• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Мамыр, 2019

Сәуле ауылындағы оқиға

1256 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында шоқ жұлдыздай шағын ғана Сәуле ауылында ақ түйенің қарны жарлған өнегелі оқиға орын алды.

Бұдан бірер жыл бұрын Сәуле ауылымен көршілес қонған Қойтас елді мекені үдере көшіп кеткен болатын. Көшкен елдің жұртында қалған Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішті сол елдің азаматы, кейін Сәулеге көшіп келген Сатай Айбатыров жаңа қонысына көшіріп әкеліп орнатты. Аталарына деген құрмет, аруаққа деген тағзым. Өнегелі іске осы елдің аптал азаматтарының бірі Айтмұхамбет Ғаббасов бастаған ауыл адамдары жұмыла кірісіп, ұйымшылдық танытты. Әсіресе, Бурабай аудандық электр желілері бөлімшесінің басшысы Азамат Арғынбаевтың еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Сондай-ақ, ел азаматтары Темірбек Смағұл, Нұрлан Сағынаев, Қуаныш Сағымбаев тәрізді азаматтар да бірліктерінің бекем екендігін аңғартты.  

Ескерткіштің ашылу салтанатын өткізуге селолық округ әкімі Уәлихан Бостанов пен ауыл  тұрғындары бірлесіп қаражат жинады. Ел ішіндегі Жамбыл Жақыпов, Болатбек Тілеукенов, Райыс Хамидуллин тәрізді кәсіпкерлер қомақты көмек көрсетті. Ескерткіштің маңайы абаттандырылып, гүл шоқтары қойылды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ермек Нұғыманов кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын дәл осындай еңселі істі еңсеру ел азаматтарының мықты ауыз бірлігін көрсететіндігін, бұл ең алдымен ел қорғаған ерлердің аруағына деген құрмет екендігін тереңнен толғап тебірене айтып берді. Аруақтарға бағышталып құран оқылды, майдангерлер ерлігін паш ететін мазмұнды концерт қойылды.

Ендігі арада Сәуледегі  майдангердің абзал есімдері жазылған әйбат ескерткіш жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас ұрпақтың көкірегіне сәулесін шашып тұратын болады.

 Біржан сал ауданы,

Ақмола облысы.