкері де жоқ. Шамасы романтикалық қиял болар. Кейде кейбір әнге өзің байқап, өзің білетін тағдырлардың өмірі, не хал-жағдайы желі боп тартылады. «Ақ қайың» сондай тебіреністің жемісі ғана, – деп тоқтала бергенімде жаңағы жігіт тағы да қолын көтеріп:
– Мұқағали аға бұл ән жөнінде өзіңізге не сыр айтты? – деді.
Мен оның бұл сауалына орай: – «Мұқағали біздің үйде шай ішіп отырып: «Ақ қайың» жан баласына аян етпейтін жүрек мұңы, орындалмайтын арман. Сөйтсе де, ол сол күндердің қадірін шуақты аңсаумен еске сала беретін ән екен деп еді» дегенді айттым.
Кездесудің соңында Баққожаның әлгі бір сөзі желеу болды ма, Зейнеп Қойшыбаева орындаған «Ақ қайыңды» қайта сұрап, зал іші дуылдаса қол соқты. Зейнеп зипа бойына бек жарасқан ізетімен иіліп, жақұттай жарқылдаған жанарына қоп-қоңыр ой тұна қалып:
Есіңде бар ма, осынау қайың,
Сарғайған күзде тұрады дәйім.
Дариға, сол бір арман күндер,
Елес пе еді, білмедім, айым, –деп қиыла елжіреді:
Сарғайды қайың, сарғайдым мен де,
Жұлдыздай алыс ұзадың сен де…
Кездесу біткен соң Баққожа жібектей сызылып кеп қолымды алды. Бір-бірімізді баяғыдан білетін жандарша ілтипатымыз, сөзіміз тез үйлесіп кетті. Қасында ақын Дүйсенбек Қанатбаев бар. Екеуі Алматының жұпар лепті қоңыр салқын кешінде мені Мечников-Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйіме дейін шығарып салды. Біз бір-бірімізді қия алмай, кездесу кешінің әсерін айтып, біраз тұрдық.
– Үйге кірейік, жігіттер, – деймін мен де иіле сөйлеп.
– Рахмет, аға… тым кеш боп кетті. Мына Дүйсекеңнің бағы бар, сіздің «Айлы сонатаңызды» фильм-спектакль етіп қойған тамаша режиссер, кісілігі де зор Сапарғали Шариповпен бірге теледидарда қызмет етіп жүр. Бұл өзі ақын… Ақын болғанда қандай ақын дейсіз ғой, түркіменнің классигі Мақтымқұлының жырларын аударып жүр… Түркіменше таза сөйлейді. Бағана сіз өзіңіз орындадыңыз «Түнгі сыр» әнін… осы Дүйсекеңнің сөзі… нағыз түнгі серенада! – деп әңгіме иесі сыпайы ғана күлімсіреп қойды. –Қазақ әні вальспен, тангомен, серенада, балладамен байып, көркейе түссе ғой, шіркін!
Ішімнен: «Бұл Баққожаның өзі де ақын шығар. Лебізінен ақынша төгілетін лиризмнің нұры шалқиды. Солай болуы керек», деп ол сөзімді айтуға сабыр сақтадым.
Баққожа күлімсіреп сөзін жалғастырды. – Сіздің елдің жүрегінен бірден орын тапқан атақты «Даниярдың әнінен» кейін Дүйсенбекке не қиял түскенін Құдай білсін, өзіңізге жоқ жерде жанаса беріпті. Сіз оны байқамайды екенсіз. Кейде коридорда жігіттер гу-гу әңгімемен гулесіп тұрғанда, Дүйсенбек бар уақытын фонотекада сіздің әндеріңізді тыңдауға арнайтын болыпты. Сол әсерін бізге тамылжытып айтып береді. Ал бізге көп әннің сыры, хикаясы белгісіз ғой. Сол күндердің бірінде бұл Дүйсенбек өзіңізге 360 бет пе, иә, солай…, барлық өлеңін оқытыпты, ән жазуыңызды дәме ғып…
Дүйсенбек қыз мінезді ұяң жігіт еді. Көзілдірігін қайта-қайта қозғап, не дерін білмей қипақтады.
