• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Мамыр, 2019

Терроризмнің жаңа келбеті

1027 рет
көрсетілді

21 сәуірден бері Шри-Лан­ка елінде бірнеше теракт болды. Дәл осы уақытта Шри-Ланка хрис­тиандары Пасха мерекесін той­лап жатқан. Олар әдет­тегідей мейрамды атап өту үшін жергілікті шіркеулерге барған. Дәл сол сәтте үш шір­кеуде және төрт қонақ­үйде жарылыс болады. Оларды жанкештілер жү­зеге асырған.

Терактілерге күдікті деп 70 адамды ұстады. Жарылыстан 253 адам көз жұмып, 500-дейі жара­ланған. Жалпы саны 45 бала қай­тыс болды. Көз жұмғандардың көпшілігі – жергілікті тұрғындар, Шри-Ланканың 207 азаматы. Сон­дай-ақ 46 шетелдік те бақилық болды. Олардың тізімі мынадай: Үндістан – 12, Қытай мен Бри­та­ния – 6, Дания мен Нидерланд 3 аза­матынан айрылған. 253 құр­бан­ның ішінде бүкіл отбасылар да бар екен. Ал Данияның 3 аза­­маты – бір үйдің балалары. Әкесі осы елдің ең бай азаматы, мил­лиардер Андерс Холх Повл­сен.

Терактіні жасаған кім? Трагедияға ДАИШ және Таухид Жамағат террористік ұйымдары жауапты деген ақпарат тарады. ДАИШ террористік ұйымы бұл терактілерге жауапкершілікті өз мойнына алды. Оған қоса, жа­ры­лысқа ДАИШ-тың қатысы бар екенін осы елдің премьер-м­инистрі Ранил Викрамасингхе хабарлады. Алайда, барлық жарылысты ДАИШ ұйымдастырды деп айту қиын. Неге? Себебі терактілерде өзін-өзі жарып жі­бер­гендердің барлығы әлгі Таухид Жамағат ұйымына қаты­сы болған. Оған қоса, олар шетелден нұсқау алғанға ұқсай­ды. Себебі бірнеше жарылыс­ты бір топ адамның ұйым­дастыруы қиын. Ерекше белсенділік танытқан Захран Хашим есімді азамат болған. Ол жергілікті жастарға радикалды тақырыптарда жиі уағыз айтқан екен. Шри-Ланка мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары осыдан үш жыл бұрын Хашимді бақылауға алу керек деп ескерткенін айтады. Бірақ жергілікті құқық қорғау органдары неге шара қабылдамағаны белгісіз. 

Терактіні не үшін жасады? Шри-Ланка халқының 70%-ы – буддистер, 12% -ы – индуистер, 9,7%-ы – мұсылмандар және тек 7,4%-ы ғана христиандар. Ал жарылыс христиан мерекесі Пасха күнінде болды. Террористер елдегі азшылық топ христиндарды неге нысанаға алды? Болжамның бірі – Шри-Ланкадағы бұл тер­рак­тілер Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласында жергілікті ұлт­шыл адамның 50 мұсылманды өлті­руіне қайтарған жауабы болуы мүмкін. Егер естеріңізде бол­са, биыл 15 наурыз күні Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласында Брентон Харрисон Тар­рант есімді қылмыс­кер жергілікті үш мешітте 50 мұсыл­ман­ды атып өлтірген еді. Ол анти­­иммигранттық және анти­ислам­дық көзқарастағы ультра ұлтшыл болған. Оның қылмысын жергі­лікті үкімет теракт деп баға­лады. Яғни, Тарантты террорист деп атауға толық негіз бар. Айт­пақшы, ол өзі жариялаған манифесте өзін фашист деп те атайды. 

Шри-Ланкадағы жарылыстарды зерттеп жатқандар осы екі трагедияның арасында байланыс болуы мүмкін дейді. Ол қандай байланыс? Өзге дінді мойындамау, жек көру, төзбеуден басқа ешбір байланыс жоқ сияқты. Енді Шри-Ланка басшылығы терактілерден соң жергілікті мұсылмандарға шабуыл жасалуы мүмкін деп сескеніп отыр. Себебі әдетте сондай кері реакция болады. Ал негізі бұл елде Ахмадия сектасының өкілдері тұрады екен. Әлемдегі ислам ғалымдары оларды көбіне мұсылман қатарына қоса бермейді. Яғни, террористердің жасаған қан жоса қылмысы үшін енді оған ешбір қатысы жоқ өзге мұсылмандар зардап шегуі мүмкін. 

