• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Сәуір, 2019

Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді

1074 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өтіп жатқан «Бір белдеу, бір жол» 2-ші халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсімінде 1990 жылдан бері жаңа Жібек жолы – Еуразия тұжырымдамасын жаңғыртуға көптеген ұмтылыстардың болғандығын атап өтті. Алайда көптеген себептерге байланысты бұл жобаларды жүзеге асыру мүмкін болмаған. Оған қоса, әлемдік қоғамдастық жаңа бастамаларға дайын болмаған.

Елбасының айтуынша, саяси қарама-қайшылықтарға, санкцияларға, сауда соғыстарына қарамастан бастама аясындағы сауда айналымы өсе түсіп, қазір 5 трлн АҚШ доллары немесе әлемдік сауданың үштен біріне жеткен. 

– Заманауи логистиканың, мемлекеттердің өзара түсіністігінің арқасында Оңтүстік Шығыс Азиядан шығатын тауарлар солтүстік Еуропа қалаларына екі аптаның ішінде жететін болды. Бұл прагматизмнің негізінде өркендеуге деген ұмтылыс жатыр. Қазақстан Еуразияның орталығында қолайлы қоныс тепкен. Біздің елдеріміз арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын құрғақтағы ең қысқа жол өтеді. Осы транзиттік әлеуетті ұтымды пайдалану мақсатында біз «Нұрлы жол» атты ұлттық бағдарламамызды «Бір белдеу, бір жолға» кіріктірдік, – деді Елбасы.  

Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ соңғы 10 жылда Қазақстан инфрақұрылымға, көлік-логистика активтеріне 30 млрд АҚШ доллар көлемінде инвестиция салғандығына да тоқталды. 

Қазақстан тарапынан Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты құрылып, транзиттік жүктер көлемі артқан. Сондай-ақ, қазақстандық мұнай-газ желілері арқылы да Азиядан Еуропаға тасымал көлемі артқан.

Елбасы сөзінің соңында Қытай Халық Республикасының құрылуының 70 жылдығымен құттықтады. Форум бағдарламасына сай Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР төрағасымен екіжақты кездесуі жоспарланған. Халықаралық жиынға қырыққа жуық мемлекеттің президенттері мен премьер-министрлері қатысуда. Форум жексенбі күні қорытындыланады.