• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Сәуір, 2019

Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде емтихан тапсырды

961 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президентігіне ұсынылған кандидаттарды Орталық сайлау комиссиясында тіркеу және олардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде лингвистикалық комиссияда емтихан тапсыру үрдісі қызу жүргізілуде.

Осының алдында мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші болып лингвистикалық комиссия емтиханынан сүрінбей өткенін баяндағанбыз. Енді "Ұлы дала қырандары" Республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінен лингвистикалық комиссияда емтихан тапсырды.

Ол бұдан бұрын, яғни 2019 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес Орталық сайлау комиссиясына, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде «Ұлы дала қырандары» Республикалық қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырыс хаттамасынан үзінді, өзінің Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм беру жөнiндегi өтiнiшті, өмірбаяндық мәліметтерін, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжатты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жоғарғы білім туралы дипломдарының көшірмелері мен мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжат өткізген болатын.

Енді бұл жолы да лингвистикалық емтихан алдында айтылғандай үш кезең бойынша өтті: тақырыпқа сай жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпта көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу. Емтихан тапсырылғаннан кейін лингвистикалық комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады. Оған лингвистикалық комиссияның барлық мүшелері қатысты. Ол қорытынды бойынша философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім: - Бүгін біз лингвистикалық комиссияның кезекті отырысын өткіздік. Оған Қазақстан Ресубикасының Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел келіп, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін айқындау үшін емтихан тапсырды. Емтихан шарты бойынша ол үш бөлімнен тұрады: бірінші кезкеңге сай біз ұсынған тақырып бойынша шығарма жазуы керек. Бұл орайда Сәдібек Түгел "Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы және бүгіні". Осы тақырыпта кандидат берліген тапсырманы орындап, өзінің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін көрсетті. Әрине, бұл жерде біздің көрсеткен кейбір қателер туралы ескертпелер бар. Бірақ оның мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне ешқандай бөгеті жоқ. Екінші кезеңде Сәдібек Түгел Әбіш Кекілбайдың "Дала балладасын" таңдап алып, содан үш беттік мәтінді мәнерлеп оқып берді. Осы оқу барысында ол өзінің оқу мәденитінің жоғары екенін көрсетті. Бұл жағынан да Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін айқындады, - деді.

Үшінші кезең Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат сөз сөйлеу мәдениетін көрсетуі тиіс болатын. Бұл жөнінде Ғарифолла Есім: - Үшінші кезең тапсырмасына сай Сәдібек Түгел "Бабалар сөзі – даналық көзі" деген тақырыпты алды. Осы тақырып бойынша сөз сөйледі. Сонда ол өзінің қазақ тілінде еркін сөйлеп, пікірін де еркін жеткізе алатындығын толық дәлелдеп берді. Демек, ол бұл кезең шарты бойынша да мемлекттік тілді еркін меңгергендігін көрсетті. Сондықтан біздің бұл бірінші, екінші және үшінші тапсырмаларымызға қатысты қорытындымыз, яғни нақты айтқанда лингвистикалық комиссияның шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Біздің соған көзіміз нақты жетті, - деді.