• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2013

Рухы биік нар тұлға

649 рет
көрсетілді

Рухы биік нар тұлға

Сейсенбі, 12 ақпан 2013 6:47

Қазақ халқының ардақты ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның өркендеу жолында ерен еңбек атқарған асыл азамат Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов – кісілікке кір шалдырмай, адам деген ұлы атқа дақ түсірмей өткен рухы биік парасатты нар тұлға.

 

Сейсенбі, 12 ақпан 2013 6:47

Қазақ халқының ардақты ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның өркендеу жолында ерен еңбек атқарған асыл азамат Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов – кісілікке кір шалдырмай, адам деген ұлы атқа дақ түсірмей өткен рухы биік парасатты нар тұлға.

Мен Кәрібжанов туралы Жезқазған шахталарында кеншілік қызметімді атқарып жүргенде еміс-еміс естуші едім. Толығырақ мағлұматты Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Файзолла Серғазин ағайдан алдым. Орталық партия комитетінің шақыруымен Жезқазғандағы Қ.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы ретінде жол түсіп, іссапармен Мәскеуге келдім. Файзолла ағайдың Кунцеводағы Орталық емханада жатқанын білетінмін. Іздеп барып, хал-ахуалын біліп, көңілін сұрайын деп палатасына кірсем, Файзекең өте жүдеп кетіпті. Сәлемдесіп, қол алысқаннан кейін ол кісі: «Айналайын, көптен-көп рахмет! «Жөн білгеннің жолы түскіш» деуші еді қазағым, «кіргізбеді» деп телефон соғатындар аз емес, ал бұл кездесуді Сарыарқа көшіп келгендей көріп, ішім жылып кетті», деп тебіренді. «Аға, сіздің Жезқазғанда жолыққан екі сапарыңыз мен үшін өшпестей із қалдырды. Шахта басқарып жүргенде партия қызметіне жүрексіне барып едім, сіздің келіп, алғашқысында енжарлау басшыларды бір сілкінтіп кетіп, келесі жолы өз уәдеңізді орындап, жезқазғандықтарды шұғыл тәртіпке шақырғаныңыз мен үшін үлкен сабақ болды», деп өз пікірімді аян еттім.

Алдындағы сусыннан шамалы ғана бір жұтты да, ауру меңдеп алған нұрлы жүзімен ақырын ғана бір жымиды. Содан кейін: «Ей, інішегім-ай, «Орталық Қазақстан» газетіндегі өлеңдеріңді оқып бір қуанып едім, көңілімді тағы да бір көтердің, жастарға үлгі бола білсек одан артық не керек? Бірақ, біздің басқарушы тәсіліміз де, әдісіміз де Фазыл ағаның мызғымас талапкерлігінің үзімі ғана ғой. Мен өзімді Кәрібжановтың шәкіртімін деп есептеймін»,– деп тамаша әңгімелерді қысқа-қысқа өте тартымды айтты да: «Фазыл аға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде оны жұрт біріншімен пара-пар сыйлайтын, өйткені, жұмысқа деген қатал тәртіпті қаншалықты зор міндетпен ұстанса, адамға деген сыйластықты да соншалық ізетпен сақтай білетін. Ол кісі адам үшін, ел үшін жаратылған ұлы тұлға ғой, ауыл шаруашылығының көрнекті маманы екенін танытқаны бір төбе, жер астындағы шахтерлік өмірді де, металлургтердің жалын атқан жағдайларын да игеріп алды. Қысқаша айтсам, Қарағандыны қазақтандырды. Елжандылық, ұлтжандылық, дәстүр сыйлағыштық қасиеттерді Фазыл ағадан көрдік. Іске берік, жаны жомарт, адамға деген мейірімі шексіз, ерекше салмақты ұлы тұлға, нар еді ғой», деп әлде бір толғаныспен үнсіз тоқтады. Осы жолы Файзолла ағаның әңгімесінің әсерінен қойын дәптеріме:

Мақтаса Фазекеңді Қарағанды,

Ұлы жер қазақтанды, жаңаланды.

