Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Бұл туралы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп жазды Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Б.Уәли өзінің Фейсбук парақшасында.
«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады», деді Мемлекет басшысы.
Президент осыған орай, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы қажет екендігін айтты.
«Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.