Тұрақтылық пен даму белдеуі қалыптасты
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Жібек жолы моделін 2013 жылы Қазақстанға келген сапарында жария етіп, бұл бастама біздің елімізден қолдау тапқаны белгілі. Оның астарында еліміздің экономикалық, геосаяси мүддесі болғандықтан, Елбасы әуел бастан Еуразиялық Жібек жолын жаңғыртудың маңыздылығына баса мән берді.
Бұл еңбек айналдырған бес жылдың ішінде ел дамуына үлкен серпіліс әкелді. Қазір осы бастама аясындағы сауда-саттық көлемі 5 трлн АҚШ долларына жетті.
Форумның ашылуында алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамаларға байланысты негізгі жетістіктер мен еліміздің логистика саласындағы жобаларын кеңінен айтып берді.
Жалпы, халықаралық форумға қырыққа жуық мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш бастаған халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.ТМД, Азия, Еуропа, Африка, Латын Америкасы, Океанияның белді мемлекеттерінің басқосуын 4100 журналист шартарапқа таратты. Осыдан-ақ Бейжіңдегі жиынның әлем назарын аударғандығын аңғаруға болады.
Форумды ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ашып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мән-мағынасына, мақсат-міндеттеріне тоқталды. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге қонақжайлылық танытып, форумға шақырғаны үшін ризашылық білдірді.
– Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Бұл дана сөз бірлесе жаңғыртылып жатқан Ұлы Жібек жолының тарихына да тікелей қатысты. Екі мың жыл бұрын адамдардың батылдығы мен іскерлігінің арқасында Еуразия жолдардың бір желісіне біріккен еді. Мұны адамзат тарихындағы жаһанданудың алғашқы қадамдары деуге болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы отыз жыл ішінде Еуразиядағы Жібек жолын жаңғыртудың көптеген тұжырымдары болғанын және олардың жүзеге аспағанын атап өтті.
– Адамзат дамуының болашақ үрдісі айқындалғандай болып көрінген еді. Бірақ 2013 жылы Қытайдың Қазақстанда ұсынған Жібек жолы моделі қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда өміршең ғана емес, табысты жобаға айналды. Бұған оның бес жылдан астам уақыттағы даму кезеңі дәлел, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтіп, бірінші форумның қорытындылары бойынша қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.
– Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» – экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда текетіресіне қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар құрап отырғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһанданудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты.
– Тарихи кезең әлемдік ықпалдастық орталығын қайтадан Шығысқа қайтаруда. Біз бүгін Азияның шын мәнінде ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынуда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы сондай-ақ Жібек жолының Экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразия экономикалық одағын ұштастырудың әлеуеті зор екенін атап өтті.
– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы географиялық жағынан орналасуға және даму үдерісіндегі теңсіздіктерге қатысты сын-тегеуріндерді еңсере алды. Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналуда. Біздің құрлықтың әртүрлі және қашықтықта орналасқан өңірлері екі мың жыл бұрынғыдай бір желіге бірікті. Біз қысқа мерзім ішінде күрделі табиғи жер бедерлерін және геосаяси қарама-қайшылықтарды айналып өткен экономикалық дәліздер құрдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті инфрақұрылымды дамыту және көлік-транзит әлеуетін арттыру жұмыстарының нәтижелеріне арнайы тоқталды.
– Қазақстан соңғы он жыл ішінде инфрақұрылымды, көлік-логистика активтерін және құзыреттілікті дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салды. 3 мың шақырымға жуық ұлттық темір жол желісі және 12,5 мың шақырым автомобиль жолдары салынды немесе қайта жөндеуден өтті. Еліміздегі теңіз және әуе порттары жаңғыртылды. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде біздің елде заманауи және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның белсене араласуымен жүзеге асырылып жатқан логистикалық жобалар туралы әңгімеледі.
– 2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасын Жібек жолының Экономикалық белдеуімен ұштастыру жоспары табысты іске асырылуда. Еуропа мен Қытайды Ресей мен Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық жоғары деңгейлі автомагистраль байланыстырды. Біздің еліміз Қытайдың Ляньюньгань портында логистикалық терминал салды. «Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы» бағытындағы темір жол іске қосылды. Қытайдан Оңтүстік Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Қытай Төрағасының «Бір белдеу, бір жол» арқылы тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын бірлесе құруға шақырып отырғанын атап өтті.