Мен де еріксіз жымиып, не дерімді білмей бөгеле бергенімде Баққожа:
– Өзіміз құралпы біраз ақынды білеміз, аға. Өзгелер жайында пәлен-түген демей-ақ қояйын, Дүйсенбек жазған өлеңін дер кезінде жариялаудың орнына үн-түнсіз жинай береді… Жинай береді. Сол жинаған өлеңі әлгі 360 бет қой. Сізге сол жинағын көрсетіпті… Теледидарда жұмыс біткен сәт екен. Екеуіңіз концерттік залда рояльдың қасында отырыпсыздар. Сіз қыруар өлеңге шүйіліп, беттерді аударып отырсыз, аударып отырсыз. Қабағыңыз түйіліп, бір өлеңге тоқтамайсыз, беттер аударылыстырылып жатыр. Дүйсенбектің құр жаны… Бұған: «Мына өлең қалай өзі?» деп қарамайсыз да. Сонда қалай? –деп көзінде күлкі… Ойлана қарады.
Дүйсенбек – момынның момыны. Биязы, жуас. Жеңілтек емес. Ұялса ақсары жүзі қыз жүзіндей алаулап, қызарып кетеді. Баққожаның шуақты әзіліне бір сөз айта алмады.
Мен Баққожаның Дүйсенбекке деген адал дітіне еміреніп: – «Сол іздеген өлеңді 360-шы… ең соңғы бетінен таптым, Баққожа. Ол – өзің жақсы көретін «Түнгі серенада»… «Түнгі сыр» деп те қоямыз», – дедім екі досты құшақтай алып.
Сол кезде Баққожа солқылдаған бозбала еді. Жасы жиырмаға енді іліккен. Қас-қағым сәттік кездесуде өз тұрғыластарынан ерекше… өте әсершіл… ақынша тебіреніп, әр сөзі тиянақты ой боп төгілетін өмірге, өнерге құштар жан боп көрінді. Осы таныстықтан кейін бұл жас жігітпен жиі-жиі жүздесіп жүрдік.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Анда-санда газет, журнал беттерінен Баққожаның әңгімелерін, повестерін оқимын. Кешегі сергек сезімді, ойлы студент прозаик ретінде таныла бастады. Уақыт озған сайын кемелдене толысып, өз стилі, өз қолтаңбасы бар ол «Жаңбыр жауып тұр» (1975), «Мазасыз маусым» (1978), «Аққу сазы» (1980) повестері мен «Жалғыз жаяу» (1982), «Өмірзая» (1988) романдарын тудырды. Әдебиет сыншылары Баққожаның ешкімге ұқсамайтын дара бітімін дұрыс бағалады. Өз кезегінде қаламгер ініміз де проза табиғатын нәзік сезінді. Әр шығармасын ой мен сезімге құрып, «сап-сап көңілім, сап көңілім» дегізетін ұстамды жүректің шыншыл лүпілімен толғады.
Жоғарыда аталған шығармаларының ішінде «Өмірзая» өзіне ғана тән биік талғам, жауапкершілікпен екі рет өңдеп, көкейкесті ойын анық айтып, діттеген мақсатына жетті. Әдебиетшілер қауымы, жалпы қалың оқушы жұртшылық замана құбылысының бір беймаза кезін тебірене жазған Баққожаның кең тынысты, терең ойлы жазушы екенін әбден танып, білді. Бұл шығармаларының күштілігі сол –кеше дүниені дүрліктірген желтоқсан көтерілісінің бар оқиғасын шындық аясында батыл суреттеді. Осы жойқын, кең тынысты еңбегі үшін Баққожа Мұқаевқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өте әділ шешім!
Баққожаның ендігі бір қыры – драматург! Ол оның жазушылық болмысындағы қызықты құбылыс. Бұл жанрға да зерделі оймен қалам тартып, 1978 жылы Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында «Қош бол, менің ертегім!» атты пьесасы қойылды. Бұл туынды белгілі драматургтерді, режиссерлар мен театр сыншыларын елең еткізді. Оны жұртшылық та ерекше ілтипатпен көрді.
Ал тоқырау кезеңіндегі рухани күйзеліс… болжауы күңгірт дел-сал ойдың сарсаңы… мезгіл сыры мен қоғам мінезі… қазақ интеллигенциясының жай-күйі, саяси-әлеуметтік мәселелерге олардың көзқарасы… Міне, Баққожа осы тұста өзінің суреткерлік позициясын батыл да жарқын ойларымен көрсете білген «Тоят түні» атты пьесасымен жұртшылықты тағы бір дүр сілкіндірді. Қаламгер осы шығармасымен толысқан, кемелденген, ойлы жүректі творчество иесі, өмір шындығын сахнада толғандыра толғайтын драматург ретінде жақсы танылды. Лев Толстойдың: «Хас суреткер өмірде болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалардан тыс қалмайды», деген сөзі осы Баққожа Мұқаев секілді суреткердің болмысын еске түсіреді.
