Олимпиада лицензиялары сарапқа салынатын жарыста Қазақстанның туы астында Юрий Юрков, Александра Малиновская, Елизавета Король, Виолетта Старостина, Владимир Исаченко, Илья Федин, Алексей Клейменов, Рашид Юнусметов, Ирина Локтионова, Юлия Комендра, Елдар Иманқұлов және Елизавета Безрукова сынды спортшылар өнер көрсетеді.
Мюнхендегі жарыста алғашқы екі орынды иеленген мергендер Токио Олимпидасында күш сынасу құрметіне ие болады. Ал егер көш басынан көрінген спортшылар бұған дейінгі додаларда жолдаманы қалтаға басқан болса, онда үшінші және төртінші сатыларға табан тіреген спортшылар үшін де Олимпия ойындарына қатысуға даңғыл жол ашылады.
Әлем кубогының кезеңдік сайысына тыңғылықты даярлану мақсатында Ольга Довгун жаттықтыратын ұлттық командамыз сол елдің Ганновер қаласында өтетін халықаралық турнирге қатысуды құп көріп отыр.