• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2019

Ақтауда «Билер кеңесі» өз жұмысын бастады

1311 рет
көрсетілді

Бұл туралы Қазақстан Халық Ассамблеясы Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз мәліметінде хабарланғандай, Қазақстан Халық Ассамблеясы Маңғыстау облыстық филиалында «Билер кеңесін» құру және олардың мүшелерін сайлау жөнінде кеңес отырысы өтті. Отырыста қоғамдық бірлестік ретінде құрылатын «Билер кеңесінің» төрағасы болып бірауыздан химия ғылымдарының кандидаты, қалалық мәслихат депутаты Марат Молдағұлов, хатшысы болып отставкадағы судья Гүлжахан Иманғалиева сайланды.

Сондай-ақ, «Билер кеңесінің» 9 мүшесі мен 3 адамнан тұратын жұмыс тобы белгілі болып, 2019 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.  

Өңірде алғаш пайда болған «Билер кеңесінің» құрамына қоғам қайраткерлері, отставкадағы судьялар мен облыстың құрметті азаматтары енгізілді. Аталған құрам қоғамда орын алған дауларды бітімгерлікпен шешу жолдарын қарастыратын болады. Кеңес төрағасы алдағы жұмыс бағыттарымен, кеңес мүшелерінің міндеттері мен құқықтарын түсіндірді. «Билер кеңесінің» аудан, қалаларда тұратын мүшелері өз тұрғылықты жері бойынша тараптарды қабылдауға құқылы. Осыдан соң, облыс сотының, Маңғыстау облысы Қазақстан Халық Ассамблеясының бірігіп ұйымдастырған Достық Үйінде «Билер кеңесінің» жұмыс бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Сәкеев, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Е.Даулиев және алқа төрағалары, судьялар, «Билер кеңесінің» төрағасы М.Молдағұлов пен оның мүшелері, Ш.Есенов атындағы университет оқытушылар құрамы мен медиаторлар, өңірдің қариялары мен отставкадағы судьялар қатысты.

Дөңгелек үстелде сөз алған Е. Даулиев  қоғамда түрлі әлеуметтік, азаматтық, экономикалық даулардың қатары көбейіп, әрбір үшінші адам сот әуресінде жүргенін айтып, дауларды азайтудың бір тетігі – татуластыру рәсімдерін қолдану  аясын кеңейту екендігіне назар аударды.

Р.Сәкеев дауларды сотқа дейін шешу тетіктерін іске қосу, билер кеңесінің жұмысын ұйымдастыру, медиаторлардың қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында республика бойынша 200-ге тарта «Билер кеңесі» құрылғандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол өңірде «Билер кеңесінің» атқаратын жұмысы мен қоғамдағы рөлі туралы баяндады.

Жиын барысында облыстық соттың төрағасы өңірде медиация кабинеттерінен бөлек, Маңғыстау облысы Қазақстан Халық Ассамблеясының жаныңда, университетте және Кәсіподақтар үйінде татуластыру орталықтары, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалында татуластыру секторы қызмет көрсететінін, алайда, осы жұмыстардың барлығы әлі де қоғамда дауды азайта алмай отырғанын айтып, дауларды азайтуға  «Билер кеңесі» үлкен үлес қосатындығына сенім білдірді.

Іс-шара барысында «Билер кеңесінің» жұмысы туралы арнайы дайындалған ролик көрсетіліп, кеңес мүшелерін жаңа қызметтерімен құттықтап, оларға естелік ретінде киелі Маңғыстау өңірі мен аңыздары туралы кітаптар сыйға тартылды.