Әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің тарихын, тағдыр-талайын зерделеу барысында оны ұлттық идеологияның ажырамас бір бөлігі, тірегі етуге тырысады. Бұл үрдіс бізге де жат емес. Өйткені біз де бар мүмкіндігімізше өткен тарихымызды ұлттық идеология биігінен қарастырып, оның өрескел бұрмаланған тұстарын қалпына келтіріп, қайта жазып, небір әділетсіздіктің жолын кестік. Тарихымызды ұлттық идеологиямыздың өзегіне айналдыру бағытында қыруар жұмыс атқарылды.
Дегенмен, осы салада көңілге кірбің ұялатып, көптеген пікірталастарға арқау болып, халықтың секемшіл сезіміне көлеңкесін түсіріп жүрген көріністерден арыла қойғанымыз жоқ. Ондайлар, сырттай қарағанда жай ғана нәрсе болып көрінгенімен, ішкі астарында өзгенің бүкір пиғылы бүркеніп жатқанын анық аңғартады. Соның бірі ретінде көршілес елден бастау алған, кешегі ортақ тарихи оқиғаларды желеу етіп, қоғамымызға дендеп енген, халықтың көңіліне, тарихи жады мен санасына тікелей әсер ететін жобаларды айтуға болады. Мәселен, «георгий лентасының» еркін таратылуы, оны халқымыздың бір бөлігі өткен тарихымыздың жарқын белгісі ретінде қабылдауы, сондай-ақ «Мәңгілік полк» шеруінің елімізде жүйелі түрде ұйымдастырылуы қазақ қоғамын алаңдатпай қоймайды. Бұл әрине өз кезегінде түрлі қарсы топтардың пайда болуына алып келеді.
9 мамыр қарсаңында қара-қызғылт-сары түсті «георгий ленталары» кәдімгідей сәнге айналады. Тұрмыстық заттардан бастап, көше, тіпті көліктерге дейін осы баулармен безендіріліп шыға келеді. Ленталар тегін үлестіріліп, қара және қызғылт-сары түске боялған жапсырмалар көзді де, көңілді де жаулап алады. Осындайда Екінші дүниежүзілік соғысқа нүкте қойылған күн өзге тараптың идеологиялық қаруына айналып бара жатқандай сезіледі де әрі-сәрі күй кешуге мәжбүр боласың.
Жалпы, «георгий лентасы» 1769 жылы Ресей патшайымы Елизавета ІІ енгізген VI дәрежелі «Георгий даңқы» орденінде бедерленген. Содан бері қара-қызғылт-сары жолақты бұл лента патшалық Ресей мен КСРО-ның қорғаныс, әскер саласына қатысты наградаларда көрініс беріп келді. Содан 2000 жылы Ресей «Георгий даңқын» әскери орден ретінде қайта жаңғыртса, іле осы елде 2005 жылдан бастап, яғни Жеңістің 60 жылдығына орай «георгий лентасын» 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында тарату жолға қойылды. Бұл акция бүгінде кеңестік кеңістік шекарасынан да асып кетіп отыр.
Шын мәнінде көптеген азаматтарымыз бастапқыда отарлаушы патшалық Ресейдің белгісін ұлықтап жүргенін біле қойған жоқ. Кейіннен жүргізілген қоғамдық талқылаулар, осы жөнінде жарық көрген материалдар «георгий лентасына» деген бастапқы түсінігімізді өз пайдамызға қарай өзгертіп жіберді.
Біз көршілес елдер құрмет тұтатын белгілерге қарсы емеспіз. Бірақ оларды ұлықтау, насихаттау өз аймақтарында жүзеге асырылуы тиіс. Өйткені әрбір мемлекеттің өзіне тән түрлі белгілері, өз ұстанымдарына, ұлттық идеологиясына сәйкес келетін нышандары бар. Ол сырт елдерге тән белгілердің құрсауында қалмауы тиіс.
Құдайға шүкір, әлемдік деңгейде мойындалған мемлекеттік символдарымыз, жерімізді, Отанымызды насихаттайтын, бабаларымыздың өнегелі өмір жолынан молынан хабар беретін нышандарымыз, белгілеріміз баршылық. Міне, өзіміздің қолымызда бар осындай дүниелерімізді ұлықтап, кеңінен тұтына білгеніміз абзал. Сонда ғана сырт тараптан жат идеология өзінің басын сұға алмайды.
Ресейдің Том қаласында 2011 жылы азаматтық бастама ретінде көтеріліп, кейіннен шартарапқа жайылған «Мәңгілік полк» шеруі туралы да қоғамымызда түрлі пікірлер бар. Бұл жобаның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын есте сақтау. Дегенмен, бабалар ерлігін, соғыс құрбандарын өзге елден бастау алған акция арқылы еске алу қаншалықты қажет? Біздің ойымызша, тәуелсіз Қазақстан – өзінің өткенін ұлықтап, елі мен жерінің тұтастығы үшін қан төккен батыр бабаларымызға тағзым етудің өзіндік жолын айқындап алған ел. Сондықтан бізге тек осы жолмен ғана жүру керек!