Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтатуына байланысты қазіргі және бұрынғы мемлекеттер басшыларынан жеделхаттар мен хаттар келіп түсуде.
Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэйдің хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның өсіп-өркендеген мемлекетке айналғаны және бүкіл әлем бойынша серіктестері бар екені атап өтілген.
«Ұлыбритания үшін сіздермен әріптес болу – зор мәртебе. Сіздің басшылығыңызбен Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар дәйекті дамып келеді. Алдағы жылдары стратегиялық серіктестігіміз нығайған сайын елдеріміздің достығы арта түседі деп сенемін», делінген хатта.Франция Президенті Эмануэль Макрон жеке өзінің және француз халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа ел дамуының жаңа кезеңінде табысқа жете беруіне тілектестік білдірген.
«Тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жолын үлгі тұтарлық деуге болады. Сіздің басшылығыңызбен және өзіңіз тәрбиелеген жаңа кадрлардың арқасында елдеріңіз ірі мемлекет ретінде қалыптасты. Өзекті халықаралық мәселелерге қатысты сындарлы ұстанымы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі маңызды елге айналдырды», делінген жеделхатта.
Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди өзінің хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта да Үндістан мен Қазақстан арасындағы қатынастарды нығайта түсетініне сенім білдірген.«Қазіргі заманғы тарихта көшбасшының жаңадан құрылған мемлекетті заманауи мықты елдер сияқты өркендетіп, алға жетелеп шығарған мысалдары аз. Ондай көшбасшылардың аса көрнекті мемлекет қайраткеріне айналған мысалдары да сирек. Танымал көшбасшының өз еркімен өкілеттігін тоқтатуы одан да сирек кездеседі. Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық басқарып, билік тізгінін ұстайтын басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу жөніндегі шешіміңіз арқылы парасаттылық таныттыңыз», делінген хатта.
Канаданың бұрынғы Премьер-министрі Жан Кретьен өзінің хатында Елбасының және Қазақстан Республикасының атына ізгі тілегін жеткізген.
«Халықаралық қоғамдастық Сіздің жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіне қосқан үлесіңізді жоғары бағалайды. Сіз дана саясатыңыздың арқасында еліңізде тұрақтылықты және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз еттіңіз», делінген жеделхатта.