Әбіл Нүсіпбаевтың Алматы облыстық ДОСААФ клубының мұрағатында сақтаулы 1940 жылғы 18 қыркүйекте өзі жазып қалдырған өмірбаянында 1914 жылы Қордай ауданына қарасты Қаракемер деген жерде кедей шаруаның отбасында туғаны жазылған. Ол осында ескіше сауатын ашады. Он алты жасында мұрап, он жеті жасында бригадир әрі артель комсомол ұйымының хатшысы болыпты. Отызыншы жылдардың басында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сыдық Әліпбаев Әбілді Алматыға оқуға жібереді. Мұнда ол қаланың Ленин ауданындағы №77 мектебінде орысша оқи жүріп жұмысқа араласады. 1936 жылы әскери қызметке шақырылып, атты әскер полкінің взвод командирі ретінде Қиыр Шығыста шекара тыныштығын қорғаушылар сапында қызмет атқарады. 1939 жылдың мамыр айында жапон самурайларымен әскери қақтығыстарды басуда ерекше тапсырманы орындағаны үшін Әбіл «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
1940 жылы Ә.Нүсіпбаев ОСОАВИАХИМ-нің (ДОСААФ) Қызыл Армияға мергендер және пулеметшілер дайындайтын Алматыдағы атқыштар клубында нұсқаушы болып істепті. Ал 1941 жылы қысқа мерзімді милиция мектебіне түседі. Оны бітіріп үлгермей соғыс өрті бұрқ ете түседі.
316-шы атқыштар дивизиясы соғыстың бастапқы айларында жасақталды. Оны генерал-майор И.В.Панфилов басқарды. Дивизияның көршілес екі республикадағы сан ұлттың өкілдерінен құралған әскери бөлімдері сол жылы күзде Мәскеуді қорғаушылар сапында болғаны тарихтан мәлім. Күші бес есе басым жаумен арпалысып, бүгін-ертең астананы басып аламыз деп өршеленген фашистердің тұмсығын тасқа тіреп, бетін қайтаруға қатысты. Бұл дивизия құрамынан жүздеген ерлер шықты. Атақты жиырма сегіз батырының ерлігі бүкіл майданға тараса, аты аңызға айналған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, сондай-ақ композитор Рамазан Елебаев та осы дивизияның қаһарман жауынгерлері еді. Ал, құралайды көзге атқан мергендер қатарында Әбіл Нүсіпбаевтың да есімі жиі аталатын.
* * *
Міне, «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 9 қазандағы нөмірі. Бірінші беттің оң жақтағы жоғары бұрышында оптикалық көздеу приборы бар винтовка ұстаған жауынгердің суреті басылған. Омырауында «Қызыл Жұлдыз» ордені, өңінен өз-өзіне деген сенім мен жігері аңғарылады. Суреттің үстінде «Ол 52 немістің көзін жойды!» деген тақырыпша, ал астындағы мәтін:
«Панфилов дивизиясы өзін өшпес даңққа бөледі. Оның жауынгер-гвардияшылары – атқыштар мен артиллеристер, мергендер мен минометчиктер фашистерге аяусыз соққылар беруде. Осы дивизияның орденді мергені аға сержант Әбіл Нүсіпбаев 52 немістің көзін жойды. Оның 25 шәкірті де ондаған фашисті жайпап салды. Олар шетінен өздерінің үйретуші тәлімгері сияқты көздегені мүлт кетпес мергендер.
Суретті түсірген В. Гревнев».
Бішкектегі (ол кезде Фрунзе) панфиловшылардың «Жауынгерлік Даңқ» мұражайында дивизиялық «За Родину» газетінің 1942 жылғы 20 қарашадағы нөмірінің фотокөшірмесі қойылыпты. Онда бірінші бетте ірі әріптермен:
«Боевой счет, кто первый убьет 100-го немца!
11 снайперов стребили 864 фрица.
1. НУСИПБАЕВ гв. ст. сержант – 88 немца,
2. ЕРЖАНОВ ефрейтор – 85 немца»...
– деп өлтірген жауының санына қарай барлық он бір мергеннің тізімі келтірілген.
Нақ осында Әбілдің 159 фашисті атып өлтіргенін айғақтайтын мергендік кітапшасы да сақтаулы тұрса, винтовкасы Алматыдағы Орталық мұражайға қойылған екен.
