Беларусь хоккейшілеріне қарсы өткен ойынның бірінші кезеңі жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Матчтың тоғызыншы минутында Никита Михайлис есепті ашса, 16-минутта Талғат Жайлауов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Алайда екінші кезеңнің 27-минутында Беларусь құрамасы қарымта шайба соғып үлгерді. Шайба авторы – Артем Демков. Үшінші кезеңнің алғашқы бес минуты қонақ команданың басымдығымен өтті. Кездесудің 45-минутында Беларусь хоккейшілері дегендеріне жетіп, Никита Феоктистов тараз басын теңестіріп кетті.
Ойынның негізгі кезеңі тең нәтижемен аяқталған соң, жеңімпаз құраманың есімі овертаймда анықталды. Қосымша кезеңнің үшінші минутында Аркадий Шестаков гол соғып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:2. Төртінші турдан кейін 11 ұпай жинаған Қазақстан құрамасының хоккейшілері бірінші орынмен хоккейден әлем чемпионатының элиталы дивизионына қайта оралды.