«Гауптманның «Ымырттағы махаббат» («Перед заходом солнца») пьесасындағы соңғы романтик, рухани жанкүйер Маттис Клаузеннің рөлінде ойнауды көптен бері ойлап жүретін едім. Тіпті, армандадым. Бірнеше мәрте театр басшылығына да өтініш жасадым. Бірақ қанша айтсам да, естігенім бір жауап. «Әлі жассың». Сол баяғы белгілі жауап, құрып кеткір қызыл түлкідей бұлғаңдаған қызғаншақтық па білмей-мін. Әйтпесе, қайдағы жас, жетпіске келдік қой. Ал Клаузен болса елуде. Қайтесің, уақыт бар ғой, деп өзіңді өзің сабырға шақырасың. Бірақ ертең кеш болуы да ғажап емес қой».
КСРО Халық әртісі, әйгілі Василий Лановой өзінің «Алгоритм» баспасынан шыққан «Зулайды күндер» атты кітабында осылай деп жазыпты.
Адамның арманы таусылған ба? Ал актердің, өнер адамының арманын әбден түсінуге болады. Сахнаға әр шыққан сайын мың өліп, мың тірілетін шын өнерпаздың әрі қарайғы тірлігі де, оны ұстап қалатын да сол арманы болар. Бәлкім, біздің кейбір ғажайып жүйріктердің сол арманына қолы жетпей (өмірде жеткенімен сахнада жетпей), Құлагердің тағдырын құшуының бір себебін де осы төңіректен іздеу керек шығар.Қандай рөлде болсын, актер алдымен өзін ойнайды. Бәлкім, сол спектакль оның тағдыры шығар, содан да болар, оң жамбасына келетінін біліп тұрған болуы керек. Шын талант қашанда өзіне-өзі сенімді болады. Клаузенді Асанәлі Әшімұлы да ойнады. Қалай ойнағаны жұрттың есінде. Әшірбек Сығай айтпақшы, Асекеңнің қай рөлді де өлтірмей жібермейтіні белгілі. Күнделігіндегі (27.01.10.) мына бір сөйлем соның дәлелі.
«Ымырттағы махаббаттың» 99-қойылымы. Спектакль как никогда жақсы жүрді. 99 рет көрген Бағдат көзімнен жас шығып кетті дейді.
Захаров деген Мәскеудің режиссері алдыма келіп, тізерлеп тұрып: «Вы великий артист. Мен үш ұлы әртісті білемін. Олар осы рөлді ойнағандар – Симанов (Петербор), Царев (Мәскеу), үшіншісі – Сіз» деді. Асағаңның ойнағанын Лановой көре қоймаған шығар. Көрсе сөз жоқ қуанар еді. Шын талант қуана да біледі ғой. Енді оның да Клаузенді төртінші болып ойнап, арманына жолығуына тілектеспіз. Әйтсе де Лановойдың арманы ойымызға қайдағы-жайдағыны түсіріп жібергені.Асағаңның 80 жылдық мерейтойы салтанатында әкемтеатрға кісі сыймай кетті. Театрдың іші-сырты лық толды. Көлігімізді екі-үш квартал төменге қойып келдік. Оны халық тік тұрып қарсы алды.
Қасымдағы бір кісінің «Әкемтеатр көптен бері бұлай аузы-мұрнынан шығып толмап еді» дегені сол еді, атаңа нәлеті іштарлық та сол маңайда жүр екен «жоқ, анда-санда толып тұрады» деп күңк етті. Асағаңның күнделігінде жазғанындай, «өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген сөзі есімізге түсті. Ұлы эпоста Шегенің «Төлеген, сенде арман жоқ» дейтініндей, «Бекежан, сенде арман жоқ» деп әлгі естіп қалмасын дегендейін, іштей күбірледік.
Кеште жақсы сөйлегендер болды. С.Оразбаев бұл бес жерде президент деді. Кезінде бұл жүрген жерде қыздар бізді адам демейтін деп қағытып сөйлегені жарасып тұрды. Р.Отарбаев «Асанәлі деңгейі – әлемдік деңгей, сол үшін қол соғайық мырзалар!» деді. Қысқасы, жүректен шыққан соншалықты биік сөздер әлгі іштарлықты ит сілікпесін шығарып, театрдан қуып шықты, біздің де кеудеміз тазарып қалды.
Айтпағым не? «Алматы ақшамының» қайсыбір нөмірінде айтылғанындай, тұлғатану үрдісі жалғаса береді. Тұлғаның мерейтойын, ұйымдастырылған жарияланымдарды күтіп отырмай (8 мамыр ұлы өнерпаздың туған күні), біз бұл тақырыпқа тереңдей береміз. Ұлтқа өлшеусіз еңбек сіңірген, қазаққа болсын деген, қазақтың нанын адал жеген кім болсын, біздің сүйікті кейіпкерлерімізге айналады.
Ал енді бұл жолғы тұлғаға түсіндірменің қажеті жоқ. Рахымжан мырза айтқандай, «әлемдік деңгейдегі Асанәлі».
Күнделік жариялау үрдісі «Алматы ақшамында» Әшірбек Сығайдың ұсынуымен Қапан Бадыровтан басталған. Одан соң бұл үрдіс түрлі жанрда, түрлі бағытта жалғасты. Таласбек Әсемқұловтың «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты А.Сүлейменов туралы эссесі басылымның оншақты нөмірінде жарияланып, қоғамда үлкен дүмпу туғызды. С.Оразбаевтың жылдар бойы «Жақсыдан сөз қалсын» айдарымен жүрген әңгімелері «Тазарғың келсе, театрға бар», «Өмірдің өзі – театр» атты екі томға айналды. Е.Обаевтың Н.Оразбен жүргізген әңгімелері «Есімде бәрі есімде» деген атаумен күні кеше баспаға тапсырылды. Қуандық Түменбайдың «Көзбояуы жоқ көріністері» де алғаш рет осы басылымда тұсауын кескен. Осы жарияланымдардың арқасында «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Бұрынғының адамдары-ай» атты айдарлар өмірге келді. Осы айдарлар аясында алдағы уақытта талай тұлғалы азаматтардың өмірінен сыр шертіп, ой толғайтын боламыз. Қысқасы, тұлғаға оралып отыруымыз керек.
Тұлғаға оралып отыру керек дедік. Неге? Тарихты тұлға жасайды, тобыр емес. Жұрт тұлғасына қарап бой түзейді. Ол елге бағыт-бағдар беруші адам. Тұлғаның өмірі сонысымен өнеге, үлгі. Жұрт одан көз жазып қалмауы керек. Кез келген өркениетті елдің мәдениетінде осылай. Олар амалын тауып тұлғаның әр сәтін, сағатын, әр күнін хаттап, бағамдап, бақылап отырады. Олар тұлғаны іздеп жүреді, көзден таса қылмайды, біздің бағымызға орай бізді мұндай күрделі ізденіске ұшыратпай тұлғаның өзі күнделігін жариялауға келісімін беріп отырады. Бұған дейін «Алматы ақшамында» күнделіктің 2010 жылдың 20 шілдесіне дейінгі нұсқасы жарияланды. Күнделіктер бірнеше рет жеке кітап болып, одан соң көп томдықтарға еніп талай мәрте басылып шықты. Ендігі жерде соңғы 7 жылы қамтылып, толық нұсқасы «Arna-b» баспасынан жарыққа шығып отыр.
«Менің жанрым – күнделіктің» газеттік нұсқасы да, жеке кітап болып шыққан нұсқасы да әрдайым оқырман назарын аударып, сұранысын арттырып келеді. Күнделіктер неге оқылады? Біріншіден, оның авторы елге аса танымал, тұлғалы адам. Екіншіден, онда өмірдің өз
бояуы, актердің өнері, жеке өмірі, түрлі тақырыптағы көзқарастары, пікірлері, ой-толғаныстары жарияланады. Мұнда фальш, өтірік өмір деген болмайды. Бәрі табиғи, шынайы. Ықшам, ұтқыр жазылады. Күнделік – бұл мінездер жиынтығының, көңіл күйдің көрінісі. Тұлғаның әрбір сәті назардан тысқары болмауы керек десек, тіпті мұндағы күн райы, қан қысымы жөніндегі деректер де назар аудартады.
Бір қарағанда бәзбіреулер үшін күнделік жай күнпарақ болып көрінуі мүмкін. Олай емес, күнделікте жасанды жазу, жасанды ойлау деген болмайды. Сіз бар сырыңызды жұртқа жайып не әркімге сыбырлап айтып жүрмейсіз ғой. Сол себепті, тұлға не жәй қарапайым адам болсын, күнделігіне шын сөзін, пікірін жазып қояды. Сіз ол ойыңызды мақала жазып айта алмауыңыз мүмкін, ал күнделікте қалады.
Күнделіктің маңыздылығы, құндылығы кейін жылдар өткен соң барып айқындалып жатады. Ол зерттеу нысанына айналады. Осы күні бұл кісі күнделігіне не деп жазды екен деген іңкәр, құштар көңіл оянуы әбден мүмкін. Сонда сол күнгі дерек, ой-пікірді оқып, сіз үлкен қазынаға жолығарыңыз, іздеген асылыңызды табарыңыз бек мүмкін.
Сонымен, «Менің жанрым – күнделіктің» жалғасы «Асанәлі Әшімовтің мәдениет пен өнерді қолдау қоры» қоғамдық қорының көмегімен танымал тұлғалардың танымдық дүниелерін таңдап, талғап басатын «Arna-b» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. «Мен әр туған күнімді бір жұмыс бітіріп қарсы алуға дағдыланғанмын» деп абыз-аңыздың өзі айтқанындай, бұл да бір біткен іс болды. Оның төрешісі де, бағасын беруші де өзіңіз, мәртебелі оқырман!
Қали СӘРСЕНБАЙ