Дивизияның полк комсоргі, батальон комиссары, полк командирінің орынбасары қызметтерін атқарған жауынгер жазушы Балтабек Жетпісбаевтың естеліктер кітабынан:
«Алматыдағы атқыштар клубында оқып үйренген мергендер Әбіл Нүсіпбаев пен Төлеуғали Әбдібеков панфиловшылар қатарында жүріп, ұрысқа қатысты. Әбіл дивизиядағы мергендер тобын басқарды. Оның командасындағы бес мерген 1943 жылғы майға дейін жаудың 678 солдаты мен офицерінің көзін жойды. Осы ерлігі үшін Ә.Нүсіпбаев екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Біздің полкте ол партия қатарына алынды. Қоңырқай жүзді, кең жауырынды Әбіл өзінің өжеттігімен, ерлігімен, ақылдығымен және неден болса да саспайтын сабырлығымен басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп отырды...».
(Б.Жетпісбаев,«Жорық жолдары», 1968 ж. 157-б.)
* * *
Мергеннің майдандас серіктері бізге есте қаларлықтай талай әңгіме айтқан еді. Әсіресе, үш мерген – Төлеуғали Әбдібеков, Әбіл Нүсіпбаев және Мамадалы Мадаминов ерекше көзге түскен еді, деседі. Алматыдағы атқыштар клубынан таныс Төлеуғали мен Әбіл соғыста да жұп жазбас дос болды. Екеуі де сұңғақ бойлы, аққұба өңді, бір-біріне ұқсас екен. Бір өзі 397 фашистің көзін жойған Т.Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, әкесі «халық жауы» болған деген себептен бе, бұл жоғары награда оған бұйырмаған.
Әбіл Нүсіпбаев та үш жүзге тарта немісті жер жастандырды. Бұл санды қайдан алып отырмыз? Хронологиялық ретпен қолдағы деректердің өзінен біраз жайға қанығамыз. Жоғарыда айтқанымыздай, 1942 жылғы 9 қазандағы «Комсомольская правда» газетінде Әбілдің 52 немістің көзін жойғаны жазылса, сол жылдың қараша айында жарық көрген дивизиялық «За Родину» газетінде бұл сан 88-ге өскен, Бішкектегі біз көрген мергендік кітапшасында 159 немісті өлтіргені тіркелген. Екінші гвардиялық атқыштар корпусының (Панфилов дивизиясы осы корпустың құрамында болды) «Советский гвардеец» газетінің фототілшісі И.Нарциссовтың Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған естелігінде Әбілдің 252 жау солдаты мен офицерін және бір самолетін атып түсіргені туралы айтқанын, сондай-ақ, полк командирі мен батальон комиссарының 1943 жылы жазда ауылдағы колхоз бастығына жазған хатындағы Әбілдің 260 немісті жер жастандырғаны туралы мәліметті еске алайық. Әбіл одан соң да қаза тапқанға дейін бірнеше ай алғы шепте соғысты ғой. Ал, мергендік кітапшадағы жазуларды оларды сырттан бақылап жататын ерекше бөлімнің адамдары толтыратынын ескерсек, бұлар ойдан алына салған сандар еместігін көреміз.
– Алдымен Әбіл опат болды. Ол кезде мен жараланып госпитальда жатыр едім, – деген еді Ахметов. – Қайран мерген минаға ұрынып оң қол, оң аяғынан ауыр жараланыпты. Командирінің винтовкасын Әбдібеков қабылдап алады. Ал Әбдібековтің қазасына өзім куә болдым. Неміс мергені темір дулығасыз сәтінде дәл көздеп маңдайынан тигізген. Винтовка бұдан соң қатарға қосылған Осмоналиевке тапсырылады. Соғыстан кейін Алматыдағы Орталық мұражайға сақтауға қойылған ТВ-2916 нөмірлі сол қасиетті қаруды тоқсаныншы жылдардың басында арнайы барып көрдім.
Өзіммен талай жыл бірге қызметтес болған ардагер ағамыз, жауынгер-журналист Жапар Көпбаев Әбілмен майданда, тіпті, жақын жүріпті. Содан да мерген туралы айтары көп болатын. Панфилов дивизиясының бұрынғы полк комсоргі, гвардия капитаны Жапар Көпбаев кейіннен атақты мерген жерлесі туралы газет беттерінде аз жазған жоқ. «Біздің ерлік жолымыз» атты естеліктер кітабында оған тұтас бір тарау арнаған. Сондай-ақ соғыс өртінің қалың ортасынан оралған жауынгер-жазушылар Балтабек Жетпісбаевтың «Жорық жолдары», Қасым Шәріповтың «Қаруластар», И.Пегостаевтың «Во имя жизни», Н.П.Нищуктың «Великие не умирает», т.б. авторлардың кітаптарында Әбіл Нүсіпбаевтың ерліктері еске алынатын беттер аз емес.
