• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Сәуір, 2019

Халің қалай, ауыл мектебі?

3107 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, елімізде 5285 ауыл мектебі бар. Бұл барлық мектептің 75 пайызы. Демек, орта білімнің деңгейі ауыл мектептерінің аяқ алысына, жалпы жағдайына тікелей байланысты. Осыдан-ақ ауыл мектебін елдегі барша білім ошағының діңгегі деуге болады. Ал оның ахуалы қалай?

Ашылмайтын «күнделік»

Жақында ауылдағы мектепте мұғалім болып істейтін әп­кем: «Kundelik.kz»-ке кіре алмағаныма үш күн болды. Мек­тептің интернеті айналып тұ­рып алады. Логин, құпия сө­зімді айтайын, ең болмаса, оқушыларымның қорытын­дысы қалай болғанын айтып берші», деді. Түскі үзіліс ке­зінде қарап, мәліметтерді жазып жібердім. Соның өзінде толық қарауға мүмкіндігім болмады. Педагогтердің «қа­ғаз­­бас­тылықтан арылайық» деген бастамасымен қолға алын­­ған дүние сол мұға­лім­дердің қолын байлап отыр. Аны­ғын­да, ауыл мұғалімдерінің қолын­да тұсау бар. Осыдан кейін ауыл мектептерінің мәселесі тол­ғандыра бастады. Өйткені проб­лема интернеттің қол­бай­лауы­мен шектелмейді.

Ақмола облысының Қосшы ауылындағы №2 мектептің ақ­параттық-техникалық қыз­метіне жауапты маман Айнұр Саят­қызы «Күнделікке» кі­ре алмау­дың бір себебін тү­сін­дірді. 

«Қазақтелеком» компаниясы келісімшартқа отыратын кезде 10 Мбт сек. жылдамдық болатынын көр­сеткен. Бірақ бізде қазір 4-ті көр­сетіп тұр. Содан сайт ұзақ уақыт ойланып тұрады. Компанияға хат та, арыз да жаздым. Өзгермейді. Білмеймін, неге екенін?», дейді ол. Міне, осыдан келіп, шалғайдағы педагогтер амалсыз қалтасынан шығарған ақшаға трафик сатып алып, сайтқа кіреді. Маманның мәліметінше, Huawei 19 Мбт сек. болатын Wi-Fi ор­­­­­натқан, ал­ғашында мектеп ұжымы қуан­ғанымен, уақыт өте келе 8, одан 6-ға түскен. «Себебін сұрасақ, ауа райына байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Меніңше, оған түк қатысы жоқ», дейді А.Саятқызы.

Шеткі ауылда оқушы, жақын ауылда орын жоқ

Қостанай облысының шалғай ауы­лынан хабарласқан мектеп мұға­лімі (аты-жөнін айтпауды сұрады) оқушы са­нының жылдан-жылға азаюы­ айлығына әсер етіп жатқанын жет­кізді. Оның айтуынша, мектепте 1 ға­на 11-сынып­ бар, көп сыныптарда оқушы саны аз. Сыныпта бос парталар көбейген сайын қорқыныш үдей түседі. «Бастауыш сыныптарда 6-8 оқушыдан отыр. Таяуда мектеп директоры келесі жылы сынып болуболмауы белгісіз екенін айтты. Демек, маған жұмыс жоқ деген сөз. Мұның себебі, қазір халық кө­біне облыс орталықтарына немесе ірі қалаларға қоныс аударғысы келе­ді. Шалғай елді мекендерден көбі қа­шады», дей­ді педагог. Сөзінің жаны бар, «100 мек­теп» бағдарламасымен са­­лын­ған алыс ауылдағы мектептердің ашылуынан жабылуы жылдам болған жайт­тар кездеседі. Өйткені оқушы жоқ, осындай­­да жергілікті атқарушы ор­ган­дарға мемлекет қаржысын тиімді пайдалануды тапсырған ескертулер еске түседі. 

Ал қала маңындағы ауылдарда керісінше бала саны көп, орын жоқ. Неге? Өйткені алыс ауылдан дорбасын арқалап, қалаға көшкісі келгендер шаһар ортасынан үй алуға немесе салуға қалтасы көтермегендіктен, іргедегі елді мекендерге қоныс тебеді. Бірақ жергілікті әкімшілік мәселені шешуі керек қой. Елордаға жақын орналасқан үш ауылда болдық. Үш бірдей мектепте де орын мен бала саны сәйкес келмейді. 