– Әлемдік саясаттағы жаңаша ойлау барлық елдердің мүдделерін жұмылдыруға бағытталған менің G-Global идеяммен үндеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Елбасы бүкіл Қытай халқын Қытай Халық Республикасының 70 жылдығымен құттықтап, мемлекетті дамыту жолындағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді.
Әлемді елдердің ынтымақтастығы құтқарады
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қытай Халық Республикасына сапары барысында «Синьхуа» ақпарат агенттігі, «CCTV» телеарнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытайдың орталық радиосы, «China News Service» ақпарат агенттігі, «Хуанцю шибао» басылымы сияқты Қытайдың ресми БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Елбасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі жүзеге асыру перспективаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, «Нұрлы жер» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру нәтижелері туралы әңгімеледі.
Сұхбат барысында қытайлық журналистер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізгі бастамашыларының бірі болғандығына ерекше тоқталып, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының қарқынына баға беруді сұрады.
– Қазақстанға бұл бастама ерекше ықпал етті. Жобаға 150 мемлекет, көптеген елдің инфрақұрылымдары қосылды. Форумда көпшілік бұл істің пайдасы мен тиімділігі хақында сөз қозғады. Қазір көптеген жаңа кәсіпорын салынып, Жібек жолының бойындағы мемлекеттер қайта түлеп жатыр. Мен бұл мәселеге байланысты сыни пікірлер барын білемін, бірақ ол – істің ақиқатынан хабарсыздықтың белгісі. Жобаға қосылған мемлекеттердің ұпайы түгел және бас пайдаларын жақсы біледі. Бұл табысты жоба болғандықтан, жемісті жүзеге асырылып жатыр деп ойлаймын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Әрине, бұл бастаманың астарында тек экономикалық мүдде жатқан жоқ. Елбасы айтқан Еуразиялық Жібек жолы жаһандық сын-тегеуріндер мен сенімсіздіктің және тұрақсыздықтың да жолын кесіп, достық дәлізіне айналған күнде әлемдегі саяси тепе-теңдік те қайта орныға бастайды.
«3 D» – жаһандық диалогқа сұранып тұр
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының екінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сессия отырыстарына қатысты. Жаңа даму көздерін зерттеу мақсатындағы сәйкестіктерді шегендеу, тығыз әріптестікті қалыптастырудағы ұштасуларды бекіту, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңдегі тұрақты дамуға арналған жасыл және тұрақты даму күн тәртібін ынталандыру тақырыптары бойынша әлемдік көшбасшылар еркін пікір алмасып, ойларын ортаға салды, ұсыныстарын жеткізді.
Осы орайда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдары туралы айтты.
Елбасы кибер қауіпсіздік пен қолданыстағы коммуникацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін және өңіраралық деңгейдегі бәсекенің арта түскенін атап өтті.
– Дамуды және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаһандық институттардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауда. Экономика саласында «сауда текетіресі мен санкциялық соғыстар» пайда болды. Бүкіл әлем бойынша порттар мен әуежайлардың терминалдары арқылы жөнелтілетін жүктер кідіре бастады. Түптеп келгенде, бұл әлем экономикасының даму қарқынын бәсеңдетіп, халықтың, әсіресе дамушы елдер тұрғындарының жағдайын нашарлатады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы әлемдік қоғамдастықты адамзаттың жаһандық проблемаларын шешу үшін жұмылуға шақырды.
– Алып құрлығымыздың дәл ортасында орналасқан Қазақстан Еуразияда тығыз серіктестік орнатуды әрдайым қолдайды. Біздің Сыртқы саяси доктринамыз көпжақты ынтымақтастықты және бірлесе дамуды, сенім мен қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Біз бүкіл әлемге халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді талқылау бойынша да үлгі көрсете алдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуын болдырмау ісіндегі жетістіктеріне тоқталды.
– Біз геосаясат пен геоэкономикада кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді шешуге септігін тигізетін жаһандық архитектураны қалыптастыру ісіне алдағы уақытта да атсалыса береміз. Менің ойымша, мұны «3 D» жаңа ахуалын қалыптастыру арқылы жүзеге асыруға болады. Мұны «Үш диалог» жүргізу қажеттігі деп түсінген жөн. Біріншісі жаһандық деңгейді қамтиды. Бұл – АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа одағы арасындағы диалог, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші диалогтың Еуразия деңгейінде қажеттігін атап өтті. Ондағы мақсат – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуетін біріктіру.