Ұлтжанды асыл тұлға ерте кетіп,

Жүрегім кенші күнде жараланды, –

деген шумақ түсті. Кейін тап осы сарындас әңгімелерді облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мақат Рымжанов ағадан да естіп едім: «Өз заманындағы өте ірі тұлға еді, әттең, шіркін, ерте кетті, ол ұлтымыздың қорғаны болатын»,– дегені жадымда өшпестей сақталды.

Одан кейін Халық қаһарманы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Қаныш Сәтбаевтан кейін президенті болған Шафық Шөкиннен және кезінде Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, Тың өлкесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Хасен Нұркеев ағайдан да көп естідім. Бұл екі ағамыз да Фазыл Кәрімұлымен бірге оқып, қара нанды бөле жеген студенттік достары болып шықты. Шафық аға сол кездегі қалтаның тақырлығынан көрген қиыншылықтарды әңгімелеп, қосалқы жұмыстарға жегіліп нан тапқан сәттерін өте қызғылықты жеткізетін. Ал Хасен ағай Фазыл ағаның адамгершілік, кісілік, парасаттылық қасиеттерін өте жоғары бағалап, тамаша мысалдар келтіретін. Әсіресе, сол кездегі саяси өмір, әлеуметтік жағдайларға байланысты студенттік үйірмелерде белсенділік көрсетіп, өзінің адал ұғымын ашық айтатынын талай естідім. Нақтылай келгенде, Мағжанның күрескерлік жалыны оның ұлтына деген жанашырлықтан лаулаған от екенін дәлелдеп, ақтаңгер ақынның өлеңдерін жатқа айтып, мысалға келтіріп жүріпті. Екі ағамыздың жан тебіреністерінің ортақ желісіне тоқталсақ, Фазыл ағаның терең біліміне сай парасаттылық ана сүтімен сіңген абзал мінезі екен. Ал, Қазақстанға жетіп қызмет атқара бастағанда бұл асыл қасиеттері бабалардың әруағы жебеп, ұлғая түсіпті.

Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов 1912 жылдың 24 қарашасында Ресейдегі Омбы облысының Шарбақкөл ауданына қарасты Айбас (қазіргі Жанан) ауылында дүниеге келді. Ол туғаннан кейін бір жылдың шамасында (1913 ж.) әкесі Кәрім ауыр сырқаттан дүниеден озды. Жығылғанға жұдырық дегендей жас бала кезінде жазатайым себеппен бір көзінен оқыс айрылды. Анасы Әлипа қайратты да қажырлы, мырза мейірімді, бауырмал болыпты. Міне, осы мінезінің арқасында Айтқожа, Сейтқожа, Бәткен, Фазыл есімді төрт баласымен қалса да, ауыр қазаға мойымай, Айтқожадан туған бірінші немересі Сәлімді де өз бауырына басып алыпты. Бес баланы тәрбиелеп, өсіріп, өндіріп, 92 жасында Фазылдың Алматыдағы үлкен қызметте жүргенін өз көзімен көріп, бұл жалғаннан жанына жара салмай аттаныпты. 1958 жылы анасы қайтыс болғанда Фазыл аға келіп, соңғы сапарына аттандырып, басына бір тал шыбықтай бала қайыңды отырғызып кетіпті. 2009 жылы сол қайыңның бойы бұлттарға жетіп, бұталары жан-жаққа саясы мол құлаш жайып, жайқалып тұрғанын көргенде:

Басында асыл ана ағашын-ай!

Аймаққа Алла берген жанашырдай.

Ақ қайың Фазыл еккен жайқалып тұр,

Тоқсаннан асып өткен анасындай, –

деппін. Шынында да жайқалған жапырақтарынан маңайын қолтығына алып тұрған ана-қайың Әлипа шешейдің өзін елестетеді. Алып анадан туа­ды дегендей, Фазыл ағаның өзі де алып денелі, зор тұлғалы болса, анасы да, анасының басындағы толағай өскен ақ қайың да ұлағатты әулеттің белгісіндей көз тартып тұр.

