Мынадай бір қызықты дерек бар: 2017 жылы Египет үкіметі өздерінің ұлттық валютасын құнсызданудан сақтап қалу үшін әлемнің әр қиырында жүрген бай-қуатты азаматтардан мол көлемде қаражат сұрауға мәжбүр болды. Айтулы теңбіл доп шебері бұл ұсынысты ең бірінші болып қолдады. Мәрт Мұхаммед арада бір апта өтпей жатып, арнайы есепшотқа 210 мың британ фунт-стерлингі көлемінде қаржы аударды. Сонымен қатар түрлі жағдайға душар болып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған ардагер футболшылар да Салахтың назарынан тыс қалған емес. Бүгінгі таңда Мысыр елінің тұтастай 120 футболшылар отбасын Салах асырап отыр десек, артық айтқанымыз емес. Осындай кеңпейілдігі мен жомарттығы, мәрттігі мен азаматтығының арқасында күллі араб әлемінде Мұхаммед аса зор беделге ие.
Бұл күндері Африка мен Азия құрлықтарындағы жанкүйерлердің барлығы да айтулы футболшы жасыл алаңға шыққанда тақымдарын қысып отырады. Көптеген мемлекеттің жастары Салахтың есімі жазылған футболканы киіп, көшеге шығуды өздері үшін зор мәртебе санайды. Сол арқылы «Ливерпуль» фанаттарының қатары тек Тұманды Альбион елінде ғана емес, жер-жаһанның әр қиырында күн санап артып келеді.
Мысырдың 90 миллион халқы Мұхаммедті айрықша құрметтейді. Пір тұтатындар да жетіп артылады. «Ол Мысыр елі үшін бірде-бір саясаткердің қолынан келмеген үлкен істер тындырды. Таяу Шығыс халықтарын жақындастырды. Біраз жылдан бері біздің елде экономикалық дағдарыстың белең алып тұрғаны белгілі. Оның үстіне сан мың адамның өліміне әкеліп соқтыратын лаңкестік те болып тұрады. Сондай ел басына күн туған кездері жаны қиналған жамағаттың жанынан ең бірінші болып Мұхаммед Салах табылады», – дейді мысырлықтар.Спортшылар арасында дәл сондай мәрттігімен танылып, өз отандастары арасында зор беделге ие тағы бір тұлға бар. Ол – 40 жастағы Мэнни Пакьяо. Ұзақ жылдар бойы шаршы алаңды армансыз шайқап, кәсіпқой бокстағы ең белді нұсқалардың алтын белбеуін көптеп иеленген Филиппин азаматы өз елі, өз халқы үшін әркез жанын қиюға даяр.
Мэнни де жоқшылықтың тауқыметін әбден тартқан адам. Сондықтан да ол жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер, кембағал жандардың жан-дүниесін жақсы түсінеді. Әуелі ол өзі туып-өскен ауылы мен Кибаве өңірінің адамдарына көмектесе бастады. Дәулет артқаннан кейін басқа да аймақтардың тұрғындарына қамқорлық көрсетті. Уақыт оза Филиппиннің тұрмыс жағдайлары нашар сан мың адамға Пакьяоның шапағаты молынан тиді. Ол мыңнан аса үй салып, бірнеше мектеп пен аурухана тұрғызды. Демалыс орындарын салды. Үнемі игі шаралардың басы-қасынан табылып, қолынан келген көмегін халқынан еш аяған жоқ.
2007 жылы саясатқа аралысқан Мэнни Пакьяо 2010 жылы Конгресс сайлауында жеңіске жетті. Сенаторлық қызметте де үлкен абырой жиды. Халықтың мұң-мұқтажын биліктің құлағына жеткізіп, кезек күттірмейтін мәселелердің шешілуіне оңды ықпал етті. Кедейлікпен күресу жолында өзі үлгі көрсетіп, миллиондаған қаражатын үнемі қайырымдылық шараларына жұмсауда. Дәп қазіргі кезде беделі мен танымалдығы жағынан 105 миллионнан аса тұрғыны бар Филиппинде дәл осы азаматпен теңесе алатын бірде-бір тұлға жоқ.
