Сәрсенбі, 30 қаңтар 2013 7:41
Тіршілік үшін күресуде қандай да бір жол тауып, діттеген жеріне жетіп, орнығып қалуға талпыну табиғи құбылыс, өмірдің жазылмаған заңы. Сол қағиданы әркім әртүрлі қабылдап, ой өрісінің жеткенінше екшеп, әрекет ететіні де ақиқат. Шыны керек, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан бір проблема саяжай мәселесі болып отыр.
Сәрсенбі, 30 қаңтар 2013 7:41
Тіршілік үшін күресуде қандай да бір жол тауып, діттеген жеріне жетіп, орнығып қалуға талпыну табиғи құбылыс, өмірдің жазылмаған заңы. Сол қағиданы әркім әртүрлі қабылдап, ой өрісінің жеткенінше екшеп, әрекет ететіні де ақиқат. Шыны керек, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан бір проблема саяжай мәселесі болып отыр.
Шалғайдағы ауылдардан кезінде қандай да бір жағдаймен бала-шағасымен қала маңына көшіп келіп, өкілетті органға уақытша, мүмкіндігі болып жатса тұрақты түрде тіркеліп, жанашырларының үйін паналап, негізінен пәтер жалдап тұрып, қандай да бір жұмыс тауып, еңбек еткендердің өзі үшке бөлінеді. Біріншісі, адал еңбегіне сүйеніп, мамандығына сай реті келген жұмысты істеп, барды қанағат тұтады. Екіншілері тұрақты айлық жалақы беретін мекемелер мен ұжымдардан жұмыс табылмаған соң, иә болмаса төленетін еңбекақы тұрмыстық қажеттіліктерін өтемегендіктен ақша табудың түрлі жолын іздеп шапқылап, тіпті заңды, заңсыз бизнес жасап өзіндік жетістікке жетіп те жатады.Үшінші топ оңай олжа табуды көксейтіндер әрекеті – қоғамдық тәртіпті белден басу, құқық бұзу, ұрлық жасау, адам алдау деп тізбеленеді. Тағы бір топ жақын шетелдерден күнкөріс қамы үшін арзан жұмыс қолы ретінде жергілікті халыққа жалданып маусымдық құрылыс жұмыстарын істеп, сосын сауда-саттықпен базарларға орнығып нәпәқасын тауып жүрген жандар. Шыны керек, сол азаматтардың кейбірі шетелде жүргендерін әсте ұмытып, адами тұрғыда жасалған қамқорлықты өз өрелері жеткенше түсініп, уақыт өте келе өктемси сөйлейтін халге де жеткені жасырын емес.
Осы елдің басым бөлігі қалалар маңындағы саяжайларда тұрақтаған. Сол саяжайлар нақтылай түссем, бау-бақшалар арасындағы бір қабатты саяжайлар, жертөлелер орны бүгінде екі-үш қабатты сән-салтанаты асқан екі-үш қабатты тұрғын үйлерге айналған. Жақсы. Мұны өркениет қадамдары деп те қабылдаған ләзім. Әйткенімен, медальдің екі жағы бар емес пе?!
Жалпы, саяжайлар аумақтары жыл өткен сайын кеңейіп, тұрғындары еселеп өсіп те келеді. Бүгінде Алматы облысы бойынша тіркеуден өткен саяжайлар мен бау-бақша қоғамдарының жалпы саны 645. Алғашқы мақсаты көкөніс, жеміс ағаштарын егіп, одан өзіне, яғни отбасына қажетті өнім алуға арналған саяжайлық жер телімдерінде бүгінде ауыз су жетпей, электр жарығын тарататын трансформаторлардың шамасы келмей, автокөлік жолдары тарлық етіп өзекті мәселелер алдан шығуда. Тұрғындарына медициналық қызмет көрсету, мектеп жасындағы балаларын жалпыға бірдей орта біліммен қамту, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмау сияқты қадау-қадау шаруалар анықтауды және оңды шешімін табуды қажет етеді. Саяжайлар тұрғындары мемлекет тарапынан заң шеңберінде көрсетілетін көмек пен қамқорлықтан мүлдем тыс қалып отырған жоқ. Қала, ауыл тұрғындары сияқты олар да жақын маңдағы емдеу мекемесіне қаралып, қажет болса жедел жәрдем көлігін шақыртуына болады. Заңға сәйкес тұрғын үй, әлеуметтік көмек алып отырғандары баршылық. Билік тарапынан оқушыларды мектепке тасымалдау жұмысы ұйымдастырылған.
