1993-2009 жылдар аралығында 20 мәрте жалауы желбіреген Азия чемпионатында әнұранымыз небәрі үш рет қана шырқалды. Атап айтсақ, тек Гүлжан Исанова, Мариан Ордабаева және Отгонцэцэг Галбадрах сынды балуандар байрақты бәсекеде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу бақытына бөленді. Тоғыз балуанымыз ақтық сынға алқынбай жеткенімен шешуші тұста ұтылды. Тағы 24 жерлесіміз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қысқа қайырсақ, ширек ғасырдан аса уақыт аралығында 36 (3 алтын + 9 күміс + 24 қола) жүлде иеленген екенбіз. Әңгімеміз мәнді әрі сәнді болу үшін енді осы жарыстардың барлығына жеке-жеке тоқталайық.
1993 жыл. Макао. Бұл жарыста Қазақстанның әйелдер құрамасының қоржыны бос болды. Ал сарапқа салынған сегіз жүлденің барлығын Оңтүстік Корея мен Қытай теңдей бөлісті. 1995 жыл. Нью-Дели. Жерлестеріміз үш жүлде алды. Евгений Богунова (72 кило) финалда ұтылса, Валентина Камсулева (61 кило) мен Мәншүк Дәулеткереева (72 кило) қола медальды иеленді. Үнді елінде Оңтүстік Корея арулары бес алтын алды.
1996 жыл. Хошмин. Жанат Нұртазина (66 кило) мен Евгения Богунова (72 кило) үшінші орынға табан тіреді. 1997 жыл. Манила. Қазақстан дзюдошыларына бірде-бір жүлде бұйырмады. Сегіз жүлдені Қытай, Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея және Жапония екі-екіден бөліп алды.
1999 жыл. Вэнчжоу. Қытай елінде жанарымызбен жер шұқып қалдық. Өз жерінде өткен жарыста Қытай спортшылары бес рет жеңіс тұғырынан көрінді.
2000 жыл. Осака. Күн шығыс елінде Гүлнар Көшербаева (+78 кило) қола медальды иеленді. Жапондар – төрт, қытайлар – үш алтынды қоржынға салды.
2001 жыл. Ұлан-батыр. Нүргүл Тағаева (63 кило) ақтық сынға дейін жеткенімен, шешуші тұста ұтылды. Шолпан Қалиева (52 кило) қолаға қол жеткізді. Жапония балуандары өз елдерінің әнұранын бес мәрте шырқатты. 2003 жыл. Чеджу. Варвара Масягинаның (78 кило) жеңіп алған жалғыз қоласын қанағат тұттық.
2004 жыл. Алматы. Өз жерімізде жалауы желбіреген жарыста әнұранымыз шырқалса деп армандаған едік, алайда үш қоламен шектелдік. Бұл жүлделердің иегерлері – Татьяна Шишкина (48 кило), Сағат Әбікеева (70 кило) және Варвара Масягина (78 кило). Командалық тартыста Жапонияның қыздары төрт алтынды иемденді. 2005 жыл. Ташкент. Сағат Әбікеева (абсолютті салмақ) – күміс, Қалжан Тайжанова (70 кило) – қола медальды мойындарына ілді. Күн шығыс елінің сұлулары алты рет алтыннан алқа тағынды.
2007 жыл. Эль-Кувейт. Жанар Жанұзынова (70 кило) алтын тұғырға бір табан жақындағанымен, финалда қарсыласына әлі жетпеді. Мариям Ордабаева (63 кило), Сағат Әбікеева (78 кило) және Гүлжан Исанова (абсолютті салмақ) үшінші сатыға жайғасты. Жапондар бес алтын олжалады. 2008 жыл. Чеджу. Үш қызымыз үшінші орынға табан тіреді. Олар – Шолпан Қалиева (52 кило), Жанар Жанұзынова (70 кило) және Гүлжан Исанова (+78 кило).