Айтқожадан туған Сәлім есімді немересін Әлипа шешей өз балаларымен қоса өсірсе, Сәлімнен туған шөбересі Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов тәуелсіздік туын Елбасымен бірге көтеріскен, Астананы Ақмолаға көшіргенде бірге көш-көлікті түсіріскен, кезінде Премьер-Министрдің орынбасары, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі, үш облыста әкім, Қазақстан Республикасының Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Парламентінің Мәжілісі спикерінің орынбасары болған көрнекті қайраткеріміз, оның інісі Хайрат та еліміздегі белгілі азамат. Қазақтың ежелгі ата дәстүрі бойынша кіші бала шаңырақтың иесі саналады, сол тәртіппен Фазыл Кәрімұлы қай қияда жүрсе де барлық Кәрібжановтарға қамқоршы болғаны белгілі. «Фазыл аға» атты кітабымды, әсіресе, «Заман сыры» атты поэмамды жазардың алдында Шарбақкөлдегі Жанан ауылындағы барлық ағайындардың Фазыл ағаға деген ризашылығында шек жоқ екеніне көзім жетті.

Бұл аудан Жұмабай Шаяхметов, Қошке Кемеңгерұлы, Фазыл Кәрібжанов, Жәнібек Кәрібжанов, Балташ Тұрсынбаев және басқа да айтулы азаматтарды берген атақты жер екен. Шарбақкөлдіктер байырғы ата жұртын қаншалықты сыйласа, Тәуелсіз Қазақстан да ол аймақтың түлектерін, әсіресе, ұлағатты асыл ұлдарын соншалықты құрметтеді. Соның арқасында көптеген шарбақкөлдіктер мен Омбы облысының басқа жерлерінен елге жеткен қазақтар баршылық.

Фазыл Кәрімұлы алғашқы бес сыныптық білімді ауылындағы мектептен алыпты. Шарбақкөл аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен, асыл анасының ақ батасын алып, ет жақын ағайын-туыстарының көмегімен Омбыдағы Рабфакқа 1929 жылы түсіп, 1933 жылы тәмамдапты. Бұл жылдарының үлкен сабағы: ауылда өскен зерек бала орыс тілін үйреніп, екі тілге бірдей таныс болып, екі халықтың да әдебиет, мәдениетіне деген ынта-жігер, ықылас-ұмтылысын молайтыпты. Рабфакты бітірген жылы Омбы қаласындағы Сібір ауыл-шаруашылық институтына оқуға түсіп, рабфактағы дайындығының арқасында бұл институттың барлық курстарында «өте жақсы» деген бағамен үздік оқыпты. 2009 жылы осы институтта болып, тамаша мәліметтер алғанда институттың құрмет тақтасындағы шәкірттерінің портреттерінің ішінде ағайынды Фазыл мен Жәнібек Кәрібжановтарды көргенде төбем көкке жеткендей қуандым. Орыстардың арасында өсіп, «мен қазақпын» деген ұлттық намыстарын жықпаған мінездері, туғалы жайлап өскен атамекендерінің бергені деп түйіндедім. Қасиетті Шарбақкөлді көргенде, ауыз суына керекті шағын көлді қорғап қойған ескі шарбақтың қалдықтарын да көрдім. Шағын қойнаудағы сол көріністе ауданның аты жатыр. Жанан ауылындағы қазақтардың мінез-құлқында ішкі намыстары мол бауырмалдық заты жатыр. Тап осы тебіреністі күндерде:

Ақ қайың, қарағайлы көркем жерді,

Ұшырған қанат байлап өңкей ерді.

