Бүгінде 300 мыңнан аса мүшесі бар «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының съезінде күн тәртібіндегі 2019 жылдың 9 маусымында өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына партия атынан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. Жиынды ашқан «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев алдағы маңызды сайлауға лайықты үміткерді таңдауда талқылау, пікірталастар болғанын айта келіп, барлық партияластары Төлеутай Рақымбековке сенім артатынын айтты. Бұдан кейін партия төрағасы үміткердің қысқаша өмірбаянымен таныстырды.
Съезд барысында Т.Рақымбеков делегаттар сұрақтарына жауап берді. «Ауыл» партиясының сайлаудағы мүмкіндігін қалай бағалайсыз?» деген алғашқы сауалға ол: «Партиямыздың мүмкіндігі өте жоғары деп есептеймін. Еліміздегі жалпы халықтың 43 пайызы ауылда тұрады. Оның үстіне қаладағы тұрғындардың өзі немесе ата-анасы ауылдан шыққан», дей келе, қазақстандықтардың басым бөлігі ауыл мәселесіне жанашыр болатынын алға тартты. Сұрақ-жауап кезінде ол сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты қандай болатынын түсіндіре келіп, «Ауылдардың, көп балалы отбасылардың, ауыл шаруашылығының мәселелері маған жақсы таныс. Сонымен бірге қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, кәсіпорындар, өндіріс, ғылым тақырыбында да тәжірибем жетерлік», деп түсіндірді.
Бірнеше сауалдарға жауап берген соң делегаттардың пікірі тыңдалды. Жарыссөзде бірінші болып сөз алған партияның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ерболат Байұзақұлы ауылды гүлдендіретін – жастар екенін айтып, еліміздегі шалғай аймақтарға жастарды тұрақтандыру мәселесін бір жолға қоятын, ауылды жан-жақты дамытатын кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Ал Алматы қалалық филиалының төрағасы Абдулла Сапарұлы: «Бүгінгі үміткер туралы партияның ұсынысын өте орынды деп айта аламын. Себебі Төлеутай Сатайұлын бұрыннан білеміз, бірлесіп жұмыс істедік. Ол – білім, ғылым және өндірісті үйлестіре алатын азамат», деп қолдау мен сенім білдірді.
Делегаттар дауыс беріп, бірауыздан ұсынысты қабылдағаннан кейін қайта мінбеге көтерілген Т.Рақымбеков: «Менің кандидатурамды ұсынғандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Мен үшін бұл – жоғары мәртебе әрі үлкен жауапкершілік», деді. Сонымен қатар ол партияның саяси ұстанымы, партияластарының ұсыныс-пікірлері сайлауалды бағдарламасына негіз болатынын тілге тиек етті.
Съезд соңында сөз алған Ә.Бектаев жиынға қатысушылар мен делегаттар үшін арнайы қойылған көрмедегі фотосуреттерге тоқталды. «Бұл еңбектер – партияның «Egemen Qazaqstan» газетімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ауыл нақыштары» атты фотосуретшілер байқауына келіп түскен 100-ден аса жұмыстың жартысына жуығы ғана. Қадірлі қонақтардың алдында осы байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға рұқсат етіңіздер!», деді партия төрағасы. Бұл байқау осыдан бір жыл бұрын жарияланып, жарысқа қатысушылардың жұмыстарын жыл бойына белгілі фотографтар қарап, қорытындысы биылғы наурыздың соңында белгілі болды. Әділ қазылардың құрамында Шүкір Шахай (қазылар алқасының төрағасы), Советбек Мағзұмов, Ерлан Омар, Айдарбек Ғазиз сынды кәсіби мамандар бар. Фотобайқаудың қорытындысы бойынша ІІІ орынды Жеңіс Ысқабай, ІІ орынды Игорь Бургандинов, ал І орынды фото өнеріне елеулі еңбек сіңірген, фотографтардың ақсақалы Болат Омарәлиев жеңіп алды. Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлық табыс етілді.