Әлиханның айтқаны

Мектепті аралап, басшылықтан бар жағдайдың жақсы екеніне қа­нығып қайтып бара жатқанда аулада ойнап жүрген 3-сыныптың оқу­шысын жолықтырдым. Мұғалімдерін мақтаған ол мәселенің мәнісін айт­қанда да тосылмады. «Жұрт түскі ас ішіп жатқанда немесе үзілісте жұ­мыстағылар демалғанда біз сабақ оқып отырамыз. Сағат 11:40-та кі­реміз де, түскі төртке таяу шы­ға­мыз. Екінші ауы­сымдамыз ғой», дейді Қосшыдағы 1200 орындық №2 мектебінде білім алып жатқан 3617 баланың бірі.  480 балаға шақталған Қосшы №1 мектебінде мың жарымнан аса оқу­шы бар. Ал Тайтөбе ауылындағы мек­тепте 560 бала бар, бірақ бұл білім беру мекемесі 300 орынға ла­йықталған. Дегенмен, округ әкімі Ержан Мақсұтұлының айтуынша, Тай­төбедегі мектеп жаңа. Ондағы халық мектептегі орын тапшылығын көріп отырған жоқ. «Ал Қосшыдағы мәселе келер жылы шешімін табады. Міне, бір-екі айдан кейін жаңа мектептің құрылысы басталады. 2020 жылы қыркүйекте 1200 орындық мектеп оқушыларға есігін ашады», дейді ауыл басшысы. Алайда Тайтөбе мектебінің директоры Мұсабек Шуақ­­­­байұлы: «Ел астанасына жақын жерде болғандықтан, ауылымызға көшіп келушілер қатары көп. Қазір үш ауы­сым жоқ. Бірақ 1-2 жылда мектеп салынбаса, бұл мәселе алдымыздан шығуы мүмкін. Мектептің сырты үл­кен көрінгенімен, ішінде 22 сынып қана бар. Мемлекеттік жоспарда бол­ғанымен, көрші Қосшыда салынады. Бізге кезектің қашан келетінін білмейміз», деді. 

Білім сапасындағы айырмашылық неден туды?

Жыл сайынғы оқу жетістіктерін сырт­тай бағалау (ОЖСБ) мен ұлт­­тық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәти­желері ауыл мектептеріндегі білім са­­па­сының қала мектептеріне қа­ра­ғанда едәуір төмен екенін көр­сетеді. Үш сарапшының автор­лы­ғы­­­­мен жарияланған «Ауылдағы мек­­­теп білімінің сапасы: ұлттық және халықаралық бағалау нәтиже­лерін талдау» атты зерттеу мақала­да ҰБТ қорытындысы бойынша ауылдық түлектердің білім деңгейінің төмендігі байқалатыны жазылған. «2017 жылы қала және ауылдық мектеп түлектерінің ҰБТ көрсеткіштері арасындағы алшақтық ел бойынша соңғы бес жылда орташа мәннен асып, 8,98 балды құрады», дейді зерт­теу­шілер. Ал Президент жанын­дағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері Слям­жар Ах­метжаров ЭЫДҰ зерт­теулеріне сәйкес, Қазақстанда ауыл­дық елді мекендерде оқыту деңгейі қалалық білім беруден екі жылға артта қалғанын ай­та­ды.

Ал шалғай ауыл мектебінде еңбек етіп, қазір қалаға көшкен  Құрбан Қадір (аты-жөні өзгертілді) ОЖСБ мен ҰБТ-ның шартты көрсеткіштер екенін, ауыл­да да, қалада да жұ­мыс істеген ши­рек ғасырдан аса тәжірибесінде ауыл балаларының білім деңгейі қала­лықтарға қарағанда артық болмаса, кем емесіне көз жет­кізгенін айтады. «Ауыл мұға­лімдері де, оқушылары да, жал­пы ауыл адамдары да аңғал келеді. Олар бәрінің шынайы болғанын қалайды. Бұл – сүйекке сіңген қасиет. Сондықтан ауылдағылар қаладағылар секілді бәріне алдын ала дайындалмайды. Мәселен, қазір қаладағы мектепте қарашадан бастап 11-сынып оқушылары тек ҰБТ-ға дайындалып жүр. ОЖСБ тапсыратын 4-сынып балаларынан қыркүйекте тест алу қолға алынады. Ал ауылда кез келген тексеріс шынайы дүниені көр­сетеді. Таланттар ауылда, алайда ауыл аңғалдығымен алға жылжи алмайды», дейді Қ.Қадір. Оның айтуын­ша, бұдан бөлек, ауылда қосымша бі­лім беру орталықтарының жоқтығы, оған ата-аналар мен балалардың құл­шынбайтыны нәтижеге әсер етеді. Ал аты-жөнін жа­рия­лағысы келмеген ауыл мұғалімі бұ­дан бөлек тағы бір түйткілдің басын ашып берді. «Жоғары жақтан жыл сайын белгілі бір көлемдегі балл алу туралы тапсырма келеді. Мысалы, биыл бізде 95 балдың айналасы. Содан тым төмен түсіп немесе қат­ты жоғарылап кетпеуіміз керек», дейді. Сонда педагог айтқан жоғары жақ ауыл деңгейінің төмен болуына өздері мүдделі ме? 

Қорды қайдан аламыз?