Осы жұрт Шарбақкөлді біле ме екен,

Жебеген Жұмабай, Фазыл, Қошкелерді, –

деген екенмін. Жанандықтардың бір кереметі: маңайларындағы тап-тұйнақтай әсемделген үйлері, мұнтаздай етіп тазалап қойған көшелері бар орыс, неміс поселкелерінен өз ауылдарын кем ұстамайды екен. Екіншіден бір ұнағаны, «Біз Ресейге кірме емеспіз, Ермактың қуғынынан есен қалған өз атажұртымызда отырмыз», – деп ашық айтып, маңайындағыларды көндіріп алған екен. Міне, осының бәрі, әрине, жас Фазылға өз әсерін тигізді. Ұлтжандылықтың, атажұртын сүйгіштіктің бойына терең сіңгені де осы ауылдың бергені.

Ф.К.Кәрібжанов ауылшаруашылық институтын бітірісімен Омбы облысының Знамен­ский ауданында агроном-полевод болып 1938 жылы еңбек жолын бастапты. Көп кешікпей ол Көкшетау қаласындағы дәнді дақылдар тұқымын сұрыптайтын бөлімшеге меңгеруші ретінде жіберіледі, аз уақыт ішінде одан да жоғарылатылып, Петропавл қаласындағы тұқым сұрыптау учаскесіне директор болып тағайындалады. Оның бұл жерге келу сәтін осы мекеменің бұрынғы жетекшісі Петр Столяровтың қызы Римма Столярова әдемі баяндайды. «Әкем бізге жаңа бастық келді, деп хабарлады. Киімі жұпынылау, арықша денелі жас қазақ келді. Бірақ әрі қарай ол өзінің кім екенін білдіре бастады, сөзге жүйрік, ашық мінезді, өжет екен, әзіл сөзбен күлкіге де қандырды. Жұмысқа шын беріліп, қолының бос еместігіне қарамастан, Фазыл Кәрімұлы біздің үй ішіне көмектесе бастады, балалардың оқуына себі тиді, біздермен ойнауға да уақыт табатын болды», деп жазыпты. Ол кезде Римма алты жастағы бала, үлкен әпкесі Валентина 16-да, ал ортаншысы Лидия 14 жаста болыпты. Фазыл Кәрімұлы Столяровтардың отбасымен көрші бөлмеде тату-тәтті бірге тұрып, барынша көмегін аямапты. Ортаншы қызы Лидиямен тату жүріп, ерекше құрмет, көмек көрсетіп көңіл қосыпты. Ақыры, 1944 жылы екеуінің махаббаттары жарасып, шаңырақ құрыпты. Осылай Лидия Петровна қазақтың келіні болып шықты.

Ұлы Отан соғысы жылдары Ф.К.Кәрібжанов армияға алынбай, ел ішіндегі жұмыстарды атқарып, қажыр-қайратын аямай еңбектеніп, әр тамшы терін Жеңістің жолына адал таза арнады. Ф.Кәрібжанов басқарып жүрген Петропавл қаласындағы тұқым сұрыптау учаскесінің шыға­ратын дәнді дақыл тұқымы халық шаруа­шылығының табыстары көрмесінде жеңіп шығып, ВДНХ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды. 1941 жылы ол Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне нұсқаушы ретінде қызметке жоғарылатылады. Үш жылдың ішінде ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарыпты. Әне, соның нәтижесінде 1945 жылы Кәрібжанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне бекітілді. Ал, 1946 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ол жұмысқа ұсынылғанда берілген мінездемеде: «Орталық комитеттің аппаратында қызмет істеп жүрген кезінде Кәрібжанов жолдас өзінің сауатты, мәдениетті және белсенді қызметкер екенін көрсетті», делініпті. Бұл мінездемеге зер салсақ, айтылған сөздер жоннан түскен жоралғы сөз емес, шындықтан алынған орынды сөз екенін түсінеміз. Ол кездегі жалпы мамандармен салыстырғанда, әрине, Сібір ауыл шаруашылығы институтын бітір­ген маман көш жоғары тұрады. 1945 жылы Ф.Кәрібжановтың адал еңбегіне зор баға бере отырып, жоғары билік оны «Құрмет белгісі» ор­де­­німен марапаттады. Ол кезде тап осындай ор­денге ие болу зор табысқа жеткендіктің белгісі-тін.