Қаламгер ініміз 1995 жылдан бастап «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналына бас редактор боп қызмет ете бастады. Журнал бетінде халқымыздың арғы-бергі тарихының ғасырлар бойы булыққан, тұншыққан, тыйым салынған тұңғиық сырларын ашуға еш жалтақсыз батыл кірісті. Аңсаған тәуелсіздікке қолы жеткен мемлекетіміз бен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытын, ел бірлігі мен замана тыныштығын, ұлттар достығын биік гуманистік ойлармен, жан-жақты насихаттады. Ежелгі мәдениетіміз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әдебиет пен өнердің кино, сәулет, дизайн секілді түрлеріне баса назар аударылды. Көне мұраларымызды айтулы ғалымдарға, оның ішінде тарихшылар, археологтар, этнографтар, музыка мамандары, әдебиетшілері бар… бәрі-бәріне аса ыждағаттылықпен жаздырды. Сөйтіп, аз уақыт ішінде «Парасат» журналының сан-салалы айдарларының мазмұны мен идеясын байытты. Көркемдік дәрежесін күшейтті. Жұртшылық «Парасат» журналын іздеп жүріп жазылып, қызыға оқыды. Журналдың беделі көтерілді.
Дәл осы кезде Баққожа академик, атақты математик Өмірзақ Сұлтанғазин, тамаша актер, білікті режиссер Райымбек Сейітметов, көрнекті жазушылар Қалихан Ысқақов, Әкім Тарази және мені журналдың редколлегия мүшесі етіп, бәрімізді әр мәселені ақылдасып, насихаттауға жұмылдырып, жиі-жиі бас қостырып, пікірлесіп отырды. Сондай жүздесулердің біріндегі жиын соңында ол мені жеке алып қалып, қазақ әнінің тағдыр-талайын асықпай отырып сөз етті. Қаламгер ініміз бір кездегі А.Затаевич, А.Жұбанов, Е.Брусиловский, В.Великанов, Л.Хамиди, Б.Байқадамов жинап, өңдеген әндерге ерекше қызығады екен. Бұл ғажайып жандар сонау отызыншы жылдардан бастап қазақтың ән-күйлерін фортепьяно, аспаптық ансамбльдер мен оркестрлерге түсіріп, ұлт колоритін терең сезініп, көркемдік қасиетін жарқырата ашқанына таңғала, табынған көңілмен беріле сүйсініп, олардың еңбегін жүйелі түрде насихаттау керектігін айтты. Оған қандай мамандар мен авторларды тарту керек екендігін сөз еткенде: «Осы мәселеде біз әлі мешеуміз бе, қалай өзі?» деп дағдарды. Осылайша еріксіз мүдіріп, ойланып қалды да қоңыр үнімен сөзін жалғады: «1934 жылы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы қойылып жатқан кез екен. Бір күні пьесада пайдаланылған әйгілі «Елім-ай» әніне тыйым салынады. Неге? Не үшін? Бұл – бір! Екінші, қат-қабат жұмыс, жазу үстінде уақыт тауып, Борис Григорьевич Ерзаковичтің кітаптарына үңілдім. Біздің әндеріміздің өз сөзінен ажыраған сәті, сүттей ұйыған елді колхоздастыру науқаны аяусыз дүрліктіріп, бай-кулактарды тоз-тоз ғып, қуғындап, түрмеге жауып, жер аударған сұрапыл кезінде басталыпты. Кереғарлығы сол, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі, ұлттар достығы деген желеумен жалғасқан науқан мол әлгі беймаза жылдарда Кеңес өкіметінің идеологиясының басты қаруының бірі – тағы да әндеріміз болыпты. Бағзы заманнан бері халықтың тағдыр-талайы, мұң-мүддесі, жан сезімі, мөлдір махаббатынан туған есіл туындыларымыз – «Дударай», «Ақбаян», «Балқадиша» жоғарыда аталған науқанның лейтмотивіне айналды. Осы қиянаттың сырын ашуымыз керек, «Парасаттың» бетінде. Сондай-ақ, Ақан сері не үшін панисламист атанды? Бір ғана «Гәккуі» «Қыз Жібек» операсына ерекше көрік берген Үкілі Ыбырай не үшін атылды? Жәлменденің Пышаны аталған тамаша композитордың мерт болуы да солай. Осы екі кереметке Иманжүсіп пен Мәдидің, Аманғалидың қайғылы тағдырын қосу керек. Бұл тұңғиық азалы сырды да «Парасат» журналы ашуы керек. Мейлі, олардың тағдыры баспасөзде бұрын жазылса да, кей кілтипанын, бәлкім, біз көрсете алармыз…».
