Медициналық пойыздар негізінде көрсетілетін қызметтер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ тарапынан қаржыландырылады. Дәстүрлі жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырады.
«Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы 195 станцияға аялдайды. Сапар барысында барлығы 40 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.
Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған пойыздарда көрсетілетін медициналық көмек тізімінде: салалық мамандардың кеңесі (терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, онколог т.б.), түрлі зерттеулер мен диагностика түрлері (УДЗ, қан талдаулары, флюорография т.б.), кішігірім хирургиялық операциялар мен стоматологиялық қызметтер т.б. бар.
Биыл денсаулық саласы қызметкерлерімен бірге Медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері де жолға шықпақ. Ондағы мақсат – станциялардың тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жан-жақты мәлімет беру. Себебі, бұл Қазақстандағы әрбір тұрғынға қатысы бар, маңызды реформа. Сондықтан да Қор азаматтардың сақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап беретін нүктелер санын арттырып, консультацияларды жетілдіре түсуге ден қойып отыр.
Консультациялар барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары МӘМС жүйесінің артықшылықтары, кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік мнедициналық сақандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтер, сақтандыру жарнасының мөлшері, Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тәртібі, мемлекет тарапынан сақтандырылатын санаттар жайлы толық мәлімет ала алады.
Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын МӘМС пакетінің операторы болып табылады. Тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру міндеті 2018 жылдан бастап Қорға жүктелген болатын. Ал, міндетті сақтандыру шеңберінде қызмет көрсету 2020 жылдан басталады.
Пойыздың кестесі fms.kz сайтында жарияланған.