Қарағанды облысындағы Ф.Кәрібжановтың әр күні ел үшін де, өзінің ұлты үшін де ең қажетті іске бөленді. Ол халық шаруашылығының барлық салаларын күрт көтеруге атсалысты, соғыстан кейінгі жылдар үшін бұл оңай шаруа емес еді. Екінші хатшының екпінді қызметі, ерекше еңбекқорлығы елеулі дәрежеге жеткізді. Қарсақбай, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды қарқынды кезеңдерін бастап, индустриялық Қарағандының дүбірін әлемге танытты. Ол кезде Қарағанды Көмір бассейнінде жаңа алты шахта іске қосылды, көмір өндіру ісі соғыстың алдындағы көлемінен 2,5 есе өсті. Қарағанды Қазақстанның индустриялық орталығына айналды. Атқарған ерен еңбегі үшін 1947 жылы Ф.Кәрібжанов екін­ші рет «Құрмет белгісі» орденінің иегері бол­ды. 1951 жылы ол облыстық атқару ко­ми­тетінің төрағалығына тағайындалса, дәл сол жылы Қазақстан Компартиясы Орталық ко­митетінің ауылшаруашылық бөлімінің мең­ге­ру­шілігіне бекітілді. Ал 1953 жылы Қазақ КСР-інің Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне та­ға­йындалды.

1954 жылы қаңтар-наурызда өткен КОКП Орталық комитетінің пленумында дәнді дақылдардың өнімін арттырып, Қазақстанда тың және тыңайтылған жерлерді игеру туралы әйгілі шешім қабылданды. Әрине, бұл оңай шаруа емес, алда тұрған қиындықтар, әсіресе, қазақ халқы үшін қатты соққы боларын біліп, тың игеруді тым болмаса екі этапта орындайық деген республика басшылары Орталық комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтен бастап қызметтерінен босатылып, төменгі орындарға жіберілді. Қа­зақ­­стан Компартиясы Орталық комитетінің 1-ші хатшылығына П.К.Пономаренко, 2-ші хат­шы­лығына Л.И.Брежнев, ауыл шаруашылығы жө­ніндегі хатшылығына Ф.К.Кәрібжанов сайланды. Ол тарихи кезеңдегі ең күрделі тарихи науқан тың игеру болғандықтан ауыл шаруашылығын бас­қаруға Фазыл Кәрімұлын тағайындау ең дұрыс шешім еді, қажырлы қазақ қадірлі таңдауға ілікті.

1956 жылы Қазақстан ең бірінші миллиард пұт астықты тапсырды. Ф.К.Кәрібжанов тың игеру науқанында басты жауапкершілікті атқарды. Тың игеру науқанындағы алғашқы штабты Л.И.Брежнев басқарғанмен, ол бұл жұмысты ауылшаруашылық саласының хатшысына тікелей тапсырды. 1955 жылдың аяғында Қазақстанда 631 совхоз болса, оның 337-сі бір жылдың ішінде жаңадан құрылған кеңшарлар, оларды тек қана ауылшаруашылық техникасымен жабдықтау емес, ондағы адамдардың қажетін у-шусыз орындау үлкен қиындықтар туғызды. Ф.Кәрібжанов қай қызметте жүрсе де ең басты мәселе – адамның мұқтажы деп білген ұстанымын тың игеру науқанында да жүзеге асыра білді. Сол үшін де оны тың игерушілер жоғары бағалады. Кәрібжанов маман, оқымысты-агроном ретінде жыртуға арналған жерлерді зерттеп, таңдап алып, іске жарату жолында үлкен білгірлігін танытты. Ол бұл жұмысқа сырттан емес, өз еліміздегі топырақ зерттеу мамандарын, жер таңдағыш, жер өңдегіштер мен агрономдарды, гидрогеологтарды жұмысқа қызу жұмылдырды.

