• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2019

Алматыда жұмыспен қамту жәрмеңкесі өтті

1096 рет
көрсетілді

Бүгінде ел жастарын толықтай жұмыспен қамту күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Биыл бұл істі мүмкіндігінше жолға қоюға үлкен күш жұмсалуға тиіс екенін Елбасы Жастар жылының ресми ашылу салтанатында баса айтқан болатын. Алматыдағы «Арбат» алаңында бос орындар жәрмеңкесі өтіп, оған бес мыңнан астам жұмыссыз жас қатысты. Оның жартысына жуығы еңбек пен оқуды қатар ұштастырсақ деген жоғарғы курс студенттері.

Жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі жәрмеңке жастарға білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатынын анықтауға септеседі. Бір күн бойы мегаполистің жаяу жүргіншілерге арналған танымал көшесі жұмыс берушілер мен ізденушілерге арналған диалог алаңына айналды. Жоғары оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесін Алматы қаласы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасына қарасты «Jas Qadam» Қоғамдық қоры  ұйымдастырды. Жәрмеңкеге 300-ден астам жұмыс беруші компания қатысты. Олардың сапында «Magnum Cash Carry» сауда желісі,  CRATA халықаралық заң фирмасы, DHL, HCK, Creetgo IT-компаниясы тәрізді көптеген іргелі  ұжымдар бар. Шара аясында 200-ге тарта бітіруші түлек аталған компанияларда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Оған қоса жастардың бизнеске деген ынтасын арттыруға бағытталған семинар сабақтар өткізілді. Жоба шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй мәселелерін шешу, психологиялық және заңгерлік көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған іс-шаралар тізбегін саралап берді.  Осы мақсатта жастарға арналған түрлі жобалар легі іске асуда. Кәсіпорындар үшін-бұл еңбекке қабілетті халықтың ең үздік өкілдері арасынан болашағы бар мамандарды таңдап алудың бірегей мүмкіндігі. Студенттер үшін өзін әлеуетті жұмыс берушілерге ұсынудың оңтайлы жолы. Біздің миссиямыз Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету», дейді «SelfMade» жобасының үйлетірушісі  Айгүл Нисупова.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілер үшін де маңызды. «Жастар өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал біз үшін түлектердің іскерлік қасиетін бағалауға зор мүмкіндік тудырады» дейді жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері.