Жұма, 31 мамыр 2013 2:27
Мол су – ауылдың ырыздығы
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасы бойынша 2009 жылдан бастап Шідерті өзеніне Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан босатылатын су көлемі арта бастады.
Жұма, 31 мамыр 2013 2:27
Мол су – ауылдың ырыздығы
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасы бойынша 2009 жылдан бастап Шідерті өзеніне Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан босатылатын су көлемі арта бастады.
Ал Шідерті өзеніне, Ақкөл жайылмасына, Шұға, Басқамыс ауылдарына су келсе, халық қуанады. Бір жылдары сусыз қалған күндер де болды. Ертіс – Қарағанды каналы суды жоғары жібере бастағанда, Шідерті өзені бойымен төменге жайылатын су арнасына бөгет қойылды. Кеңес өкіметі кезінде табиғи жайылма үнемі сумен толтырылып отырды. Каналды қиып тастағаннан кейін ауылдар қаңсып, мал-жан ауа қармап қалғандай еді. Су тапшылығы салдарынан сол маңайда отырған екі бірдей ауданның халқы қиындық көрді. Ауылдар тарап кете жаздады. Жайылым құрғап, мал тоқтамайтын ахуал қалыптасты. Үкімет шұғыл шара жасады. Су келгенде, қарттар көздеріне жас алды. 2004 жылы жайылмаға 30 миллион текше метр су жіберілді. Қазір жағдай қандай?
«Егемен Қазақстанның» Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай Екібастұз қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Айнагүл Құрмановға:
– Сіз бұған не дейсіз?– Екібастұз қаласы аумағына қарасты ауылдардың қорасы малға толы. Өйткені, тіл-көз тасқа, қазір су мол. Мал өсіру үшін жемшөп қоры, оны дайындайтын жасыл шабындық қажет. Үкіметтің 2009 жылдан бастап жыл сайын арнадан 100 миллион текше метр су жіберу туралы шешіміне ауылдар қуанышты. Тіпті, былтырғы жемшөп қорына деген қажеттіліктерді ескере отырып, алдағы уақытта 120 миллион текше метр су босату туралы да ұсыныс түсіпті. Бұл мәселе алдағы жылы су ресурстары комитетінде қаралмақшы. Экологиялық жағдай жақсарды. Жайылымдарға баратын су көлемінің жыл сайын көбейгені – ауылдың ырысы. Комсомол, Сарықамыс ауылдарына су барып, Шідерті-Өлеңті аумағы, Әулиекөл, Шығанақ, Шиқылдақ және басқа да шағын қоймалар суға толды. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша су жайылған шабындықтарда шөп өнімділігі орташа есеппен гектарына 4 центнерден 19 центнерге дейін артып, мал азығы мол жиналды. Ал биыл арнадан №112 су босату қақпасы арқылы екі мәрте су жіберіп үлгерілді. Былтырғы жылы 14 680 гектар көлтабандағы шабындықтан жиналған шөп пішен қорының 50 пайызын құрады. Бұл – 1 гектар жерден 20-22 центнер өнім алынды деген сөз. Ақкөл-Жайылма ауылдық аумағына қарайтын Жақсат ауылына жер астынан су тартатын КБМ кешені орнатылды. Ақкөл-Жайылма ауылдық аумағы малға бай. Дастарқандары сүт өнімдерінен қайысып тұрады. Әр үйдің қорасында 8-9 қара мал, 20-30-ға жуық қой, 2-3 жылқыдан бар. Ауылдар қаланы да ет-сүтпен қамтамасыз етуде. Атына сай Жақсатта былтыр жаңа мектеп ашылды, су келді, қаламен арадағы жол да жөнделді.
Павлодар облысы.