Тың игерудің қазақ халқы үшін, әсіресе, ұлттық тілдің аясы тарылып, өзге халықтармен салыстырғанда сан пайызының төмендеуі сияқты қиындықтары аз болмаса да, Қазақстан астықты алқапқа айналды. Бүгінгі таңдағы жаңа техника мен технологияларды пайдалану арқылы «бүкіл одақтың» бұрынғыдай көмегінсіз біздің ел әлемдегі ең алдыңғы қатарлы астық өнімінің ордаларының біріне айналды. 2011 жылы тек қана Солтүстік Қазақстан облысы 9 млн. тонна астық берді. Тың игерудің ұлтымыз үшін әкелген кеселдері Тәуелсіздіктің арқасында өз зардабын азайтып келеді, бірақ тіл мәселесі әлі де алаңдатып отыр.

Тың игеру кезіндегі орасан еңбегі үшін Ф.К.Кәрібжанов Ленин орденімен марапатталды. Бұл Қазақстан ауыл шаруашылығының көш басындағы бас сардарының айқын танылғаны деп білеміз. 1957 жылы Ф.К.Кәрібжанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Қазақ ұлтының айтулы өкілі үшін бұл зор дәреже-тін, өйткені, ол кезде 1-ші хатшыны үнемі Мәскеуден жіберетін. Бұл жауапты жұмысты лайықты атқару жолында Кәрібжановтың ауыл шаруашылығының барша қыры мен сырын терең білетіндігі себін тигізді. Ал Қазақстанның индустриялық өрлеуін одан әрі алға бастыру үшін Қарағанды облысында алған тәжірибесі қанағаттандырды. Халықтың тұрмыстық, үй-жайлық, медициналық жағдайларын түзеу жолында жаңа екінші хатшы өзінің бар ынта-жігерін салды. Ел еңсесі көтеріле бастады.

Жаңа жұмыстың барысында жасынан әдебиет пен мәдениетке үйір болған Фазыл аға шығармашылық ұйымдарына, жазушыларға, суретшілерге, сәулет өнері мен мүсіншілерге көңіл аударуды ұлғайтты. 1958 жылы Алматы телестудиясы іске қосылды, бұл ол кездегі үлкен жаңалықтың басы-қасында Ф.К.Кәрібжановтың болғаны көпшілікке аян іс. 1958 жылдың 12 желтоқсанында Фазыл Кәрібжановтың «Правда» газетінде «Ұлы идеялар қанаттандырған мәдениет» атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбегінде ақ патшаға отар кезімізде бірде-бір театр болмағанын ашық айтты. Сонымен бірге, Қазақстанның өнер саласындағы жетістіктерін атап, кемістіктерінің жойылу жолын көрсетті. Осы мақаласында музыка зерттеуші композитор А.В.Затаевичтің қазақ халқының 2300 музыкалық шығармаларын жинақтап, музыкалық нотаға түсіргенін мақтаныш ретінде келтіріпті. Өйткені, Затаевичтің бұл еңбегі қазақ өнерінің зор байлығын бүкіл әлемге паш етті. Өзіндік өрісі бар музыка саласында қазақ халқының ерекшеліктерінің кең танылғанын деректі сөз етіпті.

Ф.Кәрібжановпен еліміздің ең ірі жазушылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және басқа да қаламгерлері өз туындылары жайлы ақыл-кеңес құрысып, Фазекеңнің әдебиет пен өнердің өркендеуіне арналған ойларымен тікелей байланысты болыпты. Мұхтар Әуезов: «Фазыл Кәрімұлына әбден сенуге болады, оның рухы биік, адамгершілігі зор, мейірбан һәм ыстық жүрегі бар. Осындай адамға кездескеніме қуаныштымын», – деп ағынан жарылыпты.

Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты алғашқы драматургиялық спектаклі сол кездегі идеологиялық жұмысты басқаратын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Н.Жангелдиннің қатты сынына ұшырапты. Қиналған Қалтай ағамыз Мұхтар Әуезовке барып хал-ахуалын баяндапты. Мұхаң: «Мен білсем, саған тек қана Фазыл Кәрібжанов көмектеседі, оны спектакліңе ертіп әкелемін», депті. 1959 жыл­ғы 6 сәуірде спектакльдің тұсаукесеріне Мұх­тар Әуезов, Фазыл Кәрібжанов екеуі және басқа лауазымды кісілер келіпті. Спектакль біткеннен соң оны талқылауға жиналғанда Фазе­кең: «Жарайсың, жігітім! Спектакль жақсы екен, өзі жастарға арналыпты, ал біздер сияқты қарттар үшін қашан жазасың? Қаламыңа нұр жаусын, қарыштай бер!», деп құттықтапты. Келесі күні барлық газеттер Қалтайдың шығармасын аспанға жеткізе мақтапты. Қалтай: «Оның рухани көмегі менің әрі қарай жалтармай қадам басуыма жол ашты. Қазақтың мәдениетінің алға басуын анық тілеген ол мен үшін кісіліктің эталоны еді», деп Фазыл Кәрібжанов жайлы артына аталы сөз қалдырған екен. Тап осындай өнер адамдарын қанатының астына алып, қорғай білген мысалдар аз емес. Ол тек мемлекет қайраткері, саясаткер ғана емес, үлкен адам, асыл кісі, зор тұлға екенін өнерсүйгіш ел алдында кеңінен, еш бүкпесіз таныта білді.

1960 жылдың наурызында Фазыл Кәрімұлы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте де ол өзінің бүкіл республика үшін және оның әр адамы үшін адал, таза жасайтын қызметін үлгілі түрде жүргізді. «Сайлаушылардың хаттарына жіті қараңыздар, оның ар жағында жеке тағдыр тұр, адам тұр», – деген сөзі қанатты сөзге айналды. Бұл сөзі жауапкершілігі күшті ресми жоғары орында қызмет істеп жүрген шенділерді рухани жауапкершілікке шақырғаны деп білемін.

Жоғарғы Кеңестегі лауазымы өте биік қызметте Фазыл Кәрібжанов көп істей алмады. 1960 жылдың 25 тамызында 48 жасында дүниеден озды. Қазақтың асыл перзенті, ұлтымыздың ұлағатты нар тұлғасы, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, адам үшін, ар үшін жаралған ұлы азамат дүниеден кенеттен өтті. Медициналық шешімдерде өкпенің ісігі (рак легких) делінген. Бұл қағазға түскен деректің ар жағында қазақтың талай асылдарын алып кеткен алғашқы атомдық жарылыстардың зардабы жатқанын зайыбы Лидия Петровна Хайрат Кәрібжановқа айтқан екен.

Фазекеңді Абай атындағы опера театрынан соңғы сапарға шығарып салған күні табиғат ызғар білдіріп, асылды жұтқан заманға аса қатал қабақ түйіпті. Ол кездегі көздері тірі Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмабек Тәшенев сынды ағаларымыз шын жүректен шыққан көз жастарын төгілдіре қоштасыпты. Фазыл Кәрібжанов Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркіндегі Мәңгі алаудың қасына жерленіпті. Бұл да ең зор құрметтің айқын белгісі болып көрінеді.

Атақты тарихшы академик Манаш Қозыбаев: «Фазыл Кәрібжановты өз заманының ұлы адамы ретінде бағалаймыз, көрнекті мемле­кет қайраткерінің республикамыздың эконо­ми­ка­сы­ның өркендеуіне қосқан үлесінің зор екенін ұмыт­паймыз», депті. Өте дұрыс айтылған. Фазыл ағаны халқымыздың ең алдыңғы қатардағы асыл перзенттерімен тең ұстауымыз ел парызы.

Кәкімбек САЛЫҚОВ.

АСТАНА.