– Үшінші диалог – бұл Еуразия экономикалық одағы, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы арасындағы жүйелі экономикалық диалог. Осындай форматтағы экономикалық кооперацияны дамыту арқылы, біріншіден, елдеріміздің дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына зор серпін береміз. Екіншіден, экономиканы әртараптандырудың жаңа көздерін ашуға, бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға, бизнес ахуалын жақсартуға және мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жағдай жасалады. Үшіншіден, Үлкен Еуразияның жаһандық рөлін арттыруға мүмкіндік туындайды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Соңында Елбасы аталған үш диалогтың басталуы форумға қатысушылардың барлығының мүдделеріне сай келетінін атап өтіп, біріккен Еуразияның жарқын болашағы үшін өзара байланыстар орнатудың қажеттілігі туралы айтты.
Сессия отырыстарының қорытындысы бойынша көшбасшылар «Бір белдеу, бір жол» бастамасын дамыту мәселесін қамтитын Бірлескен коммюнике қабылдады.
Қытай басшысымен кездесті
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапары аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
– Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап, мен сіздің еліңізбен өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың осындай деңгейіне қол жеткізу үшін жұмыс істедім. Осы жылдар ішінде арамыздағы барлық өзекті мәселелер шешімін тапты. Біз шекарамызды белгілеп, сенімге негізделген диалогтың деңгейін көтердік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы экономиканың түрлі секторларындағы қатынастардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қытай мемлекеті Қазақстан үшін көршілес ел және экономикалық серіктес қана емес, сонымен бірге сенім артып, тірек санайтын біздің жақын досымыз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Екіжақты құжаттарға қол қойылды
Жалпы, біздің еліміз бен Қытайдың 1992 жылдан бергі әр саладағы қарым-қатынасы осы уақыт аралығында ерекше қарқын алды. Бұл – сенімге негізделген достық, көршілік ынтымақтың жемісі. Ресми деректерге қарағанда, Қытай Қазақстанның сыртқы саудадағы ірі әріптестерінің бірі – өткен жылы бұл саладағы үлесі 15,7 пайызға жеткен.
Елімізден Қытайға негізінен минералды өнімдер, металл және химия өнеркәсібі өнімдері шығарылса, бізге мақта-мата, машиналар, құрал-жабдықтар мен халық тұтынатын тауарлар әкелінеді.
Өз кезегінде соңғы жылдары Қазақстаннан Қытайға астық, асыл тұқымды жылқы, соя, бидай жармағын, мұздатылған қой етін, түрлі дақылдар тұқымын, күнбағыс, рапс, соя және мақта майларын тасымалдау көлемі артқан. Соның әсерінен 2015 жылдан бері Қытай нарығына қосымша 13 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудегі фитосанитарлық талаптарды нақтылайтын хаттамаларға қол қойылған.
Бұл жолы да «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының аясында екі елдің мемлекеттік құрылымдарының басшылары бірқатар құжатқа қол қойды.
Олардың қатарында Қазақстанның Қаржы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасындағы сыртқы саудадағы кедендік статистика бойынша әдістемелік және ақпараттық өзара ықпалдастық туралы, Қазақстанның Қаржы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан мен ҚХР-дың кедендік шекарасынан өтетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала мәліметтермен алмасу туралы хаттамаларға, Қытайдың Бас кеден басқармасы мен Қазақстанның Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті арасындағы Қытайдағы кәсіпорындарды несиелеу бағдарламасын және Қазақстандағы уәкілетті операторлардың бағдарламаларын өзара мойындау туралы меморандумға, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасындағы Қытайдан Қазақстанға экспортталатын үйрек етіне байланысты инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы, сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға экспортталатын бидай ұнына қатысты фитосанитарлық талаптар туралы хаттамаларға қол қойылып, ет өнімдерінің карантиндік сертификатын бекіту туралы хат алмасылды.
Бұл іс-шара форум аясында өткен жанама сессиялардың қорытындылары бойынша жүзеге асты.
Белгілі актермен жылы рәуішті жүздесу
Қытайға сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі актер Джеки Чанмен кездесті. Кездесуге сондай-ақ әйгілі Қытай актерінің әріптестері мен шығармашылық ұжымының мүшелері қатысты.
Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Джеки Чанның әлемдік кинематографиядағы маңызды рөлін атап өтті.
– Өзіңіздей танымал тұлғамен жүздескеніме қуаныштымын. Сізді бүкіл әлем біледі, – деді Елбасы.
Қытай актері алдағы шығармашылық жоспары және киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары туралы ой бөлісті.