Террорист жайлы ескі түсінік.  Жалпы, соңғы үш жыл­­­дағы террактілер, кейбір оқи­ғалар терроризм жайлы дәстүрлі түсінікті өзгертіп тастады. Бұрын­дары террорист деген сөз айтылса, қолында Калашников автоматы бар, араб елдерінен шыққан, жұмыссыз, байлығы да, білімі де таяздау адам елестейтін. Таяу Шығыста террористік топтардың көбеюіне осы аймақтағы кедейлік, жұмыссыздық та тікелей әсер етеді деп айтылатын. Бірақ Шри-Ланкада өзін-өзі жарған жанкештілердің барлығы орта дәулетті, білімді азаматтар болған. Тіпті, арасында біреуі Британияда оқыған. Әлгі Брентон Таррант та жергілікті фитнес залда жұмыс істеп, кейін әлемнің біраз елін аралап шыққан орта тап өкілі еді. Яғни, адам санасы радикализммен уланса, оған табыс та, білім де кедергі бола алмайды екен. 

Осы орайда 2016-2017 жыл­дары Мьянмада рохинджа мұ­сылмандарына қарсы жасал­ған жаппай қылмыс та еске түседі. Сол кезде жергілікті әске­рилер Ислам дінін ұстанатын ро­хинджалықтарға шабуыл жасап, мыңдаған кісіні зорлап, кейін өлтірген. Жүз мыңдаған рохинджалық көрші елдерге бас сауғалап кетті.  Ал мұның бәрін іс­теген – буддизм дінін ұстанатын Мьянма әскерилері. Алайда, ең со­рақысы – осы бір үлкен қылмысты әрі трагедияны елдің басшысы, Нобель сыйлығының бей­бітшілік номиниациясы бо­йынша иегері Аун Сан Су Чжи тоқ­­татпады. Яғни, Нобель сый­лы­ғы да гуманизм өлшемі емес екен. 

Ал енді осы үш оқиғаның арасында қандай параллель бар? Меніңше, ешқандай. Олардың өзара ешбір байланысы жоқ. Бі­рақ өзара ұқсастықтары бар. Адам өмірін, адамның тірі жүру құқығын таптау, өзге дін өкіл­деріне қастандық жасау, төзбеу, жауыздық таныту. Бұдан артық бұл терактілерді, үлкен трагедия­ларды ешнәрсе байланыстырмайды.  Яғни, мәселе белгілі бір дінде, ұлтта емес екен. Егер адам, топ, партия, ұйым радикалды идеялармен бүлінсе, онда қауіпті кез келген тараптан күтуге болады. 

Фактілер. Жалпы, әлемдегі терроризм жайлы фактілерге үңіл­сек, былтыр жаһан бойынша 15 300 теракт болған. Одан 13 400 бейбіт тұрғын көз жұмған. Сондай-ақ террористер 90 мем­лекетте бой көрсеткен. Зерт­теушілер биыл жағдай жақсарды, терактілер 30 пайызға азайды деп отыр. Бірақ 15 300 жарылыс, қақтығыс, қылмыс жақсы нәтиже деп айту қиын.  

Жоғарыда сипатталған жайттар терроризмде ұлт та, дін де болмайтынын көрсетті. Тек адам сенімін, көзқарастарын өз мақсатында қолданатын қыл­мыс­керлер, терроршы топтар болады. Ал енді радикалды идеялар қанат жаймау үшін кешенді шаралар қажет-ақ: арнайы қауіпсіздік қызметінің жұмысы – өз алдына бөлек міндетті іс. Бірақ қоғамның әлеуметтік жағдайын көтеріп, сауатын жан-жақты арттыру да  – маңызды мақсат. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, қарны тоқ, көйлегі көк саналы адамның қолына қару ұстап, жарылысты жоспарлауы екіталай.