Мұхаммед Салах пен Мэнни Пакьяодан бөлек, тағы басқа саңлақтардың жомарттығымен аттары шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленуде. Мәселен, «Ювентустың» ойыншысы Криштиану Роналду Португалиядағы өзінің туған қаласы – Фуншалға жыл сайын жүздеген мың еуро аударып тұрады. Сол қаражатқа қатерлі ісікке қарсы күрес орталығы салынды. 2011 жылы ол Еуропаның ең үздік сұрмергеніне тиесілі «Алтын бутсы» жүлдесін аукционға қойды. Содан түскен 1,5 миллион еуроны соғыстан көз ашпай жатқан Палестинаның Газ секторындағы балалардың атына аударады. 2015 жылы Непалдағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде өз есеп-шотынан 5 миллион фунт-стерлинг бөлді.
Бразилия құрамасы мен «Барселонаның» жұлдызы Лионель Месси әкесі және ағасымен бірге «Fundacion Leo Messi» қорын құрды. Теңбіл доптың теңдессіз шеберінің отбасы әлемнің әр қиырындағы тағдыр тәлкегіне ұшыраған балаларды емдеп, олардың білім алуына жәрдемдесуде. Месси «Unicef» ұйымының елшісі ретінде Индонезия, Бангладеш және Непалдың жеткіншектеріне қол ұшын берді.Кезінде Францияның «Пари-Сен-Жермен» клубында ойнаған ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэм бүкіл бір жарым жылдық жалақысын (2,5 миллион фунт) басы-бүтін қайырымдылық шараларына жұмсағанын бүгіндері біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Германия құрамасының ойыншысы Месут Өзіл 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатындағы жеңісі үшін алған сыйақысын толықтай жарысты қабылдаушы ел перзенттерінің игілігі үшін жұмсауды құп көрді. Соның арқасында бразилиялық 23 балаға күрделі операция жасалды.
Талай жылдар бойы Еуропаның жасыл алаңдарында жасындай жарқыраған Дидье Дрогба байлыққа белшесінен батса да, өз елі тұрғындарының қайыршылық күй кешіп жатқанын бір сәтке де есінен шығарған емес. Ол Кот-д’Ивуарға үнемі ат басын бұрып, игі істер атқаруда. Футбол әлемінің жұлдыздарын Африкаға әкеліп, талай қомақты шаруа тындырды.
Аса ауыр салмақтағы ұлыбританиялық боксшы Тайсон Фьюри үйсіз-күйсіз жүргендерге және ішімдік пен есірткі дертіне шалдыққан жандарға зәулім сауықтыру үйін тұрғызып берді.
25 жастағы футболшы Анте Ребичті жанкүйерлердің көбі жақсы біле бермейді. Ешуақытта ол Еуропаның мүйізі қарағайдай клубтарында ойнаған емес. Былтырға дейінгі бағындырған белестері де аса зор емес болатын. Ал былтыр Ресейде өткен әлем чемпионатында Хорватия құрамасы айды аспанға шығарып, күміс медальді олжалағаны барша жанкүйердің есінде. Сол команданың сапында Ребич те тамаша ойын өрнегімен көзге түсіп, көпшілікке танылды. Сол табысы үшін берілген сыйақысын ол игі шараға жұмсады. Атап айтсақ, 500 адамдай ғана тұрғыны бар өзінің туып-өскен Имоцки ауылы тұрғындарының несиесін Анте толықтай жауып берді.
Міне, осындай жүрегіне иман қонған, жаны жомарт, құшағы кең және шапағаты мен шуағын жан-жағына шашып жүретін азаматтардың тірлігіне сүйсінбеу мүмкін емес...