• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Сәуір, 2019

«Eurasian Book Fair 2019» көрмесіне 13 елден 90 компания қатысуда

1070 рет
көрсетілді

Елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен «Eurasian Book Fair 2019» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды. Салтанатты жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген министр көрме-жәрмеңке «Көрме» орталығында 24 және 27 сәуір аралығында жұмыс істейтінін,  аталмыш шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырғанын, Eurasian Book Fair 2019 көрме-жәрмеңкесіне 13 елдің 90 компаниясы қатысып жатқанын жеткізді. Олардың арасында Ресей, Әзірбайжан, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина елдері бар. 

Сондай-ақ «Фолиант», «Алматы Кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы» сияқты Қазақстанның жетекші баспалары, «Манн, Иванов и Фербер», «Белый город», «Розовый жираф», «КомпасГид», «Самокат» сияқты Ресейдің атақты баспалары қатысушылардың қатарында. 

– Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін өткізудің басты мақсаты – кітапты насихаттау, қатысушылардың әдеби мұрасын дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру,  – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек  Мұхамедиұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда көрме аясында тұсаукесерлер, әдеби экскурсиялар, поэзиялық бағдарлар, авторлармен, баспагерлермен, суретшілермен, полиграфистермен өтетін кездесулер  сынды 150-ден астам іс-шара бар. Сонымен қатар шара аясында кітаптарды баспа бағасы бойынша сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Балалар үшін шеберлік сабақтары, конкурстар, ертегілер желісі бойынша ұйымдастырылатын интерактивті квестер, аниматорлардың қатысуымен өтетін ойын-сауық бағдарламалар өтеді.

Көрме-жәрмеңкенің алғашқы күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың «Шәкәрім» атты кітабының тұсауесер рәсімі болды. Шараны академик Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Жиында академик-ғалымдар Жабайхан Әбділдин, Болат Көмеков, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, публицист-драматург Сұлтан Оразалин, жазушы Тұрлыбек Мәмесейітов, профессор Рахымжан Тұрысбек сөз сөйлеп, автордың «Шәкәрім» еңбегіне қатысты ой-пікірлерін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Ерлан Бәтташұлы Сыдықов сан тілге аударылған еңбектің арғы-бергі тарихына тоқтала келіп, жағымды жаңалық – сүйінші хабарды жария етті: Ағымдағы жылы академик Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабы Ресей елінен  «ЖЗЛ» сериясы бойынша жарық көрмекші. «Сүйінші хабар» деп отырғанымыз осы!

Тұсаукесер рәсімге қатысушылар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының еңбектері қойылған көрмені аралап, естелік суретке түсті.