Бұрын дәл осындай салиқалы сөзді «Білім және еңбек» журналын басқарған Ақселеу Сейдімбековтен, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мұхтар Мағауиннен ғана естігем-ді. Кейін «Парасаттың» бетінде «Жалмұхан-Ақтоқты», «Балқадиша» атты зерттеулерім басылды. Осы екі әңгімеде бұрын-соңды ешбір зерттеуші, не жазушы ашып көрсетпеген беймәлім сырлар ашылды. Жалмұхан өмірде қандай жан болған, Ақтоқтымен жарастықты тағдыры… ол екеуінен туған ұл-қыздар және бүгінгі ұрпағы фотосуреттермен беріліп, шығармаларда «жағымсыз кейіпкер» боп суреттелетін Жалмұханның кезінде төредей кісі болған адами келбеті журнал арқылы дүйім жұртқа танылды. Осыған дән риза болған Баққожаның кезекті бір тапсырмасы – Мәди, Иманжүсіп, Тәуке, Жәлменденің Пышаны және осы мұңлықтар шығарған «Үшқара», «Сарыарқа», «Сармойын», «Ақдариға», «Ғайша» атты әндер хикаясын әзірлеп жүргенде, шертіп отырған домбырамның шегі оқыс үзіліп, көкейдегі әнім үнсіз тұншықты да қалды. «Мына жазмыш не істеді, тәңір-ау?» деп жүрегім талықсып, Баққожа Мұқаевтың дүние салғанын естідім… Не айта берейін енді, қазақ халқы бір асыл перзентінен айырылды. Бұл –2008 жылғы 6 қаңтар еді…
…Біздің үйде бір әдемі портфель бар. 1996 жылы желтоқсан айының соңғы күндерінде Алматыдағы Ғылым академиясының «Ғалымдар үйінде» авторлық кешім өтіп жатты. Концерт біткен соң құттықтау сөздер басталды. Сөйлеген жандардың орта тұсында сахнаға Баққожа Мұқаев шықты да биязы жұмсақ үнімен біраз жан жылытар жылы лебіздер айтып: «Ілаға, редакция атынан мына бір портфельді сыйға тартамыз. Іші ән зерттеуіне толы боп жүрсін!» деп қимас жандай қолымды қысып, аялы жанарынан мейір нұрын төгіп, тебірене қарады.
Осы портфельді сирек ұстап жүрдім, Баққожаның көзіндей көріп. Бір жолы оны ашып отырып, оның қалтарысынан шағын блокнотты көрдім. Ішінде өз суретім! Оған қарап отырып, таң-тамаша қалдым. Менің студент кезімде түсірілген сурет. Мұны көріп отырып Баққожамен болған бір әңгіме қаз-қалпында ойға оралды. Мен оның: «Ілаға, сіздің бұл суретіңіз «Ақ қайың» әнін шығарып жүргендегі кезіңіз екен. Рас па? Иә… Иә… сол күндердің белгісі. Ал, бұл менің қолыма қайдан түсті? Кім берді оны, білесіз бе? Мұқағали Мақатаев! Мұқаң мен «Білім және еңбек» журналында жұмыс істеп жүрген 1970-1973 жылдарда редакциямызға бір келгенінде бізге «қазақ Левитаны» Әнуарбек Байжанбаевтың және сіздің осы суретіңізді көрсетті. Өзі асығыстау екен. Екі суретті түсіріп алайық, деп әбігерге түсіп едік, фотограф арнаулы тапсырмамен кетіп, әбден кешікті. Мұқаң: «Суреттерді уақытша қалдыра тұрайын. Кейін берерсің. Ал Ильяның суретін Кеген, Жалаңашты аралап жүріп, бір үйдің альбомынан қалап алдым», деді. Сіз Кеген жағында болып па едіңіз?» – деп ойлана күлімсіреді. Мен Баққожаға 1958 жылдың қыс айларында Жалаңаш орта мектебінде практикада болғанымды, сол елде «Салтанат», «Ақ қайың» әндерімнің айтылғанын… ол әндерді көбіне курстас досым Өмірзақ Айтбаев пен Әуес Батыршаеваның лирикалық сезіммен елжіреткенін сөз еттім.
Өз суретіме ойлана қарап отырып, Баққожа екеуміздің арамызда болған осы сұхбатты қаз-қалпында естіп отырғандай жүрегім толқып, көзіме ыстық жас үйірілді. Жаным сүйген азамат еді Баққожа!
Илья ЖАҚАНОВ.
АТЫРАУ.
––––––––––––––––
Суреттерде:
Б.Мұқай;
ақын Ш.Сариев (сол жақта)
пен жазушы Б.Мұқай.