• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2013

Шиқылдақ деген ауыл бар…

733 рет
көрсетілді

Шиқылдақ деген ауыл бар…

Сенбі, 2 наурыз 2013 8:29

«…Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті қатар аққан өзен. Өре басы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін, Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, о кезде Шідерті бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің ала шабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын кеш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желді адырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды….»

 

Сенбі, 2 наурыз 2013 8:29

«…Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті қатар аққан өзен. Өре басы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін, Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, о кезде Шідерті бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің ала шабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын кеш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желді адырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды….»

Жүсіпбек Аймауытов,

«Күнікейдің жазығы». 1928 жыл.

Екібастұз жаққа жолсапарға жиі шығамыз. Өндірістік өңірде шоғырланған кәсіпорындардың, қала мен ауылдардың жаңа­лық­тары аз емес. Барған сайын Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесінде жазылған Шиқылдақ ауылына соқпақ болғанымызбен, жолымыз бір түспей-ақ қойған еді. Ақыры не керек, биылғы боранды күн­­­дердің бірінде Шиқылдаққа атбасын тіредік.

Шиқылдақ атауын алған бұл ауыл қызыл кеңес кезінде «Киров», «Комсомольский» бертін Құлболды деп аталыпты. Бірақ, ауыл халқы Шиқылдақ атауын ауыздарынан тастаған емес. Шиқылдақ аталатын көл де бар осы жерде. Адам да бар.Сонда адамның аты да Шиқылдақ болғаны ма? Ол кісі кім болды екен? Осындай сұрақтар жан-жақтан қаумалай берді. Ай­мауытовтың жазуынша, Ші­дер­тінің жағасында сол кезде жалғыз осы Шиқылдақ ауылы ғана болыпты.

Ауыл әкімі Асан Рахматуллин Шиқылдақтың арғы тарихын Сағит ағадан сұрау керек деген еді.

Сағит Иманғазиев облыс орталығында тұрады, дәрігер, хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ағамыздың көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін қағазға түсіретін әдеті де бар. Осы жақында ғана «Есімде менің сол бір кез…» деп аталатын өмірбаяндық еңбегі жарық көрді.

– Шиқылдақ дегеніңіз бұл бір жатқан тарих, шежіре ғой, – деді дәрігер ағамыз үлкен бір әңгіме бастамаққа дайындалып. – Бұл 80-ші жылдардың соңы болатын-ды. Қуғын-сүргінге түс­кен арыстарымыздың есімдері жаң­ғырып жатқан уақыт. Сондай күндердің бірінде шешем Қапен:

«Сағитжан, Жүсіпбек Айма­уы­товтың кітабында нағашы атаң Мұсатай туралы жазылыпты, тауып алып, оқып шықшы», – деді. Содан, «Күнікейдің жазығы» повесін оқып шықтым. Айтса айтқандай, повесте Мұсатай атамның аты тіпті бірнеше жерде аталады, кәдімгі кейіпкер болып шыққан. Ал, Аймауытов жазған әңгіменің оқиғасы Шиқылдақ ауылының маңында өткені белгілі.

Сағит ағаның айтуынша, нағашысы Мұсатай Елтайұлы Аймауытовпен құрдас, туыстық­тары да бар. Әнші, ақын, сері адам болыпты. Бала кезінде талай көрген екен. Жазушы ке­й­іп­керлерін жанынан іздейді ғой, сондықтан «Күнікейдің жа­­зығындағы» Мұсатай – менің на­ғашы атам болар, – дейді дә­рі­­гер ағамыз. Сағит аға нағашы атасына тартса керек, әнші, домбырашы, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы азамат. «Сұржекейді» шырқағанын көрсеңіз.

Ал енді, Шиқылдақ деген кім дегенге келсек, бұл Сағит аға­мыздың ұлы аталары, яғни, Иманғазының әкесінің аты болып шығады. Бабаның ұрпақ­та­ры түгелдей осы Шідерті өзе­ні жағалауын мекендеген екен. Ауылдары «Сары төбе» ата­латын Шідерті өзенінің оң жағасында болса керек. Баты­сын­да Шиқылдақ көлі. Сол төбе басына Шиқылдақ атамыз, оның әкесі Тоқтыбай жерлен­ген көрінеді. Иманғазыдан-Баймұқан, одан Сағит ағамыз тарайды. Ал, Шиқылдақтың қызы Дінке әже 105 жасқа келіп қайтыс болыпты. Шиқылдақ ата ел аузында аты қалған құрметті адам, ауылнайлық жұмыс та атқарыпты.

Бүгіндері ауылда 500-дей адам тұрады. Ауыл әкімі Асан Рахма­тул­линнің айтуынша, ауыл аман-есен. Мал жетеді, дастарқаны мол. Мектебі, балабақшасы, дә­рі­герлік пункті – бәрі жұмыс іс­теп тұр. Әр үйде монша бар. Ша­руа қожалықтары ел-жұрт­қа көмектерін аямайды. Ши­­­­­қыл­дақта 20-ға жуық шаруа қо­жалығы бар. Мысалы, «Жар­­­­­­­сор» ша­руа қожалығында  – жылқы, қой, 5 бас түйе күтілуде.

Ал, «Жана ауыл» шаруа қожалығының басшысы Кайрат Ибраев – қалалық мәслихаттың депутаты. Мал басын көбейту үшін, биыл 15 миллион теңге кре­­дит алыпты. Одан кейінгі «Тө­менгі база» деген жерде Ни­колай Арсютин және Юрий Ро­доманов басқаратын «NOMAD» және «Родоманов» қожалықтары мектептің оқушы­­­ларын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Иманмахмут» шаруа қо­­жа­лығы «Сыбаға» жобасы бо­йынша кредит алып, мал өсі­руде. Түпкі мақсат – мал басын көбейтіп, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу.

Ауылда «Құлболды батыр» атындағы мешіт бар. Мұқатай имам былтыр қажылыққа барып келіпті. Өткен көктемде «Қарағанды – Ертіс» қаналынан ауылдағы өзен мен Шиқылдақ көліне су жіберіліпті. Көл тазарып суы молайыпты.

Міне, бізді аталуы қызық­тыр­ған ауылдың өткені мен бүгінгі тіршілік-тынысы осындай.

 Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы,

Шиқылдақ ауылы.

––––––––––––

Суретте: «Күнікейдің жа­зығының» кейіпкері Мұса­тай атамыздың отбасы (ортадағы Мұсатай ата, сол жақта отыр­ған Сағит ағаның анасы Қапен).