* * *
Құжаттар, естеліктер... Бірақ, олар әлі де толық жиналып болған жоқ тәрізді. Анықтап, нақтылай түсер жайлар да бар. Олай дейтінім, мергеннің туған інісі Бақтыбай ағаның көзі тірісінде айтқан мына бір жайлар ұдайы ойға қалдырады: – 1943 жылы жазда елге келгенінде ағам екі-үш күндей ауылда болып еді. Сонда аулада әкеммен әңгімелесіп тұрып: «Мені Ленин орденіне ұсынды, осы барғаннан, бұйырса, аламын ғой» – дегенін өз құлағыммен естіп едім. Ал, алпысыншы жылдары қырғызстандық бір газеттен Әбіл Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғандардың қатарында болды деген біреудің естелігін оқығаным бар. Сол газетті талай жылдар сары майдай сақтап жүрдім. Өзімше із кесіп, сұрау салуға жас кезде өрем жетпеді. Кейіннен ауылдас бір журналистің сөзіне сеніп, ағамның талай хаттарын суреттерімен қоса соған беріп жіберіп, кейіннен бәрінен таза айырылып қалғаныма енді ішім удай ашиды, – деген еді.
1943 жылы жазда елге келіп қайтқаннан кейін майдандағы Әбілден көп ұзамай «Жаралымын, бірақ қорқынышты емес» және «Москваға госпитальға ауыстырылдым» деген бірінің артынан бірі екі хаты, одан соң көп ұзамай қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келген. Ол кезде туыстарының Әбілдің қайда жерленгенін індете іздестіруге мүмкіндігі болмаған. Тек, арада алпыс екі жыл өткенде, 2004 жылы ғана.
Алты ағайынды Ә.Нүсіпбаевтың сол кездері көзі тірі бауырларының бірі – қарындасы Орындық болса, оның қызы Эльмира мен күйеу баласы Лесбек көптен Мәскеуде қызмет ететін. Сексен төрттегі егде жасына қарамастан қария сол жазда немерелерінің бірінің бастауымен Мәскеуге жол тартсын. Сонда бір айдай болғанда қарап жатпай балаларына Әбіл ағасының дерегін іздетеді. «Москваға госпитальға ауысып келдім» деген хаттың ізімен келген «қаралы қағаз» осыған негіз еді. Мәскеудің госпитальдарын, бауырластар бейіттерін түгел ақтап шығады. Ақыры табады. Ұлы Отан соғысының Орталық мұражайында сақтаулы соғыста қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің «Естелік кітабының» 16-томынан. Оның 242-бетінде:
«Нусупбаев Абиль, род. 1914 г.Родственники Курдайский р/н, Джамбульской обл., Казахстан. Младший лейтенант. 140 сп сд. Умер 14. 10. 1944 г. в ЭГ «5007 Кремирован» – деп жазылған дерек кездеседі. Міне, осы бойынша іздестіргенде батырдың денесі Преображенское зиратының бірінші Донской крематорийінде өртеліп, бауырластар бейітіне қойылғаны мәлім болады.
Тағы бір тың дерекке назар аударайық. Ә.Нүсіпбаев туралы біз білетіннің бәрінде ол аға сержант делінетін. Ал, Мәскеуден алынған соңғы мәліметтерде кіші лейтенант деп тұр. Бұл қалай? Бәлкім, соғыстың алдында милиция мектебін әне-міне бітірмекші ол офицер шенін алып үлгерместен соғысқа кетіп, шені кейіннен берілген болды ма екен?
Иә, атақты мерген туған топырағына оралмады. Бірақ, оның есімі ел есінде. 1992 жылы жерлестері туған ауылындағы орта мектепке және ауылдың бір көшесіне батырдың есімін берген. Мектептің ауласына ескерткіші орнатылған. Міне, бұлар «Елдің даңқын ер шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген халық сөзінің шындығын көрсетсе керек-ті.
Құрманбек Әлімжан,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл облысы
Суретте: мергендер Әбіл Нүсіпбаев пен Мамадалы Мадаминов (солдан оңға қарай) кезекті ұрысқа дайындық сәтінде.