• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Мамыр, 2019

Қостанайда медбикеге ескерткіш қойылды

1044 рет
көрсетілді

Қостанай қаласындағы Жеңіс паркінде соғыс кезінде ерлікті еске салатын, жас ұрпақтың бойынша патриоттық сезімді қалыптастыратын ескерткіштер аз емес. Солардың қатарын майдандағы медбикеге арналған ескерткіш толықтырды.

Жауынгерше киінген, басында пилоткасы бар, жанындағы иттің арқасына жауынгерлік сөмкесін артқан медбике жауына өжеттене қарап тұр. Бір қызығы, бұл ескерткішті ешқандай қоғамдық ұйым немесе жергілікті атқару органдары қойған жоқ, ауылшаруашылығындағы жәй кәсіпкер Бек Жүсіпов өзінің бастамасымен орнатты.

«Бұл бастама белгілі азамат Жанділда Мақанов екеуміздің ойымыз еді. Бірақ өткен жылы Жанділда марқұм болып кетті, енді мен осы ойды аяғына дейін жеткізуді мақсат еттім. Соғыста медбикелер өмір үшін ажалмен арпалысты. Талай солдатты аман алып қалды. Жеңістің жақындауына майданда ерлік көрсеткен апаларымыз бен әжелеріміздің зор үлесі болды. Олардың ерлігіне тағзым болсын деп, осы ескерткішті орнаттым» дейді Бек Жүсіпов. Ескерткіш пластиктен, Ақтөбе қаласында жасалыпты. Кәсіпкер оның бүкіл шығынын да өзі көтерді. Ескерткіштің тұғырына «Жеңіс үшін медбикелерге рахмет!!! Жүсіповтер-Мақановтар отбасыларынан және барлық халық атынын» деп жазылған.

Жеңіс мерекесі күні ескерткішке гүл шоқтарын қойған қостанайлықтар да көп болды.