2009 жыл. Тайбэй. Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы тұңғыш рет әнұранымызды шырқатты. Аса ауыр салмақта айқасқан Гүлжан Исанова барша жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Ленария Меңғазова (52 кило) қола медальды иеленді. 2011 жыл. Әбу-Даби. Гүлжан Исанова (+78 кило) үшінші орынды еншіледі. Өзге дзюдошыларымыз тегістей ұтылды. Жапония бес бас жүлде олжалады.
2012 жыл. Ташкент. Тағы да сол жалғыз Гүлжан Исанова (+78 кило) ел намысын абыройлы қорғап, қола медальды мойнына ілді. Командалық сайыста үш алтыны бар жапондар озды. 2013 жыл. Бангкок. Ленария Меңғазова (52 кило) үздік үштікті қорытындылады. Өзге балуандар жер сипап қалды. Жапония мен Оңтүстік Корея үш алтыннан алды.
2015 жыл. Эль-Кувейт. Мариям Ордабаева (63 кило) мен Гүлжан Исанова (+78 кило) қола жүлдегер атанды. Көш басындағы Жапонияның үш алтыны бар. 2016 жыл. Ташкент. Өзбекстанның астанасында жалауы желбіреген Азия чемпионаты Қазақстанның әйелдер құрамасы үшін ең табысты жарыс болды. Осы додада Отгонцэцэг Галбадрах (48 кило) пен Мариям Ордабаева (63 кило) алтыннан алқа тағынды. Гүлжан Исанова (+78 кило) күміспен күптелді. 2017 жыл. Гонконг. Жерлестеріміз арасынан Отгонцэцэг Галбадрах (48 кило) күміс алса, Зере Бектасқызы (70 кило) және Гүлжан Исанова (+78 кило) қола жүлдені еншіледі. Бес алтыны бар Жапония алдыңғы лектен көрінді.
2019 жыл. Фуджейра. Жуырда ғана Біріккен Араб Әмірлігінде аяқталған жарыста Отгонцэцэг Галбадрах (48 кило) қатарынан екінші рет күміс медальды кеудесінде жарқыратса, Севара Нышанбаева (57 кило) қола жүлдегер атанды. Парсы шығанағында өткен жарыста Жапония мен Қытай бас жүлдені екі-екіден иеленді.
Міне, Азия чемпионаттарының қысқаша тарихы осындай. Бір өкініштісі, Қазақстан құрамасы осы жарыстарда тек бір рет қана жалпы, командалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінген екен. 2016 жылы Ташкентте біздің арулар екінші орынды олжалағаны жайында жоғарыда айттық. Сонымен қатар 2011 жылдан бері командалық бәсекелердің үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқанын да естеріңізге сала кетейік. Жеті мәрте өткен сол жарыста Қазақстанның дзюдошылары екі рет, яғни 2013 және 2016 жылдары үшінші орынға табан тіреді.
Азия чемпионатының әйелдер сайысында Қазақстанның дзюдошылары арасында ең көп жүлде алған Гүлжан Исанова екені мәлім. Аса ауыр салмақта күресетін ардагер балуан 2007-2017 жылдары аралығында ұйымдастырылған сары құрлықтың басты додасында 1 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль иеленді. Ал қазіргі кезде Отгонцэцэг Галбадрахтың қарқыны қуантады. Ол соңғы үш Азия чемпионатының барлығынан олжалы оралды. 2016 жылы Галбадрах алтыннан алқа тағынса, 2017 және 2019 жылдары күміс медальды иеленді.
Жалпы алғанда Қазақстанның әйелдер құрамасы Азия чемпионаты мен Азия ойындарында біраз жүлде алғаны рас. Алайда төрткүл дүниенің мықтылары жиналатын жарыстарда асығымыздың алшысынан түскен кездері тым сирек. Мәселен, Олимпия ойындарында (2016 ж.) бір жүлде ғана алдық. Әлем чемпионатында (2017, 2018 ж.ж.) жеңіс тұғырына екі мәрте ғана көтерілдік. Сол жүлделердің барлығы жалғыз О.Галбадрахқа тиесілі. Біз енді жоғарыда есімі аталған даңқты балуанның жеңісті жолы өзге жерлестерімізге жұғысты болсын деп тілейміз...
Бетті дайындаған
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»