Алматы облысында саяжайлар мен бау-бақша бірлестіктерінде қоғамдық тәртіпті қадағалауға жауапты 58 полиция инспекторының анықтауынша, бір жылда 242 қылмыс жасалған болса, оның негізгісі – ұрлық. Сол қылмыстың басым бөлігі еліміздегі ең ірі мегополис маңындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарында болған. Облыс аумағына келген шетелдік мигранттардың 15 пайыздан астамы саяжайлар мен бақшалық қоғамдарда тұрақтайды. Бүгінде осындай жерлерде 410 мигрант тұрып жатқаны анықталды.
– Елбасы «Барлық мемлекеттік органдар қызметінің негізі – отбасы, қауіпсіздік, жұмыспен, тұрғын үймен қамту, білім беру, денсаулық сақтау секілді тұрғындар үшін қарапайым қажеттіліктен тұруы қажет», деп атап көрсетті. Біз Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған саясатын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді салуға міндеттіміз, – дейді облыс әкімі Аңсар Мұсаханов.
Саяжай сергелдеңін сейілтудің бір жолы – сол саяжайларға елді мекен мәртебесін беру. Бірақ ол айтуға оңай. Себебі, кезінде ретсіз салынған үйлерден түзілген көшелер бойымен ауыз су құбырын, канализация, телефон, электр желісін тарту, жаяу жүргіншілер жолын салу, көшелерге асфальт төсеу, елді мекенге, көшеге ат беру, үйлерді нөмірлеу жұмыстарын түрлі салалар қызметі атқарған соң, аудан, қаланың бас жоспарына кіргізу қажет. Бұл жердегі ең қиын жұмыс автокөліктер бір бағытта ғана жүре алатын небары үш метрлік автокөлік жолын кеңейту екендігі тағы анық. Осы мәселелердің барлығын ел заңнамасына сәйкестендіріп, халықтың келісімімен реттеу үшін облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, жүктелген міндетті орындауға кірісіп кетті. Екпін алған жұмыста заңсыздыққа жол бермеу үшін облыс прокуроры Ғабит Миразов «Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жерлер өз мақсатында пайдаланылуы керек. Кез келген құрылыс нысаны заңға сәйкес жүргізілуі тиіс, бақшалық қоғамдар жұмысын өздерінің жарғы құжаттарына сәйкес атқаруға міндетті», деді.
Қорыта айтқанда, сырт көзге еренсіздеу көрінгенімен саяжайлар сергелдеңі құдды көміле бықсып жатқан шала іспетті тарамдалып кеткен. Олай дейтініміз, кімде-кім сырқаттана қалса жедел жәрдем шақыртатыны анық. Сол науқасқа дәрігер дер кезінде жетсе жақсы. Әйтпесе, жедел жәрдем көлігінің жолсызбен жүре алмағаны, заты бар аты жоқ мекен-жайды таппағаны, сол сияқты әлеуметтік сала қызметкерінің әлеуметтік көмекке мұқтаж жанның құжаттарын заңдастыра алмай әуре-сарсаңға түскені есеп емес. Мұндай тізбелене беретін проблемалар саяжай сергелдеңі емей немене? Бірақ жетісулықтардың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақы даналықты мемлекеттік саясатқа сәйкестендіре әрекет ететіні көңілдерге қуаныш нұрын себеді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.