Ауыл мектептеріндегі интернеттің жайы жоғарыда айтылды. Осыдан соң шалғай білім ошақтарындағы оқу­шылар кітапханаға бас сұғатыны белгілі. Ондағы қор қандай? Елорда­дағы №16 мектепте 50 035 кітап бар екен. Ал Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы Жылға ауылындағы №12 мек­тепте 16 000 кітап бар. Қала мек­тебіндегі кітапхана қорынан 34 мыңға аз. Осыдан-ақ ауыл оқушыларының мүм­кіндік аясын бағамдай беріңіз. Тағы бір ескеретіні, 16 мың кітаптың 11100-і, яғни 70 пайызға жуығы – оқу­лықтар. Оқушыға қажетті басты құрал оқулық екені анық. Алайда ойлау өрісі мен ізденіс аясын, таным кеңістігін кеңейтетін көркем әдебиеттер небәрі 30 пайызды құрайды. «Оқулықтарды көбіне жоғары сыныптар пайдаланады. Балалар, әсіресе ортаңғы сы­ныптың оқушылары көркем әде­биетті көбірек оқығысы келеді. Бі­рақ кітап жетіспейді. 5 пен 9-сынып оқу­шыларына тіпті көркем әдебиет жоқ қой. Олар повесть, шағын роман­, жаңа әңгімелерге қызығады. Бас­тауыш сыныптың балаларына арнал­ған бұрынғы ертегілер, кітаптар, ил­люстрациялы кітапшалар мүлде жоқ­тың қасы. Қазақ ертегілерінің қарасын да көрмей қалдық», дейді аталған ауыл мектебінің кітапханашысы Дәмеш Еркінбекқызы. 

«Дипломмен – ауылға!», тәжірибемен – қалаға

Бұл бағдарлама ауыл мектептерін­­дегі кадр тапшылығын шешуге, ма­ман­дардың сапалық құрамын өсі­руге септігін тигізгені рас. Алайда, са­рап­­шылардың айтуынша, аталған екі мәселе де толығымен шешілмей тұр. Себебі жас мамандардың басым бө­лігі 3 жылдық тиісті еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін қалаға қайтып кететін көрінеді. «Көптеген ауылдық мек­тептерде педагог мамандардың же­тіспеушілігі бар. Жыл сайын ауыл­дарға «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы бойынша жас педагогтар бағытталады. Әкімдердің бастамасымен жас мамандарды қолдау бойынша нақты шаралар іске асырылады.  Бірақ тұрақты кері байланыс жоқ. Жас мамандардың көбі екі жылдай жұмыс істеп, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтып кететіні жаңалық емес. Дені оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты кетіп қалады», дейді «Ақпараттық-талдау орталығы» департаменті директорының орынбасары Жаннат Мусина. 

Ауылдық мектепте математика­дан сабақ беретін Әсем Құдайбергенқызы «Дипломмен – ауылға!» бағдарлама­сымен жұмыс істейді. Ол екінші жыл еңбек етіп жатса да әлі үй алуға құжат тап­сырмаған. «Ауыл квотасымен мем­­­­­­лекеттің грантын алып оқыдым. Сон­­­дағы талап бойынша ауылда үш жыл­ жұмыс істеуім керек. Мен мұнда туыс­­­тарыммен тұрамын, үйдің қажеті жоқ», деген Әсемді баспана алмаған соң, ауылда қалады деудің өзі күмәнді. Өйткені ол болашақта қалада жұмыс істеп көргісі келетінін ашық айтты. Әсем талаппен барса, енді біреулері тәжірибе жинау үшін ғана ауылға аттанады. Ал келесі бі­­рі мамандықпен мүлде қош айтысып кетеді. Сарапшы Ж.Мусинаның мә­ліметінше, жыл са-йын 15 мың ауыл мұғалімі бұл саладан қол үзеді. 

Жағдайдың сапаға әсері

Ж.Мусина ЭЫДҰ деректері бо­йынша білім беру ортасы, мектеп ғимараты балалардың үлгеріміне ықпал ететінін айтады. «Температура, желдеткіш және қауіпсіздік сияқты факторлар – білім беру процесінің бастапқы шарттары. Білім беру ортасының сапасы оқушылардың үлгерімін 25%-ға дейін арттыруы мүмкін. Қазақстандағы ауыл­дық шағын жинақты мектептердің 42,5%-ы бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ал мектептердің 28,2%-да тасып әкелінетін су пайдаланылады. Ауыл­дағы мектептердің 56%-ында аула­­­дағы дәретхана ғана бар. Ал 10,3%-ы­­­ пешпен жылытылады», дейді ол. Жа­сал­­ған жағдайдың рақатын көре алмай, іштегі әжетхана бола тұра әлі күнге сыртқа шығатын ауыл оқушылары бар. 

Еліміздегі ауыл мектептерінде 1,5 миллионға жуық бала білім алуда. Ал әр мектепте орта есеппен 100 адам жұмыс істейді. Біз жо­ғарыда жазған әрбір жайт – осынша баланың, оған қоса жарты миллионнан асатын ауыл мұғалімдері мен мектеп қызметкерлерінің сапалы білім төңі­регіндегі елдің үдесінен шығып, мем­лекеттің белгілеген биік межесіне жетуіне кедергі